Экономика • 23 Маусым, 2020

Салықтың салмағы қандай?

137 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде қосымша құн салығының көлемі 16 пайызға, корпоративтік табыс салығы 24 пайызға ұлғаюы мүмкін. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі жанында салық салу мен бюджет кірістерін жетілдіру бо­йынша ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобы құрылған. Үкіметтің ұстанымы түсінікті. Ал сарапшылар мен бизнесмендердің пікірі қалай?

Салықтың салмағы қандай?

Ә.Смайылов айтқан жұмыс тобы­ның құрамында мемлекеттік орган­дар­­дың, қоғамдық ұйымдардың өкіл­­дері, Парламент депутаттары, «Атамекен» ҰКП өкілдері, бел­гілі эко­но­­мистер бар. Бұған дейін бір­неше оты­рыс өткізген жұмыс тобы Үкімет на­зарына 77 ұсыныс әзір­лепті. Са­лық көлемін көбейту де қам­тыл­ған. Ал қаржы сарапшылары мен кәсіп­кер­лер оның дұрыстығына күмән­мен қарап отыр.

Белгілі қаржыгер Расул Рысмам­бетовтің ҚҚС пен КТС-ты көтеруге қатысты пікірін білген едік.

– Бұл орынды шешім деп ойла­май­мын. Қазақстанда микробизнеске салық салуға мораторий жария­лан­ғанын білесіздер. Алайда каран­тин кезінде еліміздегі компа­ния­лар­дың жартысына жуығы­ның жұ­мы­сы тоқтап тұрды, әлі жұ­мысты бас­­та­маған компания­лар да бар. Каран­­тин­нен кейін осы кәсіп­орын­дар­дың 10 пайызы жұмысты одан әрі жал­ғас­тыра алмай, жабылып қалуы ықти­мал. Мемлекет әлі жалғасып жатқан каран­тиннің салдарымен күресу үшін аз қаражат жұмсаған жоқ. Енді келіп салықты көтерсе, бұл Үкіметтің экономиканы аз уақыт ішінде оңалтуға сенімсіз екенін көрсетеді. Бизнес пен азаматтарды қол­дауға қаржы бөлген Үкімет іле-шала оның қайтарымын күтіп отыр, – дейді сарапшы.

Оның пайымдауынша, бұл орайда екі мәселеге назар аудару керек.

– Екі күрделі тенденция бар: егер мемлекет бизнеске сапалы қолдау көрсетуге, айталық жемқорлықты болдырмауға, ашық әрі әділ сот болатынына кепілдік берсе, онда салықты 30 пайызға дейін көтере беруге болады. Алайда соңғы кезде елімізде негатив көңіл күйді карантин шаралары күшейтіп жіберді. Үкімет салықты жоғарылату қажеттігіне азаматтарды сендіре ала ма? Онсыз да «көлеңкеге» кетуге мүмкіндігі бар бизнес Үкіметтің шешіміне көне ме? Сол жағы қызық болып тұр. Салықты көтерудің тағы бір теріс жағы бар. Мөлшерлемені көтердік делік, 16 және 24 пайыздық мөлшерлеме жалпы алғанда Ресей­дегі немесе Беларусьтегі көрсет­кіштен жоғары болуы мүмкін. Иә, бізде бұл елдер­мен салыстырғанда бәсе­кеге қабі­­лет­тілеу басқа да са­лық­­тар бар. Алайда өнеркәсіптің даму дең­гейінің салыстырмалы түр­де төмен екендігін ескерсек, са­лық деңгейі бірдей бол­ғанның өзін­де Қазақстан Еуразия­лық эконо­ми­калық одақ елдерінің ішінде бәсе­кеге қабілетсіздеу болады, – дейді Р.Рысмамбетов.

Алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Әлия Мамытбаеваның айтуынша, қазір кәсіпкерлер онсыз да қиын жағдайда, мемлекеттің көмегіне зәру болып отыр. LSM.kz-де жарияланған пікірінде ол:

– Бюджетті толықтыру салық­ты көтеру мен жаңа салық түр­лерін енгізуге аргумент бола алады. Алай­да дүние жүзі бойынша мем­лекет­тердің басым көпшілігі бизнеске қолдау көрсетіп жатқанын ескерсек, біздің елде мұндай шара­лардың қабылданғаны өте сора­қы факті болады. Бүгінгі таңда ал­ко­гольді емес сусындардың 90 па­йызы Қазақстанда шығады. Яғни нарықтың құлдырауының әсерін тек отандық кәсіпорындар сезі­неді. Біздің өндірушілер онсыз да өнімнің 5-10 пайызын өткізе алмады. Салықты көтеру тұтыну тауарларын қымбаттатады. Өндіріс көлемі төмендейді, өнімді өткізу мен экспортқа шығару да азаяды, жұмыспен қамту ауқымы қысқара­ды, негізгі капиталға салынатын инвестиция кемиді, – деді.

Ә.Мамытбаева өндірушілердің жұмысы шектелгеніне бірнеше ай бол­ғанын, салық көтерілген жағ­дай­да компаниялардың ішкі нарық­тағы және экспорттық әлеуеті төмен­дейтінін айтады. Қазірдің өзінде бірқатар кәсіпорын жабылып жатыр. Қазақстанда алкогольді емес және минералды сусын өндіру ин­дуст­риясында тікелей 100 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Саладағы бір жұмыс орны өзге жанама салаларда 7-10 жұмыс орнының ашылуы­на түрткі болады. Яғни тікелей осы салада мың адам жұмыссыз қал­ға­ны­ның өзі бірнеше мың жұмыс орны­ның жабылуына ықпал етуі мүмкін.

– Тамақ өнеркәсібі – әлеуметтік тұрақты­лық кепілі саналатын сала. Бюджеттің кірістілігін арттыру мен салықты жетілдіру мәселесі­не қатысты ұсыныстар біздің есебі­міз­ден жасалмайды деп үміт­тенеміз. Біз мемлекет тарапынан салық ауырт­палығының немесе жеңіл­дік­тер­дің алынып тасталуын күт­пей­міз, керісінше қолдау күтеміз. Қауым­дастыққа мүше компания­лардың алдында тұрған басты міндет – дағда­рысқа дейінгі көрсеткішке жету, жұмыс орындарын сақтау, қазіргі салық пен алымдарды төлеу, сол арқылы экономикаға үлес қосу, – дейді ол.

Дағдарыс сүт өнімдері саласын­дағы рентабельділікке де кері әсерін тигізді, қазір ол көрсеткіш 1-7 па­йыз аралығында. Сүт одағының өкілі Дінмұхамед Айсауытовтың пікірін­ше, теңгенің құнсызданғаны, өңдеу саласына қажетті қаптамалар­дың импортқа тәуелділігі, логистика­ның қымбаттығы өңдеуші кәсіп­орындарға қиынға соғуда. Салықтың жоғары­лағаны өндірісті төмендетіп, қыз­мет­керлер санының қысқаруы­на соқты­руы мүмкін. Салдарынан салық салынатын базаның өзі құл­дырайды.

Жалпы, еліміздегі корпоративтік табыс салығының көлемі заңды тұлғалардың көпшілігі үшін 20 па­йызды құрайды. Қосымша құн салығы да 2009 жылдан бергі аралықта 12 пайыздан көтерілген емес. Оның көлемін көтеруге қатысты ұсыныстар алдымен қоғамдық талқылауға және Үкіметтің қарауына ұсынылады.