– Қазір еңбек нарығында жаңа тренд қалыптасқандай. Сіз тағылымдама туралы кімнен және қашан естідіңіз?
– Тараз қаласындағы №54 орта мектепті тәмамдап, «Түркия гранттары» бағдарламасы бойынша Ыстанбұл университетіне оқуға түстім. Түркияда қос мамандықты қатар оқу мүмкіндігі бар. Мен халықаралық қатынастар мен бизнес әкімшілік мамандықтарында оқыдым.
Университеттегі достарымнан тағылымдама туралы жиі еститінмін. Сабақтан тыс уақытта тағылымдама мәселесін белсенді талқылайтын. Қазақстанда тәжірибе оқу бағдарламасында қарастырылған болса, шетелдік университеттерде студент тағылымдамадан өтетін құрылымды өзі тауып, өзі белгілейді. Сондықтан да бұл студенттер үшін өзекті әрі сүйікті тақырып. Тағылымдаманың әдеттегі оқу тәжірибесінен айырмашылығы көп емес, бірақ форматы басқа. Оқу бағдарламасынан тыс болғандықтан өтетін мерзімі де студенттің құзырында. Бұл оларға қосымша жауапкершілік жүктейді десем болады. Өйткені сабақ кезінде тағылымдамадан өтетін студенттер уақытын тиімді пайдалануға тырысады, уақыт менеджментін үйренеді.
– Алғашқы тәжірибеңізбен бөліссеңіз?
– Басында менде тағылымдама қажет деген ой болмаған-ды, басқа студенттерден естіген соң қызыға бастадым. Алғашында Samsung сияқты алпауыт корпорациялардан тағылымдамадан өтемін деп ойладым. 3-курста оқып жүргенімде Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігіне хат жазып, тағылымдама туралы ұсыныс білдірдім. Қазақстан елшілігі ондай хабарландыру жарияламаса да, өзім жаздым. Бұл жерде студенттің белсенді болғаны дұрыс. Яғни келер мүмкіндікті күтіп отырмай, өзі ізденгені әлдеқайда пайдалы әрі жемісті.
Мен тағылымдамадан өтуге ықылас білдірген елшіліктегі алғашқы студент болдым. Тағылымдама барысында шетелдегі мемлекеттік құрылымдардың, дипломаттардың жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым. Онда Қазақстанға инвестиция тарту бойынша жұмысқа араластым. Корейлік инвесторларға ұсыныстар, жобалар дайындадық. Онымен қоса, білікті мамандармен танысып, достар таптым.
Ал 4-курстан кейін Turkish Airlines әуе компаниясында тағылымдамадан өтуге қабылдандым. Бұл алпауыт компания болғандықтан, студенттерге тәжірибеден өту мүмкіндігін қарастырған. Алғашқы тағылымдамам мемлекеттік қызметпен байланысты болса, екіншісі бизнес, маркетинг саласында болды. Екеуі екі түрлі бағытта жұмыс істейтін, мақсаты да, міндеті де басқа ұйымдар. Бұл маған өзімді тануға, қай салада икемді екенімді түсінуге жол ашты. Түркиялық корпорацияның маркетинг бөлімінде жұмыс істедім. Құрылымның 10 шақты ғимараты бар, өте үлкен. Орысша білгендіктен мен ресейлік нарықты зерттеуге атсалыстым.
– Тағылымдама мүмкіндігін ұсынатын құрылымдарды қалай табуға болады?
– Негізінен, бұл да оңай емес. Арнайы тегін сайттарға кіріп, әрбір жұмыс берушіге жеке хат жазасыз. Алайда тыңғылықты ізденіс міндетті түрде өз нәтижесін береді. Мен соңғы жұмысымды тапқанша 20-30 компанияға хат жаздым. Олардың бесеуінен қабылданғаным туралы жауап келді. Олардың ішінде өзіме ыңғайлысын, ұнайтынын таңдадым. Неғұрлым көп хат жазсаңыз, ұсыныстың да саны соғұрлым көп болуы мүмкін. Сәйкесінше, таңдау құқығы да болады.
Жалпы, көп университет Erasmus атты халықаралық бағдарламамен серіктес. Аталған бағдарлама студенттерге шетелдік университеттерде оқуға, түлектерге оқуын аяқтағаннан кейін 1 жыл тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Яғни жас маман тағылымдама арқылы үлкен компанияларда өзін көрсетіп әрі қарай жұмысқа қала алады. Бағдарлама шәкіртақы жайын да қарастырған. Компания жұмыс ақысын төлесе де, 2-3 ай бойы 600 еуро көлемінде шәкіртақы аласыз. Тағы бір ескеретін жайт, жұмыс берушіні үміткердің өзі табады.
– Еуропалық компанияда тағылымдамадан өткеніңізден хабардармыз. Ол жақта қандай қызмет атқардыңыз?
