Елорда • 13 Маусым, 2020

Індеттің жаңа толқынына дайын болуымыз керек - Алтай Көлгінов

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Алтай Көлгінов барлық қалалық және жеке клиникалардың бас дәрігерлерімен, ауруханалардың, талдау орталықтарының басшыларымен және қаланың бас санитарлық дәрігерімен онлайн-кездесу өткізді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Індеттің жаңа толқынына дайын болуымыз керек - Алтай Көлгінов

"Қазір көптеген өтініштер келіп түсуде, соның ішінде iKomek орталығы арқылы біздің тұрғындардан, үйде карантинде тұрған және ауру белгілері бар адамдардан. Әр пациентпен жеке жұмыс істеу керек. Бұған біз жасаған электронды карантиндік қосымшаның көмегі зор. Бірақ бірқатар шағымдар бар. Шағымдардың көпшілігі № 6, 10 емханаға және "Шипагер" отбасылық денсаулық орталығына келіп түседі. Дәрігерлер Zoom арқылы коронавирустың асимптоматикалық тасымалдаушыларымен онлайн-кездесулер өткізуі керек: сұрақтарға жауап беріп, олардың денсаулығын бақылап, пациенттердің өзін-өзі оқшаулау режимін ұстануын қамтамасыз етуі керек. Науқаспен кері байланысы үшін басқа байланыс арналарын да қолдану мүмкіндігі бар. Симптомдар пайда болған жағдайда науқас ауруханаға жатқызылуы керек. Вирус ешқайда кеткен жоқ, сондықтан қатаң санитарлық нормаларды сақтау керек. Індеттің жаңа толқынына дайын болуымыз керек", – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Елорданың медициналық мекемелері қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген, барлық ауруханаларда жеке қорғаныс құралдары, дезинфекциялық туннельдер, дәрігерлік амбулаторияларда тепловизорлар орнатылған. Бұл ғимаратқа кірген адамдардың барлығының температурасын жанасусыз өлшеуге мүмкіндік береді. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен емханалар мен ауруханалар аумағындағы дезинфекциялық туннельдер мен тепловизорлар саны артады.

Жалпы, Нұр-Сұлтанда 2644 коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелді. 13 маусымдағы жағдай бойынша 1893 науқас (70%) емделіп шықты. Ауруханаларда 700-ден астам адам емделуде, олардың жартысында пневмония диагнозы расталды. Коронавирустың науқастарға залалы түбегейлі жойлып кетпейді. Инфекция тек өкпеге ғана әсер етпейді – тіндік фиброз түрінде ошақтар пайда болады, сонымен қатар бауырға, бүйрекке, жүрекке және миға әсер етуі мүмкін.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова санитарлық нормаларды қатаң сақтау керек екенін атап өтті: "Міне, бірнеше ай бойы медицина қызметкерлері қарқынды режимде жұмыс істеп келеді. Азаматтар тек өздеріне ғана емес, дәрігерлерге де көмектесуі керек. Немқұрайлылық денсаулыққа зиян тигізбеуі керек. Санитарлық нормаларды сақтамау қалалық ауруханалардың толып кетуіне және бұл дәрігерлер әр науқасқа уақтылы көмек көрсете алмауына әкелуі мүмкін. Олардың ішінде сіздің жақындарыңыз да болуы мүмкін. Тіпті дені сау және жас адамдар да қарсы тұра алмайтын аса қауіпті инфекцияға сақтықпен қарау керек".