Әлем • 24 Маусым, 2020

Еуропа ертегілері қазақ тілінде жарық көрді

763 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі тұңғыш рет "Еуропа әлемінде" атты ертегілер жинағын қазақ тілінде жарыққа шығарды, - деп жазады Egemen.kz

Еуропа ертегілері қазақ тілінде жарық көрді

Кітап Еуропаның мәдени мұрасының бірыңғай топтамасы ретінде Еуропалық Одақ елдерінің аңыздары мен басқа да дәстүрлі ертегілерінің жинағы. Кітаптың мақсаты – Еуропа халықтарының таңғажайып халық дәстүрлерінің ортақ негізін табу, сонымен бірге ескі құрлықтың құндылықтарының бірлігін көрсету.

Кітапқа Еуропалық Одаққа мүше 27 елдің әрқайсысының халық ертегілері, аңыздары мен нақыл сөздері кірген. Жинақтағы кейбір аса сирек кездесетін ертегілер қазақ тілінде тұңғыш рет жарияланып отыр.

Еуропалық Одақ Елшісі Свен-Олов Карлссон: “Қазақстандық оқырмандардың басым көпшілігі осы ертегілермен таныс екендігіне сенімдімін. Мәдениет шекара талғамайды, құрлықтарға, кейде одан да тыс аймақтарға өріс жаяды. Сол себепті, ұқсастығымыз біз ойлағаннан да көп және бұл кітаптың мақсаты осы байланыстарды көрсету”.

Кітап дайындауға жарты жыл уақыт кеткен. Барлық иллюстрациялар Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелері, дарынды апалы-cіңілі Ғалия және Балқия Құсайыновалармен (ГаБо) дайындалды. “Еуропа әлемінде” ертегілер кітабының электронды нұсқасы барша оқырманға қолжетімді.