Журналистиканың дәуірі өтті, қазір оның орнын блогерлер, әлеуметтік желі мен мессенджерлер алмастырып жатыр дегенді жиі естиміз. Бұл пікірмен келісесіз бе? Жалпы, медиа саласы қалай құбылып жатыр?

– Әлеуметтік желі БАҚ-тың бірқатар рөлін иемдене бастағанын мойындау керек. Сатып алушы сатушыға тікелей шыға алады. Саясаткерге өзінің бағдарламасын сайлаушыға таныстыруы үшін телеарнаға барудың қажеті де жоқ. Соған қарамастан, БАҚ рөлі айтарлықтай жоғары деңгейде қала береді деп ойлаймын. Қалай болғанмен де әлеуметтік желілер негізгі контентті ақпарат агенттіктерінен, газет пен телеарналардан алады. Сондықтан жаңа реалияға бейімделіп жұмыс істеу қажеттігі туындап отыр. Егер бұрынырақта «Бүгінгі жаңалық – ертеңгі тарих» деген концепция болса, бүгін бұл «Қазіргі жаңалық – әп-сәтте тарих». Дегенмен мұндағы бір мәселе – сапалы ақпарат тарату. Шынайы ақпаратты әлеуметтік желідегі кез келген хабармен алмастыру аудиторияның психологиясына сіңіп алған. Мәселен, жұрт БАҚ-та жарияланған ақпаратқа ғана сенуге болатынын біледі. Солай бола тұра, қазір әлеуметтік желі де медиа ретінде қабылданып жүр. Салиқалы БАҚ кез келген ақпараттың шығу қайнарын тексеріп, анық-қанығын тәптіштейді. Ал жауапкершілігі жоқ пабликтер тексерілмеген ақпаратты желіге жариялай салады. Міне, осыдан барып қым-қиғаш, қолдан жасалған фейк-ньюс қаптайды. Алайда бүгінгі таңда аудиторияның әртүрлі ақпараттар ағынынан шаршағанын, сапалы контент платформасын іздейтінін аңғара бастадық. Бұл, әсіресе, төтенше жағдай режімі кезінде анық байқалды. Ресми БАҚ-тың (мемлекеттік қана емес, жалпы ақпарат агенттіктері, газеттер, телеарналар) рейтингі бірден көтерілді, өйткені аудиторияның сенімді ақпаратқа деген сұранысы күрт артты.
– Жалпы, осы төтенше жағдай мен карантин кезеңінде «ҚазАқпарат» қалай жұмыс істеді?
– Барлық БАҚ секілді біз де қашықтан жұмыс істеу форматына көшуге мәжбүр болдық. Жаңалықтар қызметіне қашанда «тірі» контент керек, сол жағынан аздап қолайсыздық туындағаны болмаса, соңғы жылдары заман сұранысына икемделіп, қашықтан жұмыс істеу тетіктерін игере бастаған біздің қызметкерлер үшін карантин режіміне бейімделу соншалықты қиын болған жоқ. Негізгі проблема контент жасаудағы алаңның тарыла түсуіне ғана қатысты деп ойлаймын. Өзіңізге белгілі, карантиннің, коронавирустың кесірінен журналист жүзбе-жүз сұхбат ала алмайды. Бұқаралық шараларға тыйым салынған. Баспасөз мәслихаттары тек онлайн режімде өтті, олардың өзі тек коронавирустың айналасында. Аудитория да коронавирус туралы ақпараттан мезі болып, әр алуан контент талап ете бастады. Міне, осындай сұранысқа сай болу үшін психологтармен тікелей эфирлер өткіздік, тарихи очерктер жасадық, үйдегі онлайн-концерттер ұйымдастырдық, «адамдық келбет» материалдарын көптеп жинап оқырманға ұсындық. Жалпы, көп дүние жасалды. Ақпарат порталдарының ғана емес, «Қазақстан тарихы», El.kz секілді тақырыптық жобалардың да рейтингі көтерілгенін байқадық. Жалпы алғанда, біздегі барлық ресурстың, әсіресе әлеуметтік желідегі аккаунттардың оқырмандар саны артты. Бұл сапалы әрі сенімді контенттің маңызын көрсетеді.
