Елбасы • 22 Маусым, 2020

Елбасы – ерен тұлға

3718 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев есімінің қатар аталуы – заңды әрі әділетті. Жаңадан азат­тық алған, егемендігін енді ен­шілеген елдің тізгінін ұстағаннан ауыр жүк жоқ шығар. Бұған тәуелсіздік алған тоқсаныншы жыл­дар Қазақстан үшін қай тұр­ғыдан алса да оңай кезең бол­мағанын қосыңыз. Осындай сындарлы сәтте тарихтың таңдауы, халықтың қалауы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті.

Елбасы – ерен тұлға

 

Еліміздің бүгінгі қол артқан табысы, бағындырған биігі, жеткен жетістігі, дербес ел ретінде іргесін бекітіп, керегесін ке­ңейтіп қана қоймай, алты құрлыққа танылуы – мұның бәрінде Елбасының ұшан-теңіз еңбегі, ерлігі мен өрлігі, қалт­­­қысыз қызметі мен қажыр-қайраты жатыр.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының еліміздің баянды болуы­на қосқан үлесі баға бергісіз зор! Нұр­сұлтан Әбішұлы тарихтың сындарлы саға­тында биліктің басында болып, те­рең саясаткерлігінің арқасында елдің тәуелсіз дара жолын қалыптастыра білді. Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанды дамы­ған ел деп мойындайды, дүниенің төрт құбыласымен тең араласамыз.

Сарыарқаның төрінде азаматтығы­мыздың Шолпан жұлдызындай болып ел жүрегі жаңа астана бой түзеді. Оның да бас архитекторы Елбасының өзі. Жаңа елорданың сәні мен мәні де, сәулеті мен дәулеті де тәуелсіз Қазақстанды төрткүл әлемге паш етті.

Елорданы Нұр-Сұлтан деп атау әділ­дік идеалдарына толық жауап беретініне, қазақстандықтардың басым көпшілігінің үміттеріне сәйкес келетініне кәміл се­немін.

Тарихымызда бірінші рет шекараны халықаралық шарттармен құжаттап бекіттік. Солтүстік өңір қазақ рухына қанықты. Санымыз өсіп, сапамыз жа­ңарып, ел рухы, еңсесі көтерілді. Кө­ші­міз түзеліп, әніміз көкте еркін шыр­қала бас­тады, қазақпен қазақ қазақша сөй­лесіп, тілі жойылып кету қаупінен арылды.

Ең бастысы, дербес елдің өзіндік заң­­на­масы қалыптасып, халық консти­туциялық еркіндік алды. Мемлекет және қоғам мүддесіне керекті шектеулерден басқаға Ата заң негізінде рұқсат етіліп, азаматтар еркін өмір сүру бостандығына жетті. Жоқшылық қорқынышынан, сөз сөйлеуге тыйым үрейінен халық құ­тылды. Оның ішкі өміріне ешкім аралас­пайтын болды.

Елбасының батыл да уақтылы ше­шім­дерінің арқасында барлық сынақ­тардан сүрінбей өтіп, экономикасы бе­рік, халықаралық аренаға танымал, де­мо­­кратиялық және зайырлы елге ай­нал­дық. Соның бәрінде Н.Назар­баевтың қолтаңбасы мен тарихи қызметі тұр.

Осыған дейін Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап, жас мемлекетті әлем мойындаған абыройлы елге айналдырған жаһандық деңгейдегі қайраткерлігі туралы көп айтылды. Том­далған кітаптар да жазылды, әлі де жа­зылмақ...

Бұл мақалада мен Елбасының мем­лекет тізгінін ұстаған бірінші күн­нен, барлық сын-қатерлерден тек заңды­лық­ты нығайтып, демократиялық құнды­лықтарды берік ұстап, Конституцияға қатал бағынған кезде ғана жетуге болатынын терең көре білгеніне оқыр­мандардың назарын аударғым келеді.

