Еңбекминінің басшысы ағымдағы жылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша экономикада жұмыспен қамтылғандардың саны 8,8 млн адамды, жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрағанын атап өтті.
Наурыз-сәуір айларында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты 4,2 миллион қазақстандық уақытша жұмыстан босатылды.
"Карантиндік шараларды жеңілдету үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде басталды, бұл кезең-кезеңімен жұмысқа оралуға мүмкіндік берді. Үкімет жұмыспен қамтуға көңіл бөліп, экономиканы қалпына келтіру бойынша қабылдап отырған шаралар ағымдағы жылдың шілде айынан бастап еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандырады деп есептейміз", - деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, жыл соңында күтілетін жұмыссыздық деңгейі 6,1% болуы мүмкін.
Осы орайда, ол осы жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 1 миллион 220 мың адамды тарту жоспарланып отырғанын атап өтті.
"Азаматтардың көбі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде – 600 мың адам, жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде – 255 мың адам, басқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша (Нұрлы жол, Нұрлы жер, 2020-2025 жылдарға арналған ИИДМБ және т.б.) – 364 мың адам жұмыспен қамтылады", - деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, 1 маусымдағы жағдай бойынша 224 мыңнан астам адам "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысып, олардың 185 мыңы жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында бос жұмыс орындарына 99 мың адам; қоғамдық жұмыстарға – 62 мың; әлеуметтік жұмыс орындарына – 13 мың; жастар практикасы бойынша – 11 мың орналастырылды.
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында (бұдан әрі – ЖҚЖК) 255 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 6505 инфрақұрылымдық жоба көзделген, оның 15 мыңы тұрақты нысандарда. ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асырудың ерекше шарты – бұл отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің кем дегенде 90%-ын пайдалануды қамтамасыз ету. Жұмысшылардың кем дегенде 50%-ы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа қабылданады.
ЖҚЖК іске асыру болашақта аралас салаларда 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құруға негіз болады.