Бұл тұрғыда елімізде бірқатар мәселелер қолға алынғанымен, экологиялық ахуалды жақсарту ісінде шешімін таппаған түйін әлі де жеткілікті. Айталық 2019 жылдың орта шенінде Nonеws веб-сайтында Numbeo статистикасына сәйкес қоршаған ортаның ластану деңгейіне қатысты әлем елдерінің рейтингі жарияланды. Осы рейтингте Қазақстан әлемдегі 109 елдің ішінде 25-орынды қанағат тұтыпты. Бұл елімізде төмен экологиялық ахуал қалыптасып отырғанын көрсетеді. Мұның себебі неде? Бұған дейін жүргізілген зерттеулер еліміздегі шаруашылық жүргізуші субъектілер өз қызметтерін атқару кезінде экологиялық талаптар мен заңдылықтарды орындауға енжарлық танытып келгенін дәйектейді. Мұндай жағымсыз жайт өз кезегінде аталған мәселені реттеудің төмен деңгейіне әкеліп соқтырған.
Сонымен бірге қоршаған ортаның ластануының жоғары деңгейіне қазіргі қолданыстағы Экологиялық кодекстің солқылдақтығы да ықпал еткені байқалады. Эколог-мамандардың мәлімдеуінше, елдің басты экологиялық құжаты бір ғана «өзін-өзі бақылау» және «қалдық қаржыландыру» қағидаттарына негізделіп келді.
Осы жылдар ішінде аталған кодекске «әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында» 64 рет түзету енгізілгені де еліміздегі зиянды қалдықтар шығаратын ірі кәсіпорын иелерінің аяқтарын алшаң басуына қолайлы жағдай туғызды. Оның басым бөлігі 2015-2018 жылдар аралығында жасалған екен.
Бес жыл бұрын Кәсіпкерлік кодексі қабылданған кезде де экологиялық бақылау талаптары едәуір төмендетілген. Сөйтіп әлеуметтік-экологиялық маңызы жоғары шаралар субъектіге бармай-ақ бір ғана профилактикалық бақылаулар жүргізумен ауыстырылған. Осы уақыт аралығында кәсіпкерлерге салынатын әкімшілік айыппұл мен арыз мөлшерін едәуір мөлшерде төмендету мәселесі қайта қаралған. Бұған қоса айыппұл төлеуге жататын ластаушы заттар тізілімі де қысқартылды. Осылайша, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң еліміздегі ауаны ластаушы кәсіпорын иелері экологиялық талаптарды белден басуды әдетіне айналдырды. Аталған кереғар көріністің еліміздің жетекші индустриялы аймағы Ақтөбеге қатысы жөнінде облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов жеткізді.
– Бұдан он жылдан астам уақыт бұрын, яғни 2008-2009 жылдары тек Ақтөбе облысы бойынша қоршаған ортаны ластағаны үшін жиналған төлемдер сомасының көлемі шамамен 20 млрд теңгеге жақындап қалатын-ды. Әйтсе де 2019 жылы облыстық бюджетке түсетін айыппұлдар мен төлемдер мөлшері екі есеге дейін төмендеп, небәрі 9 млрд теңгені құрады. Мұны табиғат пайдаланушылардың экологиялық талаптарға немқұрайды қарауының салдары десек, қателесе қоймаспыз, – деді ол.
Әрине, мұндай жағдай өңірдегі ірі кәсіпорындарда қоршаған ортаға эмиссияны азайту және өндірісті жаңғырту жұмыстары мүлдем жүргізілмеген дегенді білдірмейді. Облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі Ақтөбе хром қосындылары зауыты 2001 жылдың өзінде коммерциялық өнімдерге арналған шикізат өндірудің тың технологиясын енгізген еді. Осылайша монохромит тұнбасын шламды тоғандарға орналастыруды төрт есе азайтуға жол ашылды. Сонымен бірге алты валенттік улы хром құрамы алты есеге дейін төмендетілді. Әрі атмосфералық ауаға канцерогенді қосылыстар мен кальций хромдары шығарылуын болдырмаудың таптырмас мүмкіндігі жасалды. Арада үш жыл өткен соң іргелі кәсіпорын ISO14001 талаптарына сәйкестік сертификатына қол жеткізді.
