Экономика • 11 Маусым, 2020

Кооперациялар агроөнімді көбейтеді

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Статистика мәліметтеріне қарағанда 2018 жылдың 1 қаң­тарына дейін елімізде 62 мың адамның басын бірік­тір­ген 2849 кооператив тіркеліпті. Алайда құрылған кооперативтердің проблемалары да жетерлік. Осыған байланыс­ты агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда қолданып жатқан мемлекеттік бағдарламаны өзектендіру мақсатында алты негізгі бағыт анықталды: еңбек өнімділігі, өнімнің бәсе­к­­еге қабілеттілігі, техникалық жабдықтар, білімі, өнімді сату­дан түскен табысы, үстеме шығыстарын салыстырмалы түр­де қолданып, нысаналы жұмыс істеуші индикаторларды ауыс­тырып тұру қажет.

Кооперациялар агроөнімді көбейтеді

Өндірістің тиімділігін арт­ты­рудың негізгі құралы коо­пе­рацияның екі тетігі болып саналады: көлденең кооперация және тік (зәкірлік) кооперация. Зәкірлік кооперация ұсақ және орта шаруа (фермер) қожалықтарының және олар құрған кооперативтердің қайта өңдеу кәсіпорындары мен жүйе құраушы кәсіп­орын­дардың әріптестігін көздей­ді. Кооперативтер қауым­дас­тықтарды немесе одан да үлкен кооперативтерді құра алады. Жеке қосалқы шар­уа­­­шылықтар, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік, шаруа және фермер қожалықтары нысан­дары да кооперацияға қаты­са алады. Мұндай модель­дер­дің табыстылығы сүт коопе­ративтері бойынша әлем­дік тәжірибе үлгілерімен расталады. Мысалы, Жаңа Зеландия, Голландия, Швеция, Дания, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның ұсақ және орта фермерлері ірі кооперативтерге бірігіп, өзінің тиімділігін арттырды және нарықтарды жаулап алды. Таңдалған бағыттың дұрыстығын мың­да­ған фермерлерді біріктірген Фронтер, Эрал Фудс сияқ­ты ауыл шаруашылығы коопе­ративтерінің, яғни, әлем­дік алыптардың табысты тәжіри­бе­сі көрсетті.

Қазақстанның агро­өнер­­­кәсіп­тік кешенінде агрок­о­о­перацияны дамыту бағ­дар­ламасын іске асыру құ­рал­дарының бірі – ірі тауар өндірісін ұйым­дас­тыруға жобалық тәсілді қол­дану бо­лып табылады. Осындай жобалық тәсіл ретін­де «Senim» бағдарламасы шең­бе­рінде Алматы және Жамбыл облыстарының мал шаруа­шылығы бағытындағы 150 фер­мерлік және шаруа қо­жа­­лықтарын біріктірген «Qa­zaqonimexport корпора­ция­­сы» АӨК құрылды. Кор­по­рация Қазақстанда алғаш рет фермерлерді экономикалық ынта­ландырудың жаңа теті­гін енгізуде. Бүгінде «Qazaq­oni­mexport корпорациясы» АӨК «Omrani» компаниясымен «Senim» бағдарламасын инвестициялау үшін алдын ала келісімшартқа отырды. «Omrani» компаниясы – бұл штаб-пәтері Иранда орналасып, Дубайда және Маскатта бірнеше кәсіпорыны тіркел­ген, бизнестің түрлі салаларында үш жылдық жұмыс тәжірибесі бар көпұлттық бизнес-топ. Сондай-ақ Ре­сейдің «Каравай-Дружба» ЖШҚ компаниясымен ірі қара малды 10 мың басқа жеткізуге келісімшарт жасас­қан.

«Senim» бағдарламасы – табынның өсімін молайтуды қамтамасыз ету мақсатында шет елдерден келген асыл тұ­қымды ірі қараны одан әрі шаруашылықтарға сенім­гер­лік­пен 100-200 бастан басқаруға береді, сондай-ақ алынған бұқашықтар, жарамсыз аналық мал басы қарқынды бордақылауды қамтамасыз ету үшін бор­дақылау кешендеріне беріледі. Бордақыланған кон­ди­циялық мал басы ет комби­на­тына өн­дірістік мал сою­ға жібе­ріледі. Әкелінген сиыр­лар­­дан алынған қашарлар асыл тұқымды өндірісте шоғыр­ланып, таза аналық бас контин­гент­і құрылады.

Осылайша, фермер сиыр етін экспортқа шығарудың бірың­ғай ұйымдастырылған тізбе­­гіндегі зәкірлік буыны болып, мал басын көбейтетін (репродук­торлар) аналық мал басын, сондай-ақ, бордақылауға арналған бұқашықтармен қамтамасыз ету үшін зәкірлік шаруашылықтар саналады. Бұл бағдарламаның басты артықшылығы – фермерлерді ет өнімдерінің экспортын арттыру және «2018-2027 жылдарға арналған ет өндірісін дамыту» ұлттық бағдарламасын орындау, жаңа жұмыс орындарын ашып, өткізу нарығын кеңейту жолымен фермерлер табысын өсіру.

 

Жеңісбек СҮЛЕЙМЕНОВ,

Алмасбек БАЙШЕКЕЕВ