Қорыта айтқанда, өз мақаламды Қа­зақ­станның Тұңғыш Президенті − Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кон­ституционализмге негізделген және заң үстемдігін қатаң сақтап, сол арқылы елі­мізді әлемге танымал қылған зор еңбе­гіне арнамақпын.

Қазақстанның бір сипаты Кон­сти­туциямызбен айқындалған құ­қық­тық мемлекет екендігінде. Құқық­тық мемлекет ретінде басқару инсти­туттарының орнығуы мен олардың модернизациялану кезеңдері Елбасының конституциялық идеяларынан, құқықтық көзқарастарынан бастау алғанын ашық айту керек.

Дербестікті алуға ұмтылу кезеңі бас­талғанда Нұрсұлтан Әбішұлы көреген басшы ретінде болашақ тәуелсіздігімізге негіз болатын алғашқы қадамдарға ба­тыл бара білді. Сол қиын жылдары қо­ғамдық қатынас субъектілерінің институционалды жадына лайықтап, уақыт сұранысын ескере отырып, КСРО-дан қалған Конституция тұсында көп­теген заңға өзгерістер кіргізіп, құқық­тық реанимация жасап, ерекше көре­ген­дікпен уақытты ұта алды.

Елбасы Кеңес Одағының алдағы ыдырауы жағдайында Қазақстанды жүйелі дағдарыстан шығару үшін нені, қалай және қашан жасауы қажет екен­дігі туралы нақты түсінді. Әлемдік тарих пен саясатты жоғары деңгейде біле отырып, жақында мемлекеттік тәуел­сіздікке ие болған елдердің басшылары мен үкіметтерінің әрекеттерін үнемі зерделей отырып, жоғары дамыған мемлекеттер эволюциясының, сондай-ақ демократиялық трансформация аясын­дағы орын алған саяси және эко­но­микалық транзит мысалдарын мұқият зерттей білді. Сол арқылы терең және көпвекторлы жаңғыртудың шынайы қазақстандық жолы туралы нақты түсі­нік қалыптастырды.

Тәуелсіздіктің әр сәті, күні қымбат. Қазір азаттықтың үшінші онжылдығын түйіндейтін тұсқа келіп қалғанымызды ескерсек, онда өткенімізге және осы күн­­ге қалай жеткенімізге бүгінгі күн тұр­­ғысынан баға беруіміз керек-ақ. Ал бұл ретте қазіргі заманғы қазақстандық мем­лекеттілікті қалыптастырудағы және дамытудағы Елбасының рөлі мен өл­шеусіз еңбегін ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Бұл мақалада мен Елба­сының сол еңбегіне алғаш рет жеке көзқарасымды білдіріп отырмын. Тоқ­саныншы жылдардан осы күнге дейін жалғасып келе жатқан осынау тарихи процеске қатысуға сенім берілген Тұңғыш Президенттің се­рі­гі ретінде бас­ты сәттерді қамтығым келеді.

Қазақстан Республикасының тұ­рақты және үдемелі дамуы бірінші кезекте президенттік басқару нысанын енгізумен тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде нақты қалыптасуы 1990 жылдың 24 сәуірінен басталады. Нақ осы күні Қазақстанда алғаш рет президенттік лауа­зым енгізіліп, Қазақ КСР Президенті лауа­зымына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Өз халқының шынайы патриоты, тәжірибелі саясаткер ретінде Тұң­ғыш Президент сол уақыттың өзінде бүкілодаққа жоғары деңгейдегі басшы-практик ретінде танылып үлгерген болатын. Ол одақ деңгейінде жүйелі алдын ала болжай алатын, заман тынысының тамырын тап баса білетін қабілетке ие, жоғары басқарушылық тәжірибесі бар және сол кездегі өте талантты жас басшы болды.

