Қоғам • 10 Маусым, 2020

"Отбасының әлеуметтік картасы" 1500-ге жуық отбасының тұрмысын жақсартты

824 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асыратын "Отбасының әлеуметтік картасы" жобасы аясында бір жарым жыл ішінде шамамен 1 500 отбасы күрделі және дағдарысты жағдайдан шығарылды, - деп хабарлады ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

"Отбасының әлеуметтік картасы" 1500-ге жуық отбасының тұрмысын жақсартты

Бүгінгі күні жобамен Қазақстан халқының 100%-ы қамтылған. Оның аясында адам индивид ретінде емес, тұтастай отбасын қоғамның бір бөлшегі ретінде қарастырылады. Осы сәтке дейін мұндай тәсіл мемлекеттік органдардың бір де бір ақпараттық жүйесінде болған жоқ. Отбасының әлеуметтік картасы 24 ақпараттық жүйеден 8 мемлекеттік органның автоматтандырылған деректері негізінде отбасының нақты статусын дәл айқындауға мүмкіндік береді. Одан әрі өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға өмір сүру деңгейін арттыру үшін әлеуметтік қолдаудың түрлі шаралары көрсетіледі.

"Жоба әкімдіктерге белсенді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз, отбасының көмекке жүгінуін күтпестен, оны өз бетінше ұсыну. Мысалы, 2019 жылы отбасының әлеуметтік картасының арқасында 12,7 мың адам жұмысқа орналасты, 68,8 мың азамат медициналық ұйымдарға тіркелді, 72,9 мың бала білім беру ұйымдарына белгіленді. Осы және басқа да шаралармен бірге 2019 жылы 505 отбасының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік туды. 2020 жылы 951 отбасы күрделі және дағдарысты өмірлік сүру деңгейінен шығарылды", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.

Естеріңізге сала кетейік, отбасының әлеуметтік картасы Қазақстан азаматтарының әл-ауқатының индексін тиімді бақылауға мүмкіндік береді және ол шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігі туралы ақпаратты қамтиды. Ағымдағы жылы оны одан әрі жаңғырту жоспарлануда.