Әдетте, ақпараттың тым көптігінен мезі болған жұрт бірауыз сенімді хабарға зәру болып қалды. «Не болып жатыр, «жау» қайда, не істейміз, мұның соңы немен бітеді, қанша адамды «тұтқынға» алды, қалай қорғанамыз?» деген мазмұндағы сұрақтарға жауап табу үшін халық ақпарат көздеріне зер салып әлек болды. Дәл осы сәтте ескертпей келген пандемияның денсаулық саласын ғана тығырыққа тіремегені анық көрінді. Қытайдан басталып, Еуропа құрлығы, одан АҚШ-қа жеткен белгісіз жаумен күресте барлық елдердің билігі қолынан келген әрекетін жасап, індетті ауыздықтаудың іс-жоспарын дайындап, әр науқасты анықтап жатқанда параллель әлемде екінші «соғыс» қатар жүріп жатты. Бұл ақпарат шайқасы еді. Оның коронавирустан кем қауіп төндірмейтінін түсінген Дүниежүзілік денсаулық ұйымы «инфодемия» деген айдар тақты.
Вирус алғаш тарап жатқан кезде халықтың бірауыз хабарлама үшін денсаулық сақтау ұйымдары мен ел билігін жағасынан алғаны да есімізде. Бұл шетелдік тәжірибе ғана емес. Қазақстанда да алғашқы науқастар табыла бастаған сәтте не төтенше жағдай жарияланған тұста тұрғындар ақпаратты ауадай қажет етті. Сыртпен байланыс үзіліп, төрт қабырғаға қамалған адамның көзге көрінбейтін жаумен бетпе-бет қалғандағы әрекеті осылай болатыны түсінікті де. Тақырыбы коронавирус деп басталатын кез келген ақпаратты санаға сіңіріп алуға дайын болды. Осы кезде интернет беттерінде жарияланған жалған ақпаратта есеп болған жоқ. «Жұқтырғандар саны...», «Қайдан таралды, кімдер жауапты?», «Қалай емделу керек?» деген «айқайлаған» көптеген тақырып оқырманды өзіне бірден елітіп әкетті. Басында ақпарат тапшы болғанымен, кейіннен рас-өтірігін айыру қиын хабарлар қаптады. Осы жағдайдың барлығы сайып келгенде кәсіби журналистер мен сапалы БАҚ-қа деген сұранысты арттыра түсті.
Пандемия өршіген кезде медиа кеңістікте қиындықтармен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Сапалы ақпарат құралдары ең сенімді дереккөзге айналды. Бұған әлемнің барлық еліндегі рекордтық қаралым көрсеткіштері дәлел бола алады. БАҚ саласы тағы бір дүмпуге кезікті, тағы өзгеріске ұшырауға дайын. Осыған дейін де салада технологияның дамуымен, онлайн контенттің көбеюімен, әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалардың танымал бола бастауымен байланысты талай өзгерістер болған және бұл соңғысы емес екені анық.
Жақында The New York Times басылымға ақылы жазылған оқырмандарының саны 6 миллионға жеткенін жариялады. АҚШ-тағы ірі медиа компанияның мұндай жетістікке COVID-19 дағдарысы кезінде жетуі кездейсоқ емес. Басылым басшысы бұл жаңалықты хабарлап тұрып, пандемияның «ақпарат агенттіктері мен газеттерге жаңа аудитория жинауға және шынайы ақпараттың құндылығын дәлелдеуге мүмкіндік» бергенін атап өтті. Бұл сөз жаһандық экономиканың қиындыққа тап болып, басылымдардың қызметіне қауіп төнген тұста сапалы БАҚ үшін демеу болды. Кәсіби журналистер таратқан ақпаратқа сенім артса, сапалы дүниенің көбейетіні даусыз. Сидней университетіндегі Америка Құрама Штаттарының зерттеу орталығы, La Trobe және Мелбурн университеттері жүргізген зерттеу АҚШ пен Аустралияда халықтың үштен екі бөлігі шынайы хабар үшін сауатты дереккөзге жүгінетінін анықтаған. Ал қазақстандықтардың да 56 пайызы соңғы ақпаратты БАҚ-тан алатынын айтқан. Наурыз-сәуір айларында Kantar Barometer компаниясы жүргізген сауалдамаға қатысқан отандастарымыздың көп бөлігі ақпартты телевизия (67%) және интернет ресурстар (71%) арқылы аламыз деп жауап берген екен. Тәжірибе көрсеткендей, жаһандық дағдарыс кезінде халық шынайы ақпаратты сапалы ақпарат көздерінен іздегендігі белгілі. Біздің «Egemen Qazaqstan» газетінің ресми сайты да жедел ақпарат таратқандар қатарында болды. Наурыз-сәуір айларында басылымның онлайн оқырмандары үш есеге өсті. Яғни басылымның 200 мыңның үстіндегі тұрақты оқырманына қоса, сайттағы қаралым саны 100 мыңнан асты. Басқалай айтқанда, еліміздегі бас газеттің сайты пандемия әлемді жаулаған тұста ақпаратты бақылап отыру, ресми өкілдердің хабарламаларын дер кезінде беру, қауіпсіздік және қорғану шараларын түсіндіру секілді маңызды міндеттерді жүйелі орындай білді. Ал төтенше жағдай кезінде үйде зеріккен балаларға ертегілер мен үлкендерге пайдалы кеңестер жариялап отырды. Бұл өз кезегінде газет журналистерінің инфодемияның алдын алу үшін жылдам әрі объективті ақпарат таратуға күш-жігерін жұмсағанын көрсетеді.
Жалпы, сенімді хабарды аудиторияға жеткізу үшін отандық журналистерге де күні-түні жұмыс істеуге тура келді. Аса қауіпті жағдайда қызмет еткен дәрігерлер, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қатарында олар да болды. Тілшілермен бірге, вирус жұқтыру қаупі операторлар мен фототілшілер үшін де аса жоғары болды. Жеке қауіпсіздігін бәске қойып, кәсіби міндетін орындаған маман иелеріне вирус жұқтырып аламын-ау деген қауіптен бөлек үлкен жауапкершілік артылды. Себебі адам денсаулығына, өміріне қатысты ақпаратты таратқанда қаперге алатын этика мәселесі туындайды. Пандемия секілді қиын тақырыпты қаузағанда кәсіби журналистердің кідіріп қалатыны да сондықтан. Кез келген білікті маман БАҚ-тың адам санасына әсер ететін күшке ие екенін біледі. Осы тұрғыдан алғанда отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де пандемия кезінде үлкен сынақтан өтті деп айтуға болады. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында аталған мәселеге басымдық беріп отырғанымыз да сондықтан.
Коронавирус пандемиясы бүкіл әлем халқын есеңгіретіп, өмірлік құндылықтарды қайта қарайтын жағдайға жеткізді. Пандемия кезінде БАҚ оқиғаның қалай өрбіп жатқанын, халықты үрейлендірмей қауіп-қатердің қаншалықты екенін, ғылыми-зерттеулерді, қорғаныс тәсілдері мен адам өзін қалай ұстау керек екенін ашық, шынайы әрі түсінікті жеткізуі керек болды. Отандық БАҚ өкілдері де пандемия мен инфодемияға қарсы күрес барысында өздерінің кәсіби біліктілігін көрсетіп, сенім үдесінен шыға білді деп айтуға тұрарлық.