Ол уақыт Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуындағы өте бір қиын жылдар еді. Мемлекеттің қазынасы бос, қызметкерлерге жалақыны уақтылы тө­леу мүмкін емес, зейнеткерлер үкі­метке қолын жайып, әйелдер ала дорба көтеріп, базар аралап кеткен заман басталды. Еліміздің әр түкпірінде тап­шылық, қо­балжу. Оған жұртты көшеге шақырып, қолтықтарына су сепкендерді қосыңыз.

Сол қиын кезде Нұрсұлтан Әбішұлы сабырлылық пен салқынқандылық сая­сат ұстанып, өрт шығатын жерге су себелеп, дау туатын тұста бұқараны ымы­раға келтіре алды. Шешуші кезде еш­қандай қиындықтардан қорықпастан батылдық танытып, жол таба білді (Қа­ра­ғандыдағы шахтерлер наразылығы, Оралдағы казактардың дүмпуі және т.б.). Елбасының жоғары басшылыққа бір­ден келе салмай, халықтың ортасынан шыққаны сонда байқалды. Сонау қарапайым металлург болған жылдардан бері қаншама жолдан өтіп, ысылып, сынақтардан сүрінбей, тәжірибе жинап, болаттай шыңдалғаны сонда анық көрінді.

Әрбір ұлы заңнаманың мәтіні алға­шында харизматикалық тұлғаның ойын­да нормативтік модель есебінде қа­лыптасып, жоба болып, әртүрлі саты­дағы сыннан өтуден бастау алады.

Ел тәуелсіздігінің негізі болған бар­­­лық тарихи заңдардың қабылда­нуын­да Тұңғыш Президенттің құқықтық ұста­нымы шешуші рөл атқарды.

1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ­станның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы мемлекеттік билік органдарының құрылымы мен құзы­ретінің дербестігін айқындап, Кеңестік Одақ аясында даралана бастаған мем­лекеттіліктің жаңа көрінісін анықтады.

Сол кезде қабылданған жаңа заңдар, ескі заңнамаларға жасалған түзетулер мен қосымшалар жаңа уақыттың талабына сай ел экономикасын, әлеуметтік, мәдени саланы дербестік саясатына икемдеді.

1991 жылы 1 желтоқсанда алғашқы тікелей президенттік сайлау өтті. Ха­лық­­тың еркімен Н.Ә.Назарбаев сая­­сат­ты айқындау және оны барлық қазақ­­стандықтардың атынан жүргізу құқы­ғына ие болды.

Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда қа­был­данған «Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Кон­ституциялық заңы Отанымызды тәуелсіз, ешкімге бодан, одақтас емес, дербес ел екенін, оның ғасырлар бойы аңсаған бостандық күні туғанын әлемге паш еткен тарихи ұлық құжат болды. Конституциялық заң Қазақстан Рес­пуб­ликасын халықаралық тану про­цесіне бастау болды.

Бұл заң конституциялық басқару құрылымдарын, мемлекеттік аппаратты, адам еркіндігі мен бостандықтарын қалыптастыру алаңында тұғырлы негіз болды. Ол тарихи құжатта Елбасының қолтаңбасы мен құқықтық идеясы жар­қын көрініс тапты.

Республикамыздың алғашқы Кон­сти­туциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қа­былданды. Онда еліміздің дербестігі, би­лік формасы бұрынғы өктем жүйе­ден жаңа демократтық либералды құн­ды­лыққа бағыт алған концепцияға негіз­делгені алғаш рет айшықталды.

Дей тұрғанмен, бұл Конституция өтпелі кезеңде сана мен менталитеттің ауысуын нормалық мәмілеге келтіруге бағытталған, тәуелсіз елдің заңдарымен қоса КСРО-ның кейбір нормативтік заң­намалары тең қолданылады деген дуализм мен конформизмге тәуелді құжат болды. Норма бәсекелестігі, әсіресе на­рықтық қатынастарда, құқық қолдану және сот тәжірибесінде қоғамдық қаты­настарды күрделі механизмнің реттелу санаттарында ерекше білінді.