– Университетті аяқтап, дипломымды қолыма алған соң еуропалық компанияларда бағымды сынап көрмек болдым. Ал Еуропа елдерінде өз мамандығың бойынша бірден жұмыс табу қиын. Сондықтан төте жолын іздедім. Түрлі компанияға хат жазып, ұсыныстар арасынан IT мен айналысатын нидерландық стартап компаниясына тоқталдым. Ол жерде де нарықты талдаумен айналыстым.
Компания маған ай сайын 800 еуро жалақы төледі. Жұмысқа қатынайтын велосипед сатып алып берді. Нидерландқа келетін құжаттардың барлығы, виза шығынын көтерді. Алғашқы күндері кешкі ас ұйымдастыратын. Одан басқа түрлі әлеуметтік жобалар өткізетін. Тағылымдамалар жоғарыда айтылған бағдарлама шәкіртақысынан бөлек 400-800 еуро көлемінде айлық төлейді.
– Тағылымдамалардан нені үйрендіңіз? Бірден жұмысқа кірмей, тәжірибе жинаудың қандай пайдасы бар?
– Қазіргі заманда тағылымдама жақсы шешім. Бұл кезең жас маманның өзінің қабілетін тануға, ойын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бізде оқу орнын бітірген адам бірден жұмысқа тұру керек деген ой қалыптасқан. Ал қазіргі еңбек нарығында керісінше эксперименттер жақсы нәтижеге бастау болады. Қайта мұндай мүмкіндік барда балама мүмкіндіктерді пайдаланған дұрыс. Бағдарлама шеңберінде виза, жұмыс істеуге рұқсат алу оңай. Әртүрлі елдердегі жұмыс өтілі сіздің біліміңізді тереңдетіп, танымыңызды кеңейте түседі. Бір мәселеге түрлі призмадан қарауды үйренесіз.
Әлбетте, жұмысты жиі ауыстыру – тұрақсыздықтың белгісі. Дегенмен, оқу бітірген жас маман бұған «қай салада жұмыс істегім келеді?» деген сұрақтың жауабын табатын кезең деп қарағаны жөн. Мемлекеттік секторды, халықаралық компанияларды, қоғамдық қорларды да қарастыру керек. Мен халықаралық компанияларда жақсы жұмыс істей алатынымды, корпоративті атмосферада пайдам көбірек тиетінін түсіндім.
Жұмыс беруші ретінде ойлайтын болсақ, алдыңызға бірнеше адам келгенде еуропалық жұмыс тәжірибесі бар үміткердің қызықтырары сөзсіз. Ол жаңа идеялармен, мүлдем қолданылмаған әдістермен келуі мүмкін. Бұрын-соңды жұмыс істемесем де, тағылымдамалардың арқасында жақсы тәжірибе жинақтадым. Жақында Қазақстандағы ірі шетелдік компанияға жұмысқа орналастым.
Басқа елдегі бизнес жүргізу дәстүрін үйрендім. Одан бөлек корпоративтік мәдениетті түсіндім. Әр елдің салты басқа болған соң, шетелдегі қызметкерлердің өзара қатынасы да бізден басқа болатыны анық. Нидерландық компаниялардың көбінде иерархия жоқ. Басшылық қызметкермен бір деңгейде қарым-қатынас түзейді.
Жұмысқа теориядан бөлек адамдармен қарым-қатынас құру, бірігіп жұмыс істеу сияқты машықтардың да қажет екеніне көзім жетті. Мұны университеттегі теориялық сабақтарда үйрете бермейді. Адамдардың алдында сөйлеудің де қажеттілігін түсініп, біліктілігімді арттыра түстім.
– Тағылымдамадан өтемін деушілерге қойылатын басты талап қандай?
– Үміткерге қойылатын ең басты талап – тіл.
Шетелде жұмыс істеу үшін де, оқу үшін де қажеті – тіл білу. Әр компанияның өз талабы болады ғой. Бірақ өз мамандығыңызға қатысты ұсыныстарды тауып, тіл білетініңізді, жұмысқа ынтаңызды көрсетсеңіз жетеді. Мен соңғы компанияға бірнеше тіл білетінімді айтып, оларға нарыққа талдау жасай алатынымды көрсеттім. Яғни мен бір өзім Қазақстан, Ресей, Түркия нарығын зерттей алатын маман екенімді дәлелдедім. Сәйкесінше, үш елдің нарығы туралы ақпарат бердім.
– Нидерланд халқынан не үйрендіңіз?
– Нидерландықтар қоршаған ортаға зиян келтірмеу керек деген принциппен өмір сүреді. Мен де экология туралы тереңірек ойлана бастадым, көзқарасым өзгерді. Мәселен, қоқыс сұрыптауды әдетке айналдырдым, велосипедпен жүруге көштім. Кәсібиліктен бөлек, адами қасиеттерім де жақсы жағына өзгерді деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»