Іс-шара барысында Республика даңғылы бойында жеңгетайлықпен айналысатын екі әйел адам жеңіл жүрісті қыздардың қызметін ер адамдарға ұдайы ұсынып, оларды Айбергенов көшесі №7а үйдің 12 пәтерде болған жезөкшелікпен айналысатын төрт қызбен кездестіргені анықталды.
Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 1-бөлігімен (жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Бір жеңгетай және төрт жеңіл жүрісті қыздар полицияға жеткізіліп, тіркеуге алынды. Екінші жеңгетайдың жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары полиция тарапынан жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан қала аумағында полиция қызметкерлерімен осыған ұқсас қылмыстың 12 жайты анықталған. Олардың жеті моншада, үш массаж салонында және екі жалдамалы пәтерлерде орын алған. Бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын табатын болады.