Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындар эвакуацияланған орынға барып, тұрғындармен жүздесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Арыс қаласын аралап, қираған тұрғын үйлер мен əкімшілік нысандарын аралап көрді. Сондай-ақ Шымкенттің облыстық клиникалық ауруханасында жатқан отандастарымыздың көңілін сұрады. «Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінəлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс», деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Арыс қаласының тұрғындарына бүкіл Қазақстан халқы қол ұшын созды. Түрлі көмек қорлары құрылып, оған еңбек ұжымдары бір күндік жалақыларын, қолы ашық кәсіпкерлер қомақты қаржыларын аударды. Еліміздің тұс-тұсынан жіберілген гуманитарлық көмек пен волонтерлердің еселі еңбегін де ескерусіз қалдыруға болмас. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, қайғыдан қан жұтсақ та қайратымыз кеміген жоқ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп», елдіктің ерен үлгісін таныттық.
Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осы бір жыл мұғдарында атқарылған жұмыстар қорытындыланған онлайн баспасөз мәслихаты өтті. Оған Қарулы Күштердің Тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы Асылбек Сатвалдинов, Қарулы Күштердің оқ-дәрілер Бас басқармасының оқ-дәрілерді есепке алу және қамтамасыз ету басқармасының бастығы Нұралихан Асанов, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек (бейне байланыс арқылы), Қарулы Күштердің Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Руслан Шпекбаев қатысты. «Бүгінгі таңда жағдай бақылауда. Сонымен қатар инфрақұрылым 90 пайызға қалпына келтірілді. Бір жыл мұғдарында Арыстағы төтенше жағдайдың салдарын жою отряды жұмыс істеп жатыр. Іздеу, инженерлік барлау және минадан тазарту топтары жақын маңдағы ауыл аймақтарының 300 шаршы шақырым аумағындағы егін алқабын тазартты. Саперлердің мобильді іздестіру тобы жергілікті халықтан келіп түскен 740-тан астам өтінішті қарап, нәтижесінде 4,5 мыңнан астам жарылғыш зат залалсыздандырылды, – деді А.Сатвалдинов. Оның айтуынша, сүңгуірлер Арыс өзенінің 30 шақырымнан астам арнасын тазартыпты. Ал жарылыс болған аумақтың жалпы ауданы 500 га-дан асады. Жергілікті учаскеде жалпы ауданы 130 га-дан астам жердің бетінде тазарту жұмыстары жүргізілді. Саперлер 2 мың тоннадан астам оқ-дәрі фрагментін жинап алыпты. Сонымен қатар Арыстан барлығы оқ-дәрілердің 380 мың фрагменті әкетілсе, соның 300 мыңының жарылып кету қаупі бар көрінеді. Ондай фрагменттерді жою үшін Арыс қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан «Бастарма» полигоны белгіленіпті.
Спикердің айтуынша, жарылғыш заттарды ұрлау және қолданысқа енгізу фактілерін болдырмау, сондай-ақ оқ-дәрі фрагменттерінің түрлі-түсті сынықтарын заңсыз сатуға жол бермеу мақсатында алдын алу рейдтері жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Төтенше жағдай салдарынан 7635 үй зардап шеккен болатын. Соның ішінде 480-і жарамсыз деп танылып, қайтадан салынып, пайдалануға берілді. Жөндеуді қажет ететін 7155 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар меценат, қоғам қайраткері Болат Өтемұратовтың қоры қала тұрғындарына қоспәтерлі 50 үйдің құрылысын салып, 100 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласы және Ақдала, Дермене, Қожатоғай ауылдық округтеріне қарасты 8 елді мекенде тұратын 62610 азаматқа 6 млрд 261 млн теңге өтемақы төленді», деді М.Қадырбек. Оның сөзіне қарағанда, Арыс қаласы бойынша төтенше жағдайдан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандардың саны 467-ні құраған. Соның ішінде 404 нысанның иесіне «Менің Атамекенім» қоғамдық қоры арқылы 3 млрд 69 млн теңге көлемінде кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтіру жұмыстары үшін өтемақы төленді. 63 кәсіпкерлік нысан иесіне қорда қаражаттың жетіспеуіне байланысты төлемді алдағы уақытта беру жоспарлануда.
Сонымен қатар Арыста жалпы 66 әлеуметтік нысан зардап шеккен. Соның ішінде балабақша, мектеп пен спорт алаңдары бар. Жарылыстан кейін 4 нысан жаңадан салыныпты. 62 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған «Самұрық-Қазына» қоры жауапты болып бекітіліп, нысандар мерзімінде тапсырылған.
Р.Шпекбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда қалада төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі жиынтық жасақ жұмысын жалғастыруда. Бір апта бұрын жұмыстарды одан әрі жүргізу үшін десанттық-шабуылдау әскерлерінің инженерлік-саперлік бөлімшелерінің қызметшілері келді.
Спикер биылғы негізгі күш үш бағытқа жұмсалатынын сөз етті. Соның алғашқысы – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қала аумағын және оған іргелес елді мекендерді 20 шақырым радиуста профилактикалық тексеру жүргізу. Екінші бағыт – қойманың ішкі аумағын жарылу қаупі бар оқ-дәрілердің фрагменттерінен тазарту. Жарылыс қаупі бар оқ-дәрілердің фрагменттерінен тазарту жөніндегі міндеттерді орындайтындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Үшіншіден көрші аумақта қалған инженерлік оқ-дәрілер түгенделетін болады.