Экономика • 12 Маусым, 2020

Үкімет көлеңкелі экономикамен күресуге кірісті

395 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

"Қалай күреседі" деген сұраққа әлі ресми жауап берілген жоқ. Себебі, көлеңкелі экономика – метафора. Нарық тілінде  сөйлетсек — бақылаудан шығып кеткен экономика. Қазақстанда көлеңкелі экономика 1991 мен 2015 жылдар арасында –38,8 пайызға жеткен. Тек 2015 жылдан дейін төмендеу байқалған, - деп хабарлайды Egemen.kz

Үкімет көлеңкелі экономикамен күресуге кірісті

Көлеңкелі экономиканы төмендетудің қазіргі мемлекеттік жоспары 2018 жылғы желтоқсанның соңғы күндерінің бірінде қабылданды.  60 тармақтан тұратын құжатта статистикалық жағдайды жақсартудан және фискалдық жады бар бақылау-кассалық машиналарды жаппай енгізуден бастап  жанармай  құю бекеттерінде бақылау құрылғыларының жұмысын қадағалаумен аяқталады.  Құжат бойынша экономикадағы көлеңкелі айналымның ІЖӨ-ге шаққандағы деңгейі 2019 жылы 23%, 2020 жылы – 20%, ал  2021 жылы – 15% -дан аспауымыз керек еді. Бірақ біздің ойға алған әдемі жоспарымыздың бәрін көлеңкелі экономиканың заңы бұзып жіберіпті.  2017-2018 жылдардағы мәлімет   25-27  % төңірегінде.

Тоқтала кететін жайт, әлемдік тәжірибеде мұндай құбылыс ІЖӨ-нің   10 пайызынан аспауы керек. Тіпті  10 пайыздың өзін қатардағы қылмыс деп қарастырылады екен.

Бұдан былай бұл мәселені сырттан бақылап отыра беруге болмайтынын екі тарап та біліп-сезіп отыр.   Жалған кәсіпкерліктің дамуы, экономикалық қылмыс­тардың негізі де осы "көлеңкелі" тұста жатыр. Мамандар «көлеңкелі» экономика дең­гейі­нің артуы алдымен экономиканы құлдырататынын, бұл  іштей білдірмей жегі құрттай мүжи беретін қауіп екенін ескертіп, бұл мәселені кешенді түрде зерттеу қажеттігін айта бастады.   

"Атамекен" әзірлеген көлеңкелі экономиканың деңгейін есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеп, Үкімет назарына ұсынды.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов бізбен әңгімесінде Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті көлеңкелі экономика деңгейінің негізгі құрамдас бөлігін қосымша есептелген Қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша салықтық тексерулер деректерінің негізінде есептеп келгенін,  яғни қосымша есептелген ҚҚС неғұрлым жоғары болса, көлеңкелі экономика деңгейі де соғұрлым жоғары болғанын айтып берді. Жаңа әдістеме көлеңкелі экономиканы 5 компонент бойынша өлшейді: тіркелмеген кәсіпорындар (N1), заңсыз қызмет (N2), бейресми сектор (N3), нақты емес деректерді беретін өнім өндірушілер (N6), статистикалық кемшіліктер (N7).

Р. Жүрсінов бізбен әңгімесінде  2017 жылы ІЖӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі – 28,8 пайыз,   2018 жылы  27,02% -  деген қорытынды жасалды 16 трлн теңге. "Бұл сома бюджеттің бір жылдық шығындарынан да асып түсті.  Динамикаға назар аударар болсақ, соңғы жылдары көлеңкелі айналымның төмендеуі байқалады. Бұл салықтық және кедендік әкімшілендірудің жақсаруымен, нақты айтқанда тәуекелді басқару жүйесін, ҚҚС бақылау шотын, "Астана-1" ақпараттық жүйесін және т. б. енгізумен байланысты. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың едәуір өсуі де оң әсерін тигізді. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге өсті. Бұл  көлеңкелі экономиканың ықпалын әлсіретті", дейді Рүстем Жүрсінов. 

"Кәсіпкерлер неге көлеңкеге кетеді?" деген мәселе – барлық елдер үшін тренд. Көлеңкелі бизнес қалыптасатын негізгі салалар – сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік. Мұның барлығы қандай да бір дәрежеде мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлықпен және кеден мен квазимемлекеттік сектордағы бұзушылықтардың салдарынан орын алатын контрабанда, контрафактімен байланысты екенін түсінеміз.

"Біздің бағалауымызша, тек кеден жұмысына байланысты Қазақстанның бюджетіне 300 млрд теңгеден астам қаржы түспей отыр. Мемлекеттік сатып алулар саласы да 300 млрд теңгеге жуық қаржыны көлеңкеге жібереді" дейді Рүстем Жүрсінов.  

Сондай-ақ сарапшылар  бейресми жұмыспен қамту да көлеңкелі экономиканың құрамдас бөлігі екенін айтады.  Оның ауқымын түсіну үшін еңбекақы төлеу қоры бойынша статистика комитетінің деректері (18 трлн теңге) мен міндетті зейнетақы жарналары базасын (8 трлн теңге) салыстыруға болады.  Айырмашылық шамамен 10 трлн теңгені немесе 55%-ды құрайды.

"БЖЗҚ салымшыларының 63%-ы ең төменгі жалақыны декларациялайды, яғни ресми жалақы мөлшерін 42,5 мың теңгеден асырмайды. Жұмыспен қамтылған 8,7 млн адамның 2,5 млн ғана тұрақты түрде жылына 12 рет міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Осылайша, жұмыспен қамтылған тұрғындардың басым бөлігі жалақысын "конвертпен" алады деген қорытынды жасауға болады. Ал бейресми жұмыспен қамтудың басты себебі – еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің жоғары болуы. Қазіргі уақытта жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін 31% мөлшерінде бес төлем төлеуге міндетті, олар: жеке табыс салығы (10%), зейнетақы жарнасы (10%), әлеуметтік салық (6%), мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (3,5%) және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (1,5%). 2018 жылы еңбекақы төлеу қорынан 2,6 трлн. теңге бюджеттен тыс төлемдер мен салық төленген» дейді  Рүстем Жүрсінов.

Былтырдан бері "Атамекен"  ҰКП Үкіметпен бірлесіп кеден жұмысына ашықтық енгізу мен сатып алуларды оңтайландыру бойынша біраз жұмыстың басын қайырды, негізгі элемент жаппай цифрландыруға басымдық берілді. "Сатып алулардың бірыңғай терезесі" порталы іске қосылып, бизнес-тізілім маңызды элементке айналды, өйткені осы тізілім арқылы кез келген кәсіпкер өз контрагентінің сенімділігін тексере алады. Бизнестің өзін-өзі ұйымдастыру және саланы ашық ету жөніндегі бастамалары бар. Мысалы, Ресейде ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы бойынша Аграрлық өнеркәсіп кешенінің Хартиясы жұмыс істейді. Бұл тәжірибені ауыл шаруашылығында ғана емес, құрылыста да қолдануға болады. Биржалық сауданы дамыту жөнінде нақты ұсыныстар бар.Сарапшылар тәуекелдерді басқару жүйесі туралы мәселе көтерілген кезде салалық ерекшеліктерді ескеруі тиіс екенін айтады.  Бұл әр саланы нәзік күйге келтіру (салықтар мен үкімет шығынын циклдікке қарсы тұрақты түрде қайта құру есебінен экономиканы жұмыспен толық қамтылу деңгейінде ұстау) дегенді білдіреді. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме мәселесі бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. "Атамекен"  ҰКП-ның басты ұсыныстарының бірі –  Грузияның үлгісі бойынша барлық жүктемені бірыңғай төлемге біріктіру және оны  20%-ға дейін төмендету.  Бұл шара кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтарға көлеңкеден шығуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға және қызметкерлердің еңбекақыларын арттыру үшін қаражатты қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды біріктіру мәселесін қарастыру қажет» дейді Рүстем Жүрсінов.

Мамыр айының соңында экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар қабылданды. Өңдеуші кәсіпорындарға мөлшерлігіне қарамастан Ұлттық банк бағдарламасы бойынша айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландыру ұсынылады.

2019 жылы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп бизнес субъектілері бойынша ашық интеграцияланған деректер базасын, яғни адал отандық бизнес-серіктестердің тізілімін құру туралы тапсырма берді. Алайда, салық құпиясын қорғау функциясы ретінде сақтау мақсатында аталмыш Тізілім салық құпиясын құрайтын мәліметтерді емес, біріктірілген (туынды) деректер түріндегі мәліметтерді қамтитын болады.