Менің Елбасымен ең алғаш рет бетпе-бет кездесуім де сол кездерге тұспа-тұс келді. Тоқсаныншы жылдардың басын­да мен Жоғарғы Сот Төрағасының орын­басарлық қызметіне сайланып, біраз уақыт Төрағаның міндетін уақытша ат­қардым.

Елбасы республиканың құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесуде реформа жасау үшін елдегі қылмыстың деңгейіне алаңдаушылығын білдіріп, қоғамдық тәртіпті қалыптастыру маңыз­дылығын, сот жүйесін реформалау, оның мәртебесін жаңаша реттеу туралы ойларын баса айтып, барлығын озық әлем тәжірибесі аясында оңтайландыру керек екенін жиі қозғап жүрді.

Уақыт адам өмірінен оза қимыл­даған сол тоқсаныншы жылдар қоғам­нан нарықтық қатынасқа бейімделу, демократиялық, зайырлылық құндылық­тарды қалыптастыру сияқты тың бағыт­тарды талап етті. Мемлекеттің дамуын­ жаңаша модернизациялау, өзгемен те­резесін теңестіру стратегиясы жаңа Кон­ституция, өзгеше құрылым моделі ке­ректігін қажетсінді.

Тұңғыш Президенттің бастамашыл­дығымен, 1995 жылы 30 тамызда бүкіл­халықтық референдумда қолда­ныс­тағы Конституция қабылданды. Оны ма­­құл­даған халық, ұсынған Елбасы бола­тын. Конституция мемлекетіміздің бас­ты инс­титуционалдық негіздерін ор­нық­тыратын халық пен биліктің негізгі шарты, келісім құжаты, ұлттық идеология маңызына ие болды.

Конституцияның жобасы бойынша жұмыс барысында Тұңғыш Президент іс жүзінде жиырмадан астам шетелдік конституцияны өзі зерделеп, пысықтағаны туралы бұған дейін де көп айтылды. Ол мысалды одан әрі тереңдетпей-ақ, осымен қанағаттанайық.

Жаңа Конституцияда мемлекет фор­масы қандай болмақ? Басқару тетік­тері қалай реттеледі? Адамның және аза­маттың табиғи және позитивтік құқық­тары қандай деңгейде бекиді, еркін­дік пен бостандық қалай баян етіледі, оның кепілі кім? Меншік формасы, оның құн­­дылық есебінде бекуі, сот жүйесі, кон­­ституциялық бақылау институты, жер­гілікті аумақтық басқару тәсілі, би­лік­тің тұтастығы мен оны тежеу сал­мақ­тылығы қалай болуы керек деген кон­цеп­туалды мәселелер түбегейлі анық­талып, нормативтік сипатын алды.

Мемлекет қалыптастырудың әлем­дік тарихында аса маңызды құқық жәді­герлерінің авторы болады. Шың­ғыс ханның «Ұлы Жасақ», Тәуке хан­ның «Жеті Жарғы», Наполеонның «Аза­мат­тық кодексі» дегендей.

Бүгінгі қолданыстағы Қазақстан Рес­­­­­публикасының Конституциясы – Тұң­­­ғыш Президент Н.Назарбаевтың мем­­­ле­­кетшілдік идеясының құқықтық по­­зи­­циясының жүзеге асқан көрінісі. Кон­­ституция әлемдік озық тәжірибеге сүйенген, халқымыздың дәстүр әдетіне иек артқан, интеллектуалдық қуатына бейімделген жаңа үдемелі өркениеттік құндылықтарға жетелейтін бағдарлы құжат болды. Елбасы оның нормаларын жетік білумен қатар, жатқа айтып отыратыны оның әр бабы өз жүрегінен, толғанысынан туғанынан деп ойлаймын.

Жаңа Конституция қабылданған алғашқы жылы құқықтық база жоққа тән, Жоғарғы Кеңес өз жұмысын тоқтатқан, ал жаңа Парламент әлі сайланбаған бір вакуумды уақыт болды. Сол кезде Елбасы әлемде сирек кездесетін ерекше құқықбастамашылық прецедентке барды. Заң қабылдау функциясын өз қолына алып, Президент үш айда жүзден аса заңдық күші бар жарлық қабылдады. Ағын судың тежеуін ашқандай экономиканы реформалауға құқықтық мүм­кіндік берген осы жарлықтар КСРО-дан қалған көтерілуі қиын жоспарлы экономиканы, социалистік шаруашылық құрылымдарын өзгертуге, Конституция бекіткен басқару институттарын қалып­тастыруға теңдессіз үлес қосты.

Жаңа Конституцияға сәйкес тың мемлекеттік құрылым институттары жа­­сақ­талды. Мемлекет әлеуметтегі келіс­­­пеушілікті, дау-дамай, шиеленісті ше­шу функциясын сотсыз атқара алмай­тыны белгілі. Конституция жаңа сот би­­лігі жүйесінің моделін ұсынды. Ар­бит­раждық соттардың функцияларын жалпы юрисдикциядағы соттарға бере отырып, оларды тарату арқылы сот жү­йесінің бірлігі бекітілді. Жергілікті сот­тардың судьяларын ел Президентінің тағайындауы және Жоғарғы Сот судьяларын Парламент Сенатының сайлауы тәртібі енгізілді. Судьяларды ірік­теу және олардың тәуелсіздігін қамта­масыз ету жөніндегі орган ретінде Жо­ғары Сот Кеңесі мен Біліктілік әділет алқасын құру көзделді, судьялардың мәртебесі мен адамның құқығын және бостандығын қорғау жүйесіндегі рөлін нығайта отырып, оларға тиіспеушілік кепілдігі кү­шейтілді.

Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа Конституция негі­зінде жаңа сот жүйесінің іргесі қаланып, оның қызметінің қағидатты мәселелері реттелді.

Парламент Сенатының Төрағасы, еліміздің Жоғарғы Сотының Төрағасы, Республиканың Бас Прокуроры, ал қа­зір – Конституциялық Кеңестің Төр­ағасы сияқты жоғары мемлекеттік лауа­­зымдарында жұмыс істей отырып, мен Елбасының көптеген жұмыс кезде­су­лерінде, республикалық кеңестерде, Қауіпсіздік Кеңесінің, Сенаттың отырыс­тарында және Парламенттің бірлескен отырыстарында сөйлеген сөздерін тұ­рақты тыңдадым. Президентті Консти­туциялық Кеңестің, сот жүйесінің, прокуратура органдарының қызметі туралы хабардар етіп отырдым.

Білімі бойынша заң саласының маманы емес адамның конституциялық, құқық қорғау тақырыбы бойынша түсі­ніктерінің соншалықты молдығына, кон­ституциялық материяны терең меңгер­геніне әрқашан таңданатынмын. Ол адам­­ның құқықтары мен бостандықтары, қатынастардың эконо­микалық негіздері, азаматтық қоғам, саяси көзқарастар тү­рінде толық суретте кешенді көреді. Өзі­нің осы ұста­нымын мамандардың назарына жеткізе алады және оппоненттермен өткір пікірталастарда қорғай алады.

Тұңғыш Президент конституциялық құқықтық саясатты жіті меңгере отырып, оны жүзеге асыру процесінде әр­қашан Конституцияда көрсетілген Заң үстемдігіне ерекше көңіл бөледі. Өзінің сол сенімін жеке үлгісімен дәлелдеп отырады.

Елбасы Республиканы басқаруды күрделі өтпелі кезеңде өз қолына алды. Экономикалық дағдарыс, қоғамның белгілі бір бөлігінің құндылықты бағдар­ларды жоғалтуы, қылмыстың өсуі, сыбайлас жемқорлық жаңа қоғамдық-эко­номикалық формацияның базалық негіздерін, оған барабар нарықтық инсти­туттарды құруға байланысты түбе­гейлі шараларды жүргізуге кедергі жасады.

