Ең қысқа әңгіме • 11 Маусым, 2020

Суырлы тау

2637 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертеде моңғолдар мекен еткен Тарбағатай тауының Суырлы тау аталуының бірнеше мағынасы бар. Суырлар көп мекендеген өлкені сол кезде жоңғар­лардың мекені болғандығына байланысты, суырлардың шыңғырған да­уысы жоңғарларға маза бермегендіктен, сондай-ақ суыр терісінен тігілген бөрік кигеніне байланысты «Суырлы тау» атаған деседі. Негізінен Тарбағатайдың ежелгі атауы Барқытбел болған екен.

Суырлы тау

Суырлы таудың бүгінге дейін сіз бен біз білмейтін қыр-сыры көп. Тамылжыған табиғат сұлулығы өз алдына бір төбе. Ежелгі қыпшақтар оны «Кө­гілдір тау» атаған деген дерек бар. Алыстан қара­ған­да жоталары жолбарыс жонындай болып жататын тау баты­сында Алакөл, шығысында Сауыр-Сайқанға дейін созылып жатыр. Жалпы ұзындығы 300-350 шақырым болса, ені 30-50 шақырым.

Тарбағатай жотасы солтүстігінде Зайсан көлінің бассейніне, оңтүстігінде Алакөл, Сасықкөл және Балқаш көлдеріне тиесілі өзендердің су айрығы болып табылады. Бұдан бөлек жоталардың сай-саласын, қойнауларын қуалай ағатын Боғас пен Базар, Шорға мен Еспе, Тайжүз­ген мен атақты Қандысу, Құсты, тағы бас­қа үлкенді-кішілі өзендердің біразы жамырай кеп жайсаң көл Зайсанға құяды. Марал мен Тастау құздарының екі қайнарынан оңтүстік-батысқа қарай ағатын Үржар – оңтүстік баурайдағы ең үлкен өзен. Үржар өзені жотаның қалған бөлігіндегі суды жинайды және толық ағынды өзен болып Алакөлге құяды. Оның ірі саласы – Құсақ, Егінсу, Ақтас өзендері. Ал оңтүстігінде Теректі, Үржар, Жалаңаш, Көлденең, Шолақтерек, Қусақ сынды өзендер тау­дың етегіндегі күзет аймағының егіс­тіктерін суару үшін кетеді.

Егер оның солтүстік жағын Тарбағатай жотасының батыс сілемдері Қарауылтөбе, Ақтас (1316 м) және Ақшәулі (1618 м) таулары алып жатса, оңтүстік жағын Тарбағатай жотасының оңтүстік ұсақ шоқылы беткейі мен Алакөл ойысының солтүстік бөлігі, ал оңтүстік-шығыс бөлі­гін Бармақ құмы мен Қосай шағылы, Көрпебай (568 м), Бақты (1273 м), Арқалы және Арасан таулары алып жатыр. Осыған байланысты ауданның жер бедері солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай едәуір еңіс келеді.

Тарбағатай жотасының ең биік жерлері Тастау (2992 м) мен Атбас  (2263 м) таулары және Тікжолдана, Қызасу, Ақшоқы, Кіші Сырғанақ асулары орналасқан. Тарбағатай жотасы далалы және шөлді аймақта орналасқандықтан, мұндағы өсімдіктер жамылғысы басқа таулы аймақтарға: Солтүстік Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Алтай тауларына қара­ған­да айтарлықтай ерекшеленеді.

Тарбағатай тауының ормандары, сарқырап аққан өзендері, жайқалған құнарлы жайылымдары, жортқан аңы мен ұшқан құстары, жер қойнауындағы ал­тын, күміс, мыс, қалайы, мырыш, тағы бас­қа да қазба байлықтары адам баласын ежелден-ақ өзіне тартқан. Мұны ал­ғаш­­қы адамдардың мекенжайлары, қола дәуі­­ріндегі кен шығару орындары, тас­­тар­­ға салынған өрнек-бедерлері, тас су­рет­тер мен таңба белгілері дәлелдеп отыр. Тар­ба­ға­тай жоталарындағы тасқа қа­шал­­­ған тамаша кескінді бейнелер біз­дің за­маны­мызға дейінгі бірінші мыңжыл­дықта осы өңірді мекендеген көшпелі тайпа­лардың тіршілігі, ұғымы, алғашқы жазу түрлері жөнінде жан-жақты хабардар етеді.

 Аймақтағы өсімдіктер түрлерінің құрамы мен таралу ерекшеліктері биіктік белдеулер бойынша айтарлықтай өзгеріп отырады. Жотаның оңтүстік беткейінде бұталы өсімдіктер: итмұрын, тобылғы және ырғайдың бірнеше түрі өседі. Жотаның солтүстік беткейінде орал миясы мен арша секілді өсімдік түрлері кездеседі. Бұлардан басқа шайқурай, киікоты, қазтабан, бүлдірген, теңгежапырақ, сүйелшөп және т.б. өсімдік түрлері кең таралған. Жотадағы жиі кездесетін шөптесін өсімдіктер: уқорғасын, мия, тарғақшөп, күреңот. Жалпы, мұнда флораның 1640 түрі өседі.

 Табиғатының ерекшелігі, сарқырап аққан бұлақтары, тауының басынан теріскей бетіне қарай қарағай, қайың, тал, терек, күнгейіне қарай арша, алтын тамыр, еңлікгүл, рауғаш сынды шөптер кездеседі. Жалпы, енді табиғаты сондай көркем. Тарбағатайдың ең биік шыңында алты ай жазда қар жатады. Аң-құсқа келетін болсақ, мұнда сілеусін, суыр, марал, қоңыр аю, арқар, елік кездеседі. Тар­бағатай – табиғаты аңға да, құсқа да, пайдалы өсімдік-шөпке де бай тау.

Жоңғар Алатауы мен Алтай секілді Тар­бағатай жотасы да мұхит кеңіс­тігі­нен алшақ жатыр, осыған орай оған «құр­лық­тық» климат тән. Ауданның климаты өте құ­был­малы. Ауаның орташа айлық темпе­ра­турасы шілдеде максимумға жетеді (оңтүс­тік беткейінде +22.2ºС, +23.2ºС тең, ал солтүстік және батыс беткейде +21.2ºС). Ең ыстық ай шілде, кейде тамыз ай­лары­на сәйкес келеді. Ертеде моңғолдар суыр­лы тау деп атап кеткен Тарбағатай бүгін­де ұш­қан құс пен жортқан аңның мекеніне ай­налған, тасы тарғыл, тарихы терең, та­би­ғаты тамаша Тарбағатайдың ас­пан­мен та­ласқан биік-биік шыңдары, тау биі­гі­нен құлап аққан сарқырамасы мен мөлдір бұлағы, ну орманы көңілге қуа­ныш ұялатып, ерекше сезімге бөлейтін таби­ғат­ты болашақ ұрпаққа қаз қалпында жет­кізу  – «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық та­би­ғи паркі қызметкерлерінің басты міндеті.

 

Айгерім ШӘРІПҚАНОВА,

«Тарбағатай» МҰТП Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері

 

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45