Төтенше жағдай тәжірибесі нені көрсетті? Бірінші кезекте бәрінің де – журналистер мен редакторлар, фотоқызмет пен дизайнерлер, бухгалтер мен кадр қызметкерлерінің қашықтан жұмыс істей алатынын көрсетті. Дегенмен, кеңседегі жұмыстың тиімділігі жоғарырақ екені рас.
– Сіз «Хайпократия» терминін жиі қолданасыз. Бұл нені білдіреді?
– Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қазірдің өзінде өте ауқымды аудитория үшін ақпараттық күн тәртібін қалыптастырып жатыр. Олар кейде манипуляция құралына, виртуалды тобырдың көңіл күйін басқару тетігіне де айналып жатады.
Аудитория әлеуметтік платформалардың еркіндік және бейтараптық иллюзиясына бой алдырады. Олардың осы осал тұсын пысықайлар манипулятивтік мақсаттарға пайдаланады. Соның салдарынан «Айғайшыл азшылық орталықтары» пайда болғаны да жасырын емес. Олар яғни тролльдар, хайпожорлар мен киберқауымдастықтар өздерінің «жалдамалы» көзқарасын тықпалау мақсатында әлемжелі алгоритмінің ерекшеліктері мен олқы тұстарын пайдаланады. Нәтижесінде әлеуметтік желіде көтерілген хайп (шу) пен қолдан жасалған байбалам салдарынан шұғыл шешім қабылданатын кейстер де орын алып жатыр. Міне, Хайпократия деген осы – «айқайшыл азшылық диктатурасы». Бұл дұрыс емес. Маңызды шешімдерді қабылдауға ешқандай да эмоция себеп болмауы тиіс. Мәселен, Британиядағы Dayli Mail таблоидының тиражы салмақты Guardian-ға қарағанда бірнеше есе көп. Алайда маңызды шешімдер қабылдау орталықтары негізінен таблоидқа емес, салиқалы басылымға жүгінеді.
Қазір адамдар хайптан жалыға бастады. Сондықтан сенімді ақпарат тапшылығына жол бермеу керек. Ол үшін сапалы фактчекингтер жасалуы тиіс және қолданбалы әрі нақты ақпарат арқылы аудиторияны сенімді ақпарат айналымына енгізіп отыру қажет. Төтенше жағдай режімі мезгілінен қарапайым ғана мысал: әлгі 42500 теңге туралы ақпаратты іздегенде ең бірінші «ҚазАқпарат» сілтемесі шығып, сосын ғана арнайы ресурстарға жол көрсетілді. Рейтингті еш манипуляциясыз, хайп пен фейксіз кәдімгі қажетті ақпараттардан да жасауға болады. Осы тұрғыдан алғанда, «адамдық келбеті» бар сапалы ақпараттарды «сары» жаңалықтарға қарсы қоюға болатын бірден-бір формат деп ойлаймын. Әрине іздеу жүйелерінен, әлеуметтік желілерден жарнама сатып алып, траффик түрлендіре беруге де болады. Кейбір БАҚ, пабликтер әлеуметтік желіде солай істеп те жүр. Бірақ бұл тиімді жол емес. Жасанды аудиторияны ұдайы ұйыстырып тұру керек, бұл дегеніңіз «бос орынға» ақша шашумен тең. Ал бізге бұл керек емес, бізге шынайы траффик керек, сенімді ақпаратқа арқа сүйейтін нағыз сапалы аудиторияның болғанын қалаймыз. Осы ретте бір үрдіске назар аудартайын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деп аталатын барынша принципті талабы барын білесіз, бұл – қоғамдағы кез келген күрделі құбылыс, оқиғаны дер кезінде, жіті қадағалап отыруға тиісті сергек мемлекет концепциясы. Осы ретте өз міндетіне адал БАҚ-қа жүктелер міндет ерекше деп білемін.