Бұл проблемаларды шешу жолдары Мемлекет басшысының жеке бақы­лауында болды, қажетті уақытта ол бұл процесті «қолмен басқару» режімінде үйлестірді. Мына бір жағдай есіме түсіп отыр, 1999 жылы қалыптасқан ахуал­ды есепке ала отырып, республика Пре­зиденті құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың бірінші басшылары кірген Шұғыл штаб құрып, оны басқаруды өзіне қалдырды. Мені орынбасар етіп тағайындады. Штаб отырыстары ай сайын, ал кейде одан да жиі өткізілген болатын, оларда республика өңірлеріндегі қылмыстық ахуал, өзекті проблемалар талқыланып, сол бойынша пәрменді шешімдер қабыл­данды. Экономикалық және әлеумет­тік себептерді жою, мемлекеттік орган­дар­дың рұқсат беру функцияларын оңтайландыру, қылмысқа қарсы күресте басымдықтарды қайта қарау жағдайды жақсартуға, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға мүмкіндік берді.

Әсіресе, сыбайлас жемқорлық факті­лерінің алдын алуға ерекше көңіл бөлінді. Шетелдердің оң тәжірибесін ескере отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аудара отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа сая­сат жасалды. Елбасы өзі басқарған Штаб жұмысының нәтижесінде елдегі қылмыстандыру про­цесі тежелді, қоғам­ды қылмыстық сипаттан арылтуға мүмкіндік ашты. Сол жылдардан бастап елде­гі қылмыс саны жыл­дан­­-жылға азая түсті. Пенитенциарлық жүйе реформаланды.

Халықаралық масштабта конституцияны дамып отыратын құқықтық материя ретіндегі қабылдау туралы тезис жалпы танылған. Ол «тірі конституция» деп аталатын тұжырымдаманың негізінде қаланған. Ата заңды одан әрі жетілдіру оған түзетулер енгізу жолымен, сондай-ақ конституциялық бақылау органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады.

Дамудың жоғары қарқыны, мемле­кеттік басқару жүйесін жаңғырту, жаһан­­дану, экономикада, әлеуметтік салада транс­формациялауға әкеп соғатын қа­зіргі заманғы сын-қатерлер және басқа да факторлар бірқатар мемлекеттерде конституциялық реформалар жүргізуге түрткі болды.

Конституция мен қоғамдық және мем­лекеттік даму қажеттіліктерінің арасында алшақтыққа жол беруге болмайтыны біздің ел үшін де анық болды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы өз кезегінде демократиялық реформаларға негіз болып, жылдам өсу үшін жағдай жасайтын өзгерістер енгізуге бастамашылық жасады.

Өткен жиырма бес жыл ішінде кон­сти­туциялық реформалар жүргізу жөнін­дегі процестің президенттік форматы пысықталды және бекітілді. Бұл про­цестер кезінде де Елбасы қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жауап­кершілігімен ерекшеленді. Оның негі­зін Ата заңды барынша сақтау, оның тұрақтылығы мен серпінділігін қамта­масыз ету құрайды. Конституцияны өз­гер­туге тек ерекше қажет болған жағ­дайда, елеулі дәлелдеме болған кезде, күтілетін салдарлар мен ықтимал тәуе­келдер түсіндірілгенде ғана жол берілді.

Қазақстанда өткен Конституциялық реформалардың әрқайсысы қоғамның эволюциясымен тікелей байланысты. Ата заң уақыттың болмысын ескере отырып, 1998, 2007 және 2017 жылдары жүргізілген конституциялық реформалар барысында түзетулерге, сондай-ақ 2011 және 2019 жылдары ішінара түзетулерге ұшырады. Әрбір Конституциялық реформа қоғамды одан әрі дамытуға ықпал жасап, адам құқықтары саласын жоғары стандарттарға жақындата түсті.

