Медицина • 19 Маусым, 2020

Дексаметазон мөлшерін тек дәрігер анықтайды

5223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Жедел бағдарламалар жөніндегі директоры Мишель Райан COVID-19 вирусымен күресуде тиімді деген дексаметазон дәрісін қалай және қандай жағдайда пайдалануға болатынын айтты, деп жазады Egemen.kz

Дексаметазон мөлшерін тек дәрігер анықтайды

"Алдымен Ұлыбритания біріккен корольдігінің ғалымдарына, осы препаратпен емделген барлық пациенттерге, және де барлық қатысқан адамдарға алғыс айтқанымыз жөн, алайда, бұл стероидті ем барысына қосу-қоспауды тек дәрігер анықтап, адам өздігінен тыныс ала алмайтын аса ауыр кезде ғана пайдалану қажет", дейді Мишель Райан.

Британдық тәжірибеде дәрігерлер дем ала алмай жатқан, тек аппарат арқылы тыныстаушы науқастарға дексаметазонды қолдану нәтижесінде адамдарды ажалдан аман сақтап қалған. Препаратты індет жұқтырған ауыр халдегі  2104 пациентке беріп, дексаметазонмен емделмеген 4321 аурумен арадағы көрсеткішті салыстырып барып, стероидтың тиімділігін анықталған соң ортаға салынды деген ДДСҰ өкілі зерттеу мен талдамалық жұмыстардың жалғасып жатқанын, олардың алда ғылыми, кәсіби басылымдарда жарық көруі маңызды  деген пікірін жеткізді.

Дексаметазонды аурудың алдын аламын деп қолдануға мүлде болмайды, олай тек иммундық жүйеге орасан зор зиян тигізіледі, дәріні ауру асқынып, вирустың өзінен де, одан туған қабынулар ұлғайып, өмірге қатер төнгеніне көз жеткенде ғана емге қосу керек, дейді  ДДСҰ.

COVID-19 барысында тиімділігін көрсеткен стериодтың ағзаға тигізетін зиянды әсерлері болуы да мүмкін екен. Тромбоз бен қан қысымының ұлғаюы, қан құрамында  глюкозаның артып кетуі, асқазан жарасын тудыру тәрізді әсері болғандықтан дексаметазон мөлшерін тек дәрігер  тағайындауы тиіс.