Аймақтар • 11 Маусым, 2020

Мақтааралда 800-ден астам жергілікті тұрғын құрылыста жұмыс істеп жүр

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мақтаарал ауданында су басқан елді мекендердің тұрғындарына үй салып жатқан құрылыс компанияларында 1475 азамат еңбек етуде. Олардың 810-ы тасқын судан зардап шеккен ауыл тұрғындары. Қазіргі сәтте тағы 43 бос жұмыс орны бар. Ол жұмыстарға да жергілікті тұрғындарды тарту жоспарлануда, - деп хабарлады Egemen.kz.

Мақтааралда 800-ден астам жергілікті тұрғын құрылыста жұмыс істеп жүр

Аудан орталығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мобильді орталықтары жұмыс істейді. Онда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, азаматтардан жұмысқа орналасуға өтініштер қабылданады. Сонымен қатар аудан бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шараларымен 459 адам қамтылған. Оның ішінде 85 азамат су басқан елді мекендердің тұрғындары.

Сондай-ақ ауданда әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту үшін блиц-тренингтер де өткізіле бастады. Қатысушыларға дайын бизнес-кейстер ұсынылып, бал, өсімдік шаруашылықтары, жылыжай ісі, саңырауқұлақтар өсіру бағыттарында кеңес берілуде.