Конституциялық материяны толығы­мен біле отырып, Елбасы Конституция­ның басты құндылықтарын, идеялары мен ережелерін айқындайтын тұжы­рым­дамалық құрылымдарды қалып­тастыруға шешуші әсер етті.

Конституцияға өзгерістер енгі­зуде қалыптасқан Президенттік формат осы процесте саясатты құқыққа аралас­тыр­маудың және болашақта сапалы кон­ституциялық құқық қолдануды қам­тамасыз етудің кепілі болды. Тұңғыш Президент конституциялық процестің соңғы кезеңінде саясатты екінші кезекке ысырып, заң жобасын заңгер-мамандар дайындағанын қатаң қадағалап отырды.

Конституциялық реформалар мін­детті түрде терең және ауқымды халық сараптамасын жүргізуді, қазақ­стандықтардың көпшілігінің консти­туциялық процеске қатысуын қамтиды. Бұл процесс сондай-ақ әрдайым шетелдік ғалымдардың және халықаралық ұйым­дардың пікірлерімен санасуды қажет етеді.

Мысалы, 2017 жылы өткізілген Кон­сти­­туциялық реформаның жобасы туралы конституция саласындағы таны­­мал мамандарды біріктіретін аса беделді орган − Венециялық комиссия Қазақстанның конституциялық эволюциясы жөнінде өте жоғары баға берді.

Қазақстандық конституционализм құры­­лысының барлық бөліктерін бір-бірі­мен үйлестіру, мазмұны, кезек­тілігі, құралдары мен орындаушыларын анықтау Тұңғыш Президент жа­­са­ған мемлекеттік жоспарлаудың бірегей жүйесі арқылы мүмкін болды. Оның негізін Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулар, стратегиялар, тұжырымдамалар және басқалар құрайды.

Конституцияға негізделген Қазақ­стан Республикасының ұзақмер­зімді дамуының екі стратегиясы: «Қа­зақ­стан-2050» стратегиясы және іске асы­рыл­­­ған «Қазақстан-2030» страте­гиясы өздерінің ең жоғары әдіснамалық, сая­си, дүниетанымдық, идеялық және пат­риоттық мазмұндылығымен ерек­ше­ле­неді. Олардың арқасында әртүрлі тарихи кезеңдерде мемлекет пен қоғам­ның эво­люциясындағы сабақ­тастық сақ­талды.

2015 жылы наурызда респуб­лика Пре­зиденті ұсынған бес институцио­налдық реформа бойынша да қоғамдық және құқықтық топтар арасында тығыз өз­ара іс-қимыл орнатылды.

Конституцияның кепілі ретінде Пре­зидент Конституциялық Кеңестің ре­сурс­тарын пайдалану жөніндегі өкі­лет­тіктерге ие. Ол өзінің осындай Консти­туциялық құқығын үнемі іске асырып отырды.

Елбасы конституциялық бақылау орга­нының алдында Конституцияны түсін­діруді талап ететін мәселелерді үнемі көтеріп, Конституциялық Кеңеске 23 рет өтініш берді.

Н.Ә.Назарбаев елдегі конститу­ция­лық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпаратты тыңдап, кеңес төрағасымен және мүшелерімен кездесіп отырды, Негізгі заңның ережелері мен норма­ла­рын насихаттау және түсіндіру мәсе­лелерін әрқашан өз назарында ұстады.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назар­­баев өзінің әрқашан бұлжытпай бас­шы­лыққа алып келе жатқан Негізгі заңға адалдығын, конституциялық заң­ды­лықты бәрінен жоғары қоятынын өткен жылдың 19 наурызында тағы бір растап берді.

Мемлекетіміздің осы аса маңызды тарихи сәтінде жасаған үндеуінде Елбасы өз еркімен жоғарғы биліктен кететінін жариялап, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім − бас­шылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету, деген еді.

