Аймақтар • 17 Маусым, 2020

Дүр сілкіндірген дүрбелең

3611 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Петропавлдағы "Қазақтелеком" кеңсесінің алдында бір дүрбелең болды. Қаптаған полиция машиналарын көрген тұрғындар әлеуметтік желілерге хабарласып, не болғанын анықтамақ болып, бір-біріне жарыса жазып жатты. Полиция да айналаны қызыл жіппен қоршап, онсыз үркіп тұрған халықтың үрейін ұшыра түсті.

Дүр сілкіндірген дүрбелең

Дабылын безілдетіп жеткен түрлі құқық қорғау мен төтенше жағдайлар қызметтерінің машиналары халықтың көңіл аудармасына қоймады. Артынан полицияны "102" нөмірі арқылы шақырған "Қазақтелеком" қызметкерлерінің өзі екені анықталды. Ғимараттан барлық қызметкерлер мен келушілер шығарылды.

Сөйтсе... жұрттың бәрін дүрліктіріп жүрген есік алдына ұмыт қалдырылған телефон қорапшасы болып шықты. Оны аңдаған пысықай күзетші қозғап көруге де қорқып, бірден өзінің бастығына хабарлаған. Анау да мұның анық-қанығына жетуге жүрегі дауаламай бірден полиция шақырған. Шақырумен келген жарылғыш заттар  жөніндегі инспектор мен ит жетектеген кинолог қорапшада не жатқанын тез анықтап, оның ешқандай жарылғыш зат емес телефон аппараты екеніне жұрттың көзін жеткізеді. 

"Бұл затты осында жаңа телефон алуға келген клиенттердің бірі ұмыт қалдыруы мүмкін. Қазір бейнекамераның түсірімдері таразыланып жатыр. Ол қорапшаны кім қалдырғанын түсіріп алған болуы керек", дейді тергеуші Кәмилә Мақина.

 

ПЕТРОПАВЛ