Аймақтар • 20 Маусым, 2020

Петропавлда зейнеткерді тонаған адам ұсталды

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екі күн бұрын Петропавлдың қақ ортасында өте ерсі оқиға болды: Өзі де зорға жүріп бара жатқан сексеннен асқан кейуананың қолынан қылмыскер қол сөмкесін жұлып алып, тұра қашқан. 116 мың теңге зейнетақысын алғаны сол екен, кейуана көшені басына көтеріп, көмек сұрап, зар илеп қалған, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Петропавлда зейнеткерді тонаған адам ұсталды

Жанашыр жандардың бірі талтүстегі тонаушылық туралы полицияның "102" нөміріне дабыл түсірген. Полицияның жедел басқару орталығы барлық қызметтеріне хабарлап және қылмыс болған облыстық аурухананың аумағына жақын маңдағы патрульдерді де жіберген. Барлығына қылмыскердің сырт белгілері мен киімдерінің түр-түсі жеткізілген.

Сол белгімен патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, лейтенант Өмірсерік Оразғалидың тобы күдіктіге ұқсас адамды көздері шалып қалған.  Қырағы топтың түйсігі алдамапты, жақынырақ келгенде тіпті артқы қалтасынан қылтиып тұрған әйелдің әмияны да көрінген. Полиция оған "тоқта!" деген команда бергенде зыта жөнелмек болған, алайда спорттық дайындығы мықты патрульдер екі аттатпай қуып жетіп, қолын қайырып, кісен салады.

Ол бұрын сотталған, Ақмола облысынан Петропавлға келген адам болып шықты.  Қазір оның үстінен "тонау" бабы бойынша қылмысты іс қозғалып, қаланың оқшаулағышына қамалды.

Ал зардап шеккен кейуанының полиция қызметкерлеріне деген алғысы шексіз. Қылмыскер лақтырып кеткен оның сөмкесі де қоқыс контейнерлерінің бірінен шықты.

ПЕТРОПАВЛ