Әдебиет • 17 Маусым, 2020

Бәйгеторының көз жасы

1558 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үлкен әдебиетте ұсақ штрихтар болмайды. Кемел ойдың кемеңгер ұстасы Әбіш Кекілбайұлының «Бәйгеторысын» оқып шыққанда осындай байламға келдік. Адам жанының қатпар-қатпар сырларына еркін бойлайтын қаламгер жылқының жанына да көріпкелдей үңіледі. Бір кездерде бәйгенің алдын бермеген торының өзі боп «ойланады», «еске түсіреді». Әлемге әйгілі жазушылардың бірталайында бар үлгіні қазақ жазушысы өзінше өрнектеп, қазақы танымға барынша жақындатады. Қазақ баласына жануар атаулыдан ең жақыны жылқы екені аян. Адам мен жылқы арасындағы терең байланысты суреттейтін бұл шығармада негізгі кейіпкер – Бәйгеторы.

Бәйгеторының көз жасы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Бәйгеторы Сейісті бірден таныды. Сейіс бірақ осы ауылдың бота-тайлағына таланып, жал-құйрықтан атымен ада боп сүңкі кеткен бұны қапелімде тани алмады». Шығарма дәл осылай бәйге атының аянышты тағдырын алдын ала хабарлаумен басталады. Есті жануар өзінің бұрынғы иесін танығанымен, әбден сиқы кеткен бұған ол бұрылып та қарамайды. Өз қолымен жемдеген, таң асырған, қамау терін алып, талай-талай бәйгелерге қосқан Сейістің қанша жылдан соң кездескенде танымай, қаннен қаперсіз үй ішіне кіріп кетуі Бәйгеторының кеудесінде қамалған шер-шеменді сыртқа лықсытады.

Шығармада жылқының иіс сезуі, дәм сезуі, айналасын тануы, ал­ғаш ана құрсағынан қағанағын жа­рып шыққан ең аяулы сәтінен бас­­тап жалғыз көзді кәрі лақсаға айналған шағына дейінгі қым-қиғаш тіршілігі оның өз «пайымымен» бедерленген. Оқырман кәрі жүрегі тоқтауға айналған Бәйгеторымен бірге оның жан әлеміне саяхат жасап шығады. Оң көзін ағызып, тағдырын теріс арнаға бұрып жіберген тапал сарыға ашуланады. Тағдыры адам қолындағы байғұс жануардың жан әлемін жылытып тұрған сезімдер қандай шынайы! Ол да бір кездері сүйкімді болды. Бәйгенің алдын бермеді. Кеудесін кере тыныс алып, мәреден құйғытып шауып өтетін. Соңындағы қалың нөпірден оқ бойы озық келіп жүргенде сүйсіне қарап, мұнымен бірге суретке түсуге құштар болған көпшіліктің ықыласымен қанаттанған. Бірақ кейін келе мұ­ны­мен қатарласа шауып, сосын мұның алдында келуді шығарған көк айғыр пайда болғанда бәйгенің сират көпірден өтер жалғыз аяқ жол екенін, онда басы артық соқпақ болмайтынын аңғарған. У-дуды жарататын көпшіліктің де тек ең алдында келген атқа ықыласты болатынын байқаған. Содан бастап мұның көзінен ақталған тары мен сүт бұлбұл ұшып, мойнына арпа салынған дорба ілінген.

Шығармадағы жексұрын тапал сарының психологиясы толық ашыл­ған. Ол қораш. Ол кекшіл. Оның жан сезімі жетілмеген. Мүмкін тапалдығын өз бойына мін көреді, мүмкін басқалай да себептері бар шығар, әйтеуір ол жылқының қадірін білмейді. Басқа бір жабағыны баптауға әкелген күні бәйгеторыны мазақ қып, екі сау­са­­ғының арасынан бас бармағын шығарады. Кеше ғана Бәйгеторы үшін тары іздеп, сүт әкеліп, қатындарға сәндеп жабу тіккізіп жүрген күндер есте жоқ. «Бірінші болсаң ғана құр­меттеймін» дейтін сұмпайы тілек, қорашта болатын мүгедек сана-сезім жылқыны қорлатқызады. Бәйгеге қосып, жанкүйер боп жүрген тапал сары дырау қамшымен оң жақ жанарын ағызып түсіріп, мұның бүтін әлемін жартыкеш кепке түсіреді.

Қаламгер психологиялық параллелизм әдісіне сүйеніп жазғаны белгілі. Бұл тек жылқының тағдыры емес. Сана-сезімі мүгедек қораш адамдар тек жылқыларды ғана қорламайды. Бәйгенің алдын бермеген талай тарланбоздың тағдыры жартыкеш кепке түскенін кім санай қойсын. Қысқасы, Бәйгеторының көз жасы мына әлемде қиянаттың мерейі үстем екеніне дәлел.