Бұл – ұлы саясаткердің парасатты қа­дамы, елін, жерін сүйген біртуар тұл­­­ға­ның нағыз ерлігі, мемлекеттің қа­мын ойлаған үлкен тереңдіктің айқын кө­рінісі. Президенттік билікті өз еркімен және бейбіт жағдайда беру әлемдік тәжі­рибеде өте сирек, тіпті жоқ деуге бо­лады. Салиқалы халқымыздың сабы­рымен, биліктің сайлану салтымен өткен жоғарғы биліктің байсалды ауысуы ха­лық­тың қолдауын тауып, халықаралық қоғам­дастықта жоғары бағаланды.

Тұңғыш Президенттің таңбалы шеші­мін жүзеге асыру толығымен Ата заңның талаптарына негізделді. Оны жария етпес бұрын Елбасы Конституциялық Кеңеске жүгініп, президенттік өкілеттіктерді мер­зімінен бұрын тоқтату негіздерін нақ­тылап беруді сұрады. Кейіннен Кеңес­тің қаулысын басшылыққа алып, өзінің құқығын іске асырды. Осылайша, іс басындағы Мемлекет басшысының өкі­леттігін тоқтатар алдында, ол өзінің Кон­ституциялық принциптерге тәуелді екенін тағы да көрсетті. Заңгер ретінде біз бәріміз бұл ұстанымның мәнін басқа­лардан терең түсінеміз.

Өткен бір жарым жылға жуық уақыт Елбасының мемлекет пен халық мүддесі үшін жасаған теңдессіз қадамының дұ­рыс­тығын көрсетті. Конституциялық заң­намада қарастырылған Тұңғыш Пре­зидент пен республика Президентінің қызметтері бір-бірін толықтырып, елі­міздің алдында тұрған күрделі мәсе­лелерді шешуге қызмет етуде.

Тұңғыш Президенттің тарихи миссиясын талдау кезінде атақты ғалым Джон Шаардың: «Болашақ қайда бара жат­қанымызбен емес, біз не жасайты­нымызбен танылады. Жолды іздеу емес, салу керек. Құрылыс процесінің өзі жаратушыны да, сол сияқты оның тағдырын да өзгертеді», деген сөздері тура біздің Тұңғыш Президентке айтыл­ған сияқты көрінеді. Бұл пікірдің мәні егеменді Қазақстанның болашағын нөл­ден қалып­тастырған Елбасының жасампаз қызметінен анық көрініс тауып отыр.

Өткен жылы Еуразия елдерінің пар­ламенттері спикерлерінің IV кеңесінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде мен отыз жылға жуық мемлекет құрып, Қазақстан Респуб­ликасы деп аталатын елді басқару құрме­тіне ие болдым. Халық сонша жылдар бойы маған басқаруға, елді белгісіз жолмен жүргізуге сенім білдірді. Көп уақыт басқара отырып, мен өкілеттіктерді тоқтату туралы шешім қабылдадым, арнайы қабылданған заң күшімен Елбасы мен Тұңғыш Президент өкілеттігіне ие болдым және оларды әлі де орындаймын», деп айтқан болатын.

Тұңғыш Президент отыз жылда тәуел­сіз Қазақстанның тарихын өз қо­лы­мен жасап, әлем картасында жаңа Қазақстанның өмірбаянын өзі жазып кетті. Біз оны шама-шарқымыз жеткенше оқырмандарға баян еттік.

Қазақстан дамуының жаңа кезе­ңінде халқымыздың бірлігін сақтау, тәуел­сіз­дігіміздің туын жықпау жолында үлкен жұмыс күтіп тұр. Бұл бағытта Елбасы әлі де шешуші рөл атқаратын бо­лады. Ұл­тымыздың бақыты үшін туған ұлы тұлғаға амандық, зор денсаулық тілеймін!

 

Қайрат МӘМИ,

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы