Парламент • 15 Маусым, 2020

Мәулен Әшімбаев Бюро отырысын өткізді

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Бюро отырысын өткізді. Онда Палатаның 18 маусымға жоспарланған кезекті отырысында қаралатын мәселелер пысықталды.

Сенаторлар алдағы отырыс барысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдайды және талқылайтын болды, дейді Парламент Сенатының Баспасөз қызметі.

Мәулен Әшімбаев Бюро отырысын өткізді

Сонымен қатар отырыста Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы мен әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама мәселелері бойынша ілеспе заң жобасын, Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің ратификациясын және заңнамаға бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді қарау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Бюрода Мәжілістен келіп түскен заң жобалары комитеттер арасында бөлініп берілді.

Қаржы және бюджет комитеті "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жалпыға бірдей декларациялау және экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендерде Интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын пысықтау жұмыстарымен Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті айналысатын болды.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның жобасы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне бөлінді.

Бас комитеттерге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының басқа комитеттерінің ұсыныстарын қорыту және осы құжаттар бойынша қорытындылар дайындау тапсырылды.