Саясат • 12 Маусым, 2020

Заңда кейбір зәруліктер ескерілмеген

243 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда «Ардагерлер туралы» көптен күткен заң қабылданып, азамат­та­ры­мыз­дың осы санатқа енген бөлігі біршама марқайып қалды. Заң жоба­сының 15 жылдан бері түрлі кедергілерге тап болып, әйтеуір биыл қабылданғанына «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының септігі тиді десіп, арда­герлермен бірге барлық санаттағы азаматтар қуанды.

Заңда кейбір зәруліктер ескерілмеген

«Ардагерлер туралы» заң қабыл­дан­бай тұрғанында-ақ Ұлы Отан соғы­сына қатысушылар мен оларға теңес­ті­рілгендерге Үкімет арнайы қаулы­ла­ры­мен жеңілдіктер беріп келген. Енді сол заңмен бекітіліп отыр.

Бұл заңның тағы бір ерекшелігі, Ауған­стандағы және басқа да мем­ле­кетт­ердің аумағындағы ұрыс қи­мыл­да­ры­на қатысқан әскери қызметшілердің ардагерлер санатына енгендігі. Соның ішінде 1988 жылғы Таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатыс­қан 255, Тәжік-Ауған учаскесін күзетуде жауынгерлік міндетін атқарған 9635, 2003 жылы Ирактағы халықаралық «Қазбат» бітімгершілік операциялары­на қатысқан 294 әскери қызметші ардагер ретінде Ұлы Отан соғысына қа­ты­су­шы­лармен бірдей жеңілдіктер алатын болған. Жалпы саны 10248 адам болатын бұлар енді көлік және мүлік салығынан, соттарда мемлекеттік баж төлеуден, аза­мат­тық хал актілерін тіркеу кезіндегі төлем­нен, нотариаттық іс-әрекеттер жасау және өзге де әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

Сонымен бірге «Социалистік Еңбек Ері» мен «Еңбек даңқы» ордендерінің үш дәрежесін алғандар бұрын 9,6 АЕК, яғни қазір 26 668 теңге мөлшерінде қосымша мемлекеттік жәрдемақы алып келген болса, енді олардың жәрдемақысы «Кеңес Одағының Батыры», «Халық Қаһарманы» «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарын алған адамдардікімен теңестіріліп, 138 АЕК мөлшеріне, яғни 385 мың теңгеден артық ақшаға жететін болған. Бұл санаттағылардың өзі де аз қалған еді, енді қалған өмірлерінде үлкен қуанышқа бөленеді.

Сондай-ақ заңдағы тағы бір үлкен жеңілдік – Ұлы Отан соғысының арда­гер­леріне берілген үйдің бұрын нақты мәртебесі болмай, өзі дүниеден өткен соң коммуналдық меншікке қайтару туралы әңгімелер шығып, бала-шағасының наразылығын тудырып жататын еді. Енді үй отбасы мүшелеріне өтеусіз бе­рі­лмек.

Алайда көтерілген көңілді су сепкендей басқан жайлар да жаңа заңда аз болмай шықты. Екінші дүниежүзілік со­ғыс­қа қатысқандардың жасы ұл­ға­йып, қатарлары азайған кезде оларға жеңілдіктердің қарастырылғаны жөн-ақ, ал бірақ соларға жеңілдіктер бойынша теңестірілді деген тыл еңбеккерлерінің қандай жазығы бар еді? Жеңіс маңызды болғанда оны материалдық жағынан толық қамтамасыз еткен жандарды ұмы­ту­ға бола ма? Рас, олар ұзақ жылдар бойы со­ғысқа қатысушыларға теңестірілді, де­генімен жеңілдіктері берілмеген-ді. Енді қабылданған заңда олардың мәр­те­бесін «Еңбек ардагерлерінің» (7-бап) қа­тарына енгізіпті. Бұрын 1941-1945 жыл­дар­­дағы тылдағы қажырлы еңбегі үшін ме­даль алғандарға басқа жеңілдігін бермесе де жергілікті әкімдіктер соғыс­қа қатысқандармен тең дәрежеде 9 ма­мыр­дың қарсаңында бір реттік сый­лық беретін. Енді «Еңбек ардагері» қатарындағы оларға берілетін сыйлық 1936 жылға дейінгі туған соғыс бала­ла­ры алатын сыйлық деңгейімен бір­дей ғана болып қалыпты. Тіпті соғыс жыл­дарындағы тылдағы еңбегі үшін орден-медаль алған адамдар мен оны алма­ғандардың ешқандай айыр­ма­шы­лы­ғы жоқ.

