Қазақстан • 19 Маусым, 2020

Коронавирус: Жұқтыру деңгейі 6 есеге дейін өскен

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанда коронавируспен ауырған 23 960 науқас тіркелгенін, оның ішінде 16 351-і симптоммен және 7 609-ы симптомсыз.  13 716 науқас емін жалғастыруда. 10 139 науқас сауығып шықты, 105 науқас қайтыс болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева баяндады, - деп жазады Egemen.kz

Коронавирус: Жұқтыру деңгейі 6 есеге дейін өскен

 

Наурыз айынан бастап ел бойынша барлығы КВИ-ға 1 271 471 тест жүргізілді.

"Бұл ретте, Қазақстанда 1 КВИ жағдайына 78 тесттен келеді, бұл Ресей, АҚШ, Италия, Канада, Австриядағы тестілеу деңгейінен жоғары, 100 мың тұрғынға шаққанда тест саны 6824-ті құрайды", деді Л. Ақтаева.

Қазіргі уақытта тестілеу эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша, профилактикалық мақсатта және эпидқадағалау шеңберінде жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес зертханалық тексеруге:

• Науқастар мен вирус тасымалдаушылар;

• ЖРВИ, тұмау, пневмониямен ауыратын науқастар;

• Науқастармен байланыста болған адамдар;

• Стационарлар мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге жатқызылған адамдар; 

• Медицина қызметкерлері; 

• Әскерге шақырылушылар;

• ҚР аумағына келетін адамдар жатады.


COVID-19-ға ПТР-тестілеу үшін 56 зертхана жұмыс істейді, тестілеу қуаты тәулігіне 28 000-ға дейін жеткізілді.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен айқындалған тестілеуге жататын халықты тестілеумен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен қуатты тәулігіне 30 000 тестке дейін, ал мемлекеттік және жеке сектор зертханалар қуаты есебімен жалпы ел бойынша тәулікке 35 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.

Соңғы аптада (8-14 маусым аралығында) республикада 5 485 жағдай тіркелді. 

Өткен аптамен (1-7 маусым аралығында) салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өскен (2908-ден 5485-ке дейін).

Ауру жағдайларының жалпы санының 44%-ы (2422 жағдай) байланыста болған адамдар арасында тіркелген, 36%-ы (1989 жағдай) кәсіптік тексеру жүргізу кезінде анықталды, 19%-ы (1035 жағдай) ЖРВИ-мен ауырған пациенттер арасында, әкелінген жағдай – 1 % (39 жағдай).

Бұл ретте, ауру симптомдары бар жағдайлардың саны 1,3 есе өскен (1 551-ден 1 950 жағдайға дейін) және ауру жұқтырудың жалпы санының 35,5%-ын құрады, ал симптомсыз жағдай 2,6 есе өскен (1 357-ден 3 535-ке дейін) немесе ауру жағдайларының жалпы санының 65%-ын құрады.

Осы аптаның 3 күнінде (15-17 маусым аралығында) жағдай қолайсыз болып сипатталады, мысалы, осы аптаның 3 күнінде 3007 жағдай тіркелді (1068 симптоммен және 1939 симптомсыз), ал өткен аптаның осындай кезеңінде (8-10 маусым) – 1871 жағдай тіркелген, өсім 1,6 есе.

Бұл ретте 15 өңірде аурудың 1,2 еседен 6 есеге дейін өскені байқалады (Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысын қоспағанда).

Жағдайды объективті бағалау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізді. 

Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайдың динамикасы назарға алынады. 

"Бұл жерде біз бұрын пайдаланылған “өсу қарқыны” деген көрсеткіштен арыламыз, себебі жалпы ауру жағдайларының саны белсенді ауыратын науқастардың санынан өзгеше болған жағдайда, бұл көрсеткіш эпидемияның даму қарқынын толық көлемде көрсетпейді. Біз жағдайды бағалау үшін R – репродуктивті сан көрсеткішін қолданамыз, яғни бір коронавирус инфекциясымен ауыратын науқас орташа есеппен ауру жұқтыратын байланыста болған адамдардың саны",  деді министрдің м. а.

Екіншіден, шектеу шаралары міндеттерінің бірі — науқастар ағынына шамасы келмейтін кезде денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу. Сондықтан екінші өлшемшарт коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға арналған бос емес төсек қорының көрсеткіші болып табылады.

Сондай-ақ, біз қосымша көрсеткіштерді де ескереміз. Бұл өлім-жітім – КВИ-ден болатын өлім-жітім көрсеткішінің өсуі, ауыр және өте ауыр дәрежедегі науқастардың үлесі (өсімі).

"Егер R көрсеткіші 1,3-тен асатын болса, не ол 1,15-тен 1,3-ке дейінгі диапазонда болса, бұл ретте бос емес төсектер 70%-дан артық болса, не бос емес төсектердің пайызы репродуктивтік санға қарамастан 90%-дан жоғары болса, карантиндік және шектеу шараларын күшейту қажет",  деді Л. Ақтаева.

Өлшемшарттардың оң динамикасы болмаған жағдайда – шектеу шараларын қолданыстағы деңгейде сақтау ұсынылады.

Шектеу шараларын жеңілдету үшін өлшемшарт – бос емес төсектер санының 50%-дан кем және R көрсеткішінің 1-ден кем болуы.

Тек 3 өңірде ғана (Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары) шектеу шаралары бұрынғы көлемде қалдырылуы мүмкін. Бүгінгі күні қосымша қатаңдату шаралары барлық 17 өңірде енгізілді.

КВИ сырқаттанушылығының өсуін ескере отырып, кеше 18 маусымдағы ВАК шешімімен Нұр-Сұлтан және Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалаларында алдағы демалыс күндері карантинді күшейтудің қосымша шаралары қабылданды, атап айтқанда 20-21 маусымда:

• сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, базарлардың қызметі тоқтатылады;

• қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада көше форматында ғана рұқсат етіледі;

• қоғамдық көліктің жұмысы шектеледі;

• қоғамдық орындардың: саябақтар, скверлер, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктердің жұмысы тоқтатылады;

• фитнес орталықтарының қызметі тоқтатылады; 

• 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі;

• аумақтық жағынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалаларына жақын орналасқан туристік аймақтарға кіру жабылады. 

Сондай-ақ өңірлердің 50 мыңнан астам халқы бар елді мекендерінде: 

• қоғамдық орындардың: саябақтар, скверлер, жағалаулар, аквапарктердің жұмысы тоқтатылды;

• туристік аймақтарда тұратын адамдарға әлеуметтік қашықтықты сақтау ұсынылады; 

• 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектелді.