Аймақтар • 17 Маусым, 2020

Батыс Қазақстан дәрігерсіз қалуы мүмкін

1478 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы коронавируспен күресетін дәрігерсіз қалуы мүмкін. Бұл жөнінде өңір басшысы Ғали Есқалиев мәлімдеді, - деп жазады Egemen.kz

Батыс Қазақстан дәрігерсіз қалуы мүмкін

"Бүгінде облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны көбейіп келеді. Түгел отбасы, ұжым болып ауру жұқтырғандар тіркелуде. Ауруханаларда қазірдің өзінде 200-ге жуық адам ем алып жатыр. Вирустың қауіптілігі соншалық, ауру жұқтырғандар арасында пневмонияға шалдыққандар саны өсуде. Ауруханаларда орын тапшылығы болғандықтан біз басқа ауруханаларды босатуға мәжбүрміз. Сонымен қатар, біздің дәрігерлер мен олардың көмекшілеріне, жүргізушілер мен санитарларға үлкен күш түсіп отыр. Олардың басым көпшілігі бірнеше ай бойы балаларын құшағына алып, отбасыларымен жүздеспеген. Мынадай қарқынмен біз дәрігерсіз қалуымыз мүмкін. Егер тұрғындар сақтық шараларын сақтамай, одан әрі тойлар, ұжымдық кездесулер өткізе берсе, қатаң шектеу шараларын қайтадан енгізуге мәжбүр боламыз" деп жазды Батыс Қазақстан облысының әкімі әлеуметтік желідегі өз парақшасына.

Біз өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың өзінен білдік.

Болатбек Амангелдіұлы алдымен облыста кеше коронавирустан қайтыс болған екі адам туралы айтты. Олар – 1932 жылы дүниеге келген әйел және 1941 жылы туған ер адам. Екеуі де дәрігерге дер кезінде қаралмай, ауруын асқындырып алған.

"Дәл қазір Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 151 науқас жатыр. Олардың саны сәт сайын өзгеруде, біз жазылған адамдарды үйіне шығарамыз, жаңа науқастар да үсті-үстіне түсіп жатыр. Ең қиыны, жаңадан түскендердің ішінде аурудың жеңіл түріне шалдыққандар жоқ. Яғни, ауруханадағы науқастардың 130-дан астамы – орта дәрежелі. 18 адамның сырқаты ауыр деп бағаланған. Бір адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Оттегіге тәуелді 20 шақты адам бар. Соңғы кезде аурудың ауыр түрі көбейді, науқастардың көбі тыныс ала алмайды, қос өкпесі қабынған", дейді Болатбек Қаюпов.

16 маусым күні ғана Батыс Қазақстан облысында 57 коронавирустың симптомсыз түрін, ал 21 адам симптомды түрін жұққтырғаны анықталған. Басқарма басшысыынң айтуынша, аудандардан күн сайын, сағат сайын жаңа науқастар тіркеліп жатыр. Оның себебі - тұрғындар карантиндік сақтық шараларын сақтауды ұмытқан. Туған күн, той, садақа, құдалық секілді көпшілік шараларынан вирус жұқтырған науқастар өте көп. Кейбірі ауруханаға отбасымен түгел түскен. Вирус тіпті мемлекеттік мекемелерге тарап, ірі ұжымдарда да пайда болған.

"Біз үнемі карантин жағдайын сақтап отыра аллмаймыз. Тұрғындардың саналылық деңгейі өсуі керек. Әр адам сақтануы керек. Бетперде тағып жүру, ара қашықтықты сақтау өте маңызды. «Егер біз бұл талаптарды сақтамасақ, бұл вирус әрқайсымызға, әр отбасыға келеді», деді Болатбек Амангелдіұлы.

Өңірде ауру саны күрт көбейіп кеткендіктен жергілікті билік қосымша орын ашуға мәжбүр болған.

"Қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы толды. Кешеден бастап Орал қалалық көпбейінді аурухана жанынан 220 орындық жаңа бөлім ашуға мәжбүр болып жатырмыз. Сонымен бірге науқастардың бір бөлігін перинаталды орталық пен онкологиялық диспансерге де орналастыратын боламыз. Сонымен бірге алдын ала жоспарланған барлық отаны уақытша тоқтатамыз, барлық күшті коронавируспен күреске саламыз. Бірақ біздің күшіміз шектеулі. Батыс Қазақстан облысында медициналық мамандар көп емес, оларды дайындайтын жоғары оқу орнымыз жоқ. Бізде нақты саны белгілі тұрақты ұжым ғана бар. Бұл дәрігерлердің ерлігін сөзбен жеткізу қиын. Ешкім байқамайтын үнсіз ерліктің иесі – солар", деді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Соңғы күндері Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Нәдия Ахметованың өз еркімен қызметінен кетуі де халық арасында түрлі әңгіме туғызған болатын. Бас дәрігер мен басқарма басшылығы арасында келіспеушілік болған деген қауесет те тараған. Болатбек Қаюпов мұны жоққа шығарды.

"Ол әріптесімді түсінемін. Осы індет басталғалы ең қиын қызметте, майданның нағыз қайнаған ошағында қызмет етті. Ол маман ретінде де, адам ретінде де қатты шаршаған болуы керек. Осыдан бір ай бұрын қызметтен босату жөнінде арыз жазған болатын, бірақ мұндай қиын сәтте жұмысын қалдырып кетуге болмайтынын айтып көндірген едім. Бірақ соңғы күндері ол тағы өтініш жазды, оған қол қоймасқа болмады. Әйтпесе, біздің арамызда ешқандай кикілжің болған жоқ. Басшылық тарапынан аурухананың барлық керек-жарағы, дәрі-дәрмегі мен мамандары толық қамтамасыз етіліп тұрды", деді басқарма басшысы.

Болатбек Амангелдіұлының айтуынша, қазір коронавируспен ауырған адамдарды емдеу үшін жеке секторда жұмыс жасайтын медбикелер, санитарлар, рентгенологтар, анестезиологтар және т.б. мамандар шақырылып жатыр. Өйткені аурудың таралуы төмендемесе, дәрігер тапшылығы тууы мүмкін. Бірақ өңірдегі дәрігерлердің көбі мұндай жұмыстан бас тартқанын айтқан басқарма басшысы «бұл әріптестерімді де кінәлай алмаймын» деді.

 

Батыс Қазақстан