Мұндай оң мысалды Дөң тау-кен байыту комбинатына қатысты айтуға да болады. Мұнда артық және қуыс жыныстарды пайдаланылған каръерлерге орналастыру технологиясы енгізілді. Оның көмегімен қоршаған ортаға теріс әсерді едәуір көлемде төмендетуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ өңірде «Жасыл экономиканы» орнықтыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы экологиялық ахуалды сауықтырудың бір жолы ретінде қарастырылған. Оны өңір жаңашылдары италиялық инвесторлармен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Былтыр Қарғалы ауданында қуаты 48 мегаваттық жел-электр бекетінің алғашқы кезеңі іске қосылды.
Әйтсе де жоғарыда айтылғандай, өңірдегі саусақпен санарлықтай кәсіпорындардың экологиялық нормативті толық жүзеге асыру жөніндегі қапысыз қадам-қимылы жүздеген ірі және орташа кәсіпорын шоғырында аздық ететіні де аян. Сол себепті Ақтөбе облысының экологиялық жағдайы күрделі күйінде қалып келеді. Өйткені өңір аумағында ауаны ластаушы зиянды заттар көлемі жылдан-жылға өсуде. Бұл тұрғыда Ақтөбе өңірлер арасында төртінші орында тұр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр облысқа келген сапарында орын алған экологиялық проблемаларға баса назар аударған болатын. Экологиялық проблемаларды шешудегі басты тетіктердің бірі – қоршаған ортаға теріс әсерін тигізетін факторларды барынша төмендету. Өңірде істің осы тұсы екі аяғын тең баса алмай тұр деуге болады. Бұл тұрғыда соңғы жылдары заңды тұлғалар өз қадамдарын қоршаған ортаға зиян келтіретін пайдамен өлшеп жүргендері өкінішті-ақ.
Экологиялық қарым-қатынастарды тұнығы лайланбаған қоршаған ортаны ластағаны үшін төлеген ірі көлемдегі айыппұл ақшасымен өлшеуге мүлдем болмайды. Ақиқатын айтқанда, қоршаған орта Ата заңымызда көрсетілгендей – мемлекетіміздің басты байлығы. Бейнелеп айтқанда, бұл – ұлт денсаулығының кепілі. Мәселен, соңғы кезде медицина мен денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру көлемін көтеру қажеттігі жөнінде жиі айтыла бастады. Дұрыс-ақ, бұл – құптауға да, қолдауға да тұрарлық мәселе. Сонымен бірге бұрын болмаған ауру түрлерінің өсуіне қандай құбылыстардың әсер еткені ұдайы назарда тұрса, ұтылмас едік. Яғни эколог-ғалымдар аурудың 30 пайызы қоршаған ортаның ластануымен байланысты болатынын мәлімдеп отырған жағдайда, айтылған жайттың өзектілігі тереңдей түспек. Бүгінде ел азаматтары Парламентте талқылау сатысында жатқан жаңа Экологиялық кодекстен үлкен үміт күтеді.
– Мұнда атмосфералық ауаға жіберілген зиянды заттар мен қалдықтарды барынша төмендету үшін ең озық технологияны қолданған отандық және шетелдік компанияларды экономикалық тұрғыдан ынталандырудың тиімді тұтқалары қарастырылған. Сонымен бірге экологиялық кодекс жобасында кешенді экологиялық рұқсат ала алмаған кәсіпорындар үшін төлемдердің едәуір өсуі белгіленген. Сондай-ақ экология саласында орын алған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату мәселелері де кеңінен көрініс тапты. Жаңа экологиялық кодекс жобасындағы мүндай өзгерістер еліміздегі бірқатар алпауыт кәсіпорын иелеріне ұнамауы мүмкін. Сондықтан олар бұл кодекстің қабылданбауына мүдделі болуы ғажап емес. Дегенмен жаңа кодекс еліміздегі күрделі экологиялық проблеманы реттеуге оң ықпалын тигізе алатынына сеніміміз мол, – дейді Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов.
Шын мәнінде, жаңа экологиялық кодекс еліміздегі қоршаған ортаны ластайтын ірі кәсіпорындардың жауапкершілігін көтеруге ықпалын тигізіп, экологиялық мәдениеттің өсуіне оң әсерін тигізетін болса, ел-жұрттың тілегі қабыл болғаны емес пе?!
АҚТӨБЕ