Заңдағы өмірде мүлде жоқ адамдарға қатысты нормаларды оқығанда таңғала­сың. Мәселен, «Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына» да қатыстылығы айтылады. Қазір соғысқа қатысқандардың өзінің ең жасы 95-96-да болса, олардың ата-аналары тірі болуы мүмкін де емес қой... Сонда мұндай норманы кім үшін жазды екен?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген 18 баптан тұратын бұл шағын заң Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен оларға теңестірілгендерді ғана қамтыған ба дерсің, өйткені басқа ардагерлер туралы мұнда бір ауыз сөз жоқ. Әрине «Халық Қаһарманы», Еңбек Ері, Кеңес Одағының Батыры, Чернобыль апатының қатысушылары сияқты санаттағылар қамтылған. Бірақ заңды әзірлегендердің мемлекеттің қаржысын үнемдеу прин­ци­пін қатты ұстанғаны сезіліп тұр. Ха­лықты әлеуметтік қолдау деген аты бар министрліктің ардагерлерді қолдауға кел­генде сараңдық танытқаны түсініксіз.

Ардагерлер ұйымдарында талқылау бары­сында айтылған пікірлер, тіпті де­путаттардың да өз ұсыныстары да заң­ға енбей қалған тәрізді. Солтүстік Қаз­ақстан облысы ардагерлер ұйымының төрағасы Ескендір Елеусізовтің пікірін білгенімізде, ол да қабылданған заңға өзінің көңілі көншімегенін жеткізді. «Біз заң жобасын талқылау барысында көптеген ұсыныс айтқан едік. Соның ішінде ардагерлер ұйымы туралы, оның мәртебесі туралы бір ауыз сөз жоқ дегенді айтқанбыз. Ардагерлер ұйымының басқа қоғамдық ұйымдарға қарағанда, айрықша мәртебесі болуы керек еді. Елге, жерге еңбек сіңірген ардагерлерге деген құрмет, оларды ардақтау мемлекеттің айрықша қамқорлығында болуы керек қой. Біздің ұйымның мүшелері жұмыс істеу белсенділігі жоғары азаматтар тобының емес, тек ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесін жастардың патриоттық рухта тәрбиеленуіне бере алатын адамдардан тұрады емес пе? Осы ерекшелік ескерілуі керек емес пе еді? Тіпті оған мемлекет тарапынан арнайы бюджет қаражаты да қарастырылмай-ақ қойсын, бірақ мәртебесі анықталуы керек еді. Әрине бізді жергілікті билік қолдап отыр. Бірақ ардагерлердің өзіне және оларды қолдау ұйымына арнайы мәр­тебе берілгені жөн болатын. Сол еске­рілмеген. Өзіміз көптен күткен осы заң­нан өзімізді таба алмадық. Ал көрші мем­лекеттерде, соның ішінде ресей­лік­тер­дің ардагерлер туралы заңында ол айқын көрсетілген», дейді ақсақал.

Әрине заңның жетіспейтін жақтары әлі өзгертулер мен толықтырулар арқы­лы қосыла жатар. Сол кездерде еліміздің әле­уметтік мемлекет орнатуды көздеген не­­гізгі мақсатына қол жеткізілер деген үміт бар. Сондықтан барлық ардагер­лер­дің мүддесі ескерілетін жарқын күндер алда болуға тиіс деп ойлаймыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы