Аймақтар • 13 Маусым, 2020

Солтүстік Қазақстанда санитарлық режім күшейтіледі

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуына қарағанда өңірдегі пандемияға қатысты жағдай  бүгінгі күні тұрақты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Солтүстік Қазақстанда санитарлық режім күшейтіледі

Аймақтық комиссия уақтылы шешімдер қабылдайды.

"Бүгінгі күні облыста 84 адам жаман індетке ұшыраған. Соның 48 сырқатынан емделді. Соңғы кездері сырқатқа ұшырағандардың бәрі сырттан келгендер. Ресей Федерациясымен арадағы шекара ашылғаннан бері 3 санитарлық-бақылау пункті жұмыс істейді, олардан күніне  студенттер және вахталық әдіспен жұмысқа барғандар, жүк тасымалымен айналысушылар бар – барлығы 400-дей адам өтеді. Дертті сырттан әкеліп жатқандар осылар. Қазір 35 адам емделуде, 31 жағдайы қанағаттанарлық, 3 бір қалыпты, ал біреуінің жағдайы ауыр.

28 сәуірден бастап карантиндік режімнің жеңілдетілуі басталған. Қазір өнеркәсіп, құрылыс, сауда орындары мен қызмет көрсету саласы толық күшінде жұмыс істеп тұр. 80 мыңнан артық адам жұмыс орындарына оралды. Облыс ішіндегі және облысаралық қатынастар барлық көлік түрлеріне ашылған. Алайда, облыста карантиндік шаралар әлі де жалғасуда. Соңғы кездері науқасқа ұшырағандармен контактіде болған адамдардың бойынан дерт көп табылуда. Жуырда үш жасар бөбектің бойынан да дерт табылды. Оның әлегімен балалар бақшасы түгелімен 14 күнге карантинге жабылды. Қазір контактіге түскен адамдар анықталуда.

Соңғы үш күнде дерттің көбеюі 16,6 пайызға артқан. Сондықтан өңірде карантиндік шаралармен қатар санитарлық режім күшейетін болады. Соның ішінде ішінде балалардың жазғы демалыс лагерлерінің, кинозалдардың, компьютерлік клубтардың, ойын алаңдарының және сауда-ойын-сауық орталықтарындағы фуд-корттардың ашылу мерзімі кейінге шегеріледі", - деді Асқар Сақыпкереев.

Солтүстік Қазақстан облысы