Аймақтар • 10 Маусым, 2020

Оралдық азамат прокуратура алдында өзін өртемек болды

393 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, 10 маусым күні Орал қаласының тұрғыны, 32 жастағы Данияр Инжиғалиев Орал қалалық прокуратурасы алдында өзін өзі өртеуге әрекет жасады, - деп хабарлайды Egemen.kz

Оралдық азамат прокуратура алдында өзін өртемек болды

Бірнеше адаммен бірге қалалық прокуратура ғимаратының алдына келген Данияр Инжиғалиев тікелей эфирге қосылған камера алдында "өзін жергілікті полиция қызметкерлері негізсіз қудалап жүргенін, 7 жылға қамау немесе 3 жылға дейін үй қамағына алуы мүмкін екенін, бірақ өзіне қатысы жоқ іс бойынша жаза тартқысы келмейтінін" айтып, қойнына қысып келген пластик бөтелкедегі жанғыш сұйықты өз үстіне құйып жіберген. Сосын олай жасамауын сұрап араша түскен адамдардың әрекетіне қарамастан оттығын тұтатып, өз үстіне от қойған.

Абырой болғанда оқиға орнына жетіп үлгерген полиция қызметкерлері Даниярдың киімін шешіп, өзін құтқарып үлгерді. Алдын ала мәлімет бойынша Даниярдың мойны, қарын тұсы, қолдары күйген. Қалалық ауруханада оған дәрігерлік көмек көрсетілген, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ деп хабарлады ресми орындар.

Орал қалалық прокурорының орынбасары Артур Шоқпанов Д.Инжиғалиевтің үстінен "алаяқтық" және "билік өкілін балағаттау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, бірақ ол өзіне тағылған айыптан құтылу, жауапкершіліктен жалтару үшін бұған дейін де "өзімді өзім өлтіремін, өртеймін" деп қорқытқанын мәлімдеген.

 

Батыс Қазақстан