Аймақтар • 20 Маусым, 2020

Петропавлда Ұлттық Ұлан институты 20-шы түлектерін ұшырды

1137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан 24 жыл бұрын Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаев ашқан Ұлттық Ұланның әскери институты бүгін 20-шы мерейтойлық шығарылымын жасады. Карантидік режімнің талаптары сақталып, оған алғаш рет жас лейтенанттардың ата-аналары қатыстырылмады. Дипломдарды салтанатты түрде тапсыру кезінде де санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталып, қол алысылмады, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Петропавлда Ұлттық Ұлан институты 20-шы түлектерін ұшырды

Қазақстандық түлектермен бірге Қырғыз Республикасының тоғыз және Тәжікстан Республикасының он өкілі офицер атағын алды. Жалпы, биыл Әскери институт өзіміздің республикамыз бен көрші елдерге 219 маман шығарып отыр. Олардың алтауы оқу орнын үздік бітірді, ал лейтенант Арнат Сыздықовқа "Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін" төсбелгісі табыс етіліп, оның есімі институттың Құрмет тақтасына енгізілді.

Оқуды табысты аяқтауларымен түлектерді Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының атынан оның орынбасары, Мемлекеттік аттестатциялық комиссиясының төрағасы, генерал-майор Альберт Маткаримов құттықтады. "Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің оқу орындарының қазақстандықтардың болашақ ұрпағын тәрбиелеудегі, азаматтардың тез өзгеретін әлемде білімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің жоғары деңгейін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. Президент талаптарын жүзеге асыру аясында бүгін біз офицерлердің кезекті легін шығарып отырмыз. Ішкі істер министрінің бұйрығымен сіздерге алғашқы офицерлік шен – лейтенант берілді. Мен сіздерді осы, көптен күткен оқиғамен құттықтаймын", деді ол.

Жас лейтенанттарды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі атынан оның орынбасары Ғани Нығметов құттықтады. «Өңір тұрғындары еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Әскери институтқа ерекше құрметпен қарайды және ол Жауынгерлік туды өз қолымен тапсырған жалғыз әскери жоғары оқу орны екенін мақтан етеді. Институттың курсанттары мен офицерлері өңірдің қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсенді қатысады. Біз Әскери институттың жеке құрамына өңірдегі төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету кезеңінде қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысқаны үшін алғыс білдіреміз», – деді Ғани Сақтағанұлы өзінің сөзінде.

Дәстүр бойынша түлектерге институттың Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті. Мұндай құрмет түлектер атынан биылғы жылы "Алтын" медаль иегері лейтенант Арнат Сыздықовқа бұйырды. Өз тарихында институт 3527 жас офицерлерді шығарды, оның 252-і оқуды үздік аяқтап, 45-і "Әскери оқу орнын үздік аяқтағаны үшін" төсбелгісімен марапатталды. Бүгін олар Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдардың бөлімшелерінде қызмет атқарады.

Қазір институтта жеті мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылады. Жоғары оқу орнының алғашқы түлектері құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады, ал олардың кейбіреулері Бас қолбасшылықта және өңірлік әскерлер қолбасшылықтарының штабтарында басшылық лауазымдарда қызмет етуде.

Ұлттық ұлан Әскери институтының жеке құрамы қаланың және облыстың қоғамдық-саяси, спорттық, мәдени іс-шараларына, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысады. Мәселен, елдегі төтенше жағдайдың құқықтық режімі кезеңінде әскери оқу орнының жасақтары Петропавл қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді орындады және облыс орталығында карантиндік шараларды қамтамасыз етуге қомақты үлес қосты. Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару кезінде барлығы Петропавл қаласының 400-ге жуық азаматы ұсталды, оның 218-і әкімшілік құқық бұзушылық үшін және 10-ы қылмыс жасау белгілері бойынша жауапкершілікке тартылды. Материалдық-тұрмыстық базаны жақсарту мақсатында биылғы жылы қазіргі заманауи оқу корпусының, казарманың және спорт кешенінің құрылысы, сондай-ақ Әскери институттың ғимараттары мен құрылыстарын күрделі жөндеу басталды.

Дәстүрлі түрде түлектер көк аспанға биыл мерейтойлық шығарылым құрметіне аспанға 20 көгершін мен 20 шар ұшырды. Осыдан кейін түлектер өздерінің алғашқы қызмет орындарына бүгіннен бастап әскери ұшақпен аттанып кетеді.

ҚЫЗЫЛЖАР