Тағы бір қызық тенденция туралы айта кеткім келеді. Интернет дәуіріне дейін адам тәулігіне ең көп дегенде 20-30 ақпарат алатын еді, қазір дәл осы көлемдегі ақпарат бір-ақ сағатта шығады. «Шұғыл» хабарлардың көптігі жалған, жасанды ақпараттың тууына түрткі болады. Фейктерге тосқауыл қою үшін мемлекеттік реттеу қажет-ақ. Қазір кейбір елдерде фейкке қарсы заң қабылдау туралы бастама айтылып жүр.
– Биыл ақпан айында «ҚазАқпарат» ЖШС мен «Қазконтент» АҚ бірікті. Бұның қандай қажеттілігі бар еді?
– Бірінші кезекте бұл әрине ведомствоға тәуелді мемлекеттік ұйымдардың қызметін оңтайландыру үшін жасалды. Бұл жерде Дәурен Абаевтың еңбегі зор. Министрлікке бағынышты құрылымдар санын қысқарту қадамына барып жатқандар көп емес екенін атап өткім келеді. Ал мұндай ұйымдар азайған сайын басқару жүйесі де икемді бола түседі. Бірігу нәтижесінде әкімшілік-басқару персоналы оңтайланды. Яғни шығармашылық қызметкерлер саны артып, әкімшілік қызметкерлер саны керісінше кеміді. Екіншіден, мемлекеттік интернет-ресурстар арасында синергия қалыптасып отыр. Барлық ресурс бір орында шоғырланып, өзара байланыста болады. Бір-бірімен белсенді түрде контент алмасып, ортақ көркемдік кеңестері жұмыс істей бастады. Үйлестіру, мультимедиа секілді қызметтер құрылды. Осындай оңтайлану арқасында барлық редакцияның күшін жұмылдырып, еліміз үшін маңызды жобаларды жедел әрі сапалы жасауға мүмкіндік туды. Мысалы, COVID-19 туралы Coronavirus2020.kz ресми порталын «қазақпараттықтар» бір тәулік ішінде жасап шығарды. Акционерлік қоғамның дәл осындай шұғыл жобалар үшін әлеуеті өте жоғары. Үшіншіден, «ҚазАқпарат» пен «Қазконтенттің» қосылуы арқылы ұлттық интернет медиахолдингінің негізі қалыптаса бастайды, бұл қазіргі жағдайда аса маңызды. Өйткені қазіргі медиа алаң – бұл интернет.
– «ҚазАқпарат» – шетелде меншікті тілшілер желісі жұмыс істейтін, көптеген шетелдік серіктестері бар еліміздегі бірден-бір жетекші ақпарат агенттігі. Жаңалықтар бес тілде: қазақ, орыс, ағылшын, қытай және өзбек тілдерінде таралады. Бұдан қаншалықты пайда бар?
– Әрине шетелде меншікті тілші ұстау үлкен абырой әрі ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды. Біз халықаралық жаңалықтарды көбінесе өз тілшімізден не болмаса серіктестерімізден сұрау салып алуға тырысамыз. Біреуден көшіргенше өзіміздің төл ақпаратты қалыптастырған дұрыс. Қазіргі кезде біздің алдымызда халықаралық ақпарат қызметін кеңейту міндеті де тұр. Бұл ретте Ташкентте Орталық Азия бюросын құру жөніндегі жобаны аса маңызды деп атар едім. Сонымен бірге «ҚазАқпараттың» міндеті – халықаралық оқиғаларды елімізде тарату ғана емес, Қазақстан туралы жаңалықтарды шетелге де көбірек шығару, жариялау. Қазір әлемнің ең ірі ақпарат агенттіктерінің бірі Xinhua порталынан «ҚазАқпаратқа» тікелей сілтемені көре аласыздар. Еуропадағы біздің серіктесіміз ANSA Италияның ең ірі агенттігі «Қазақстан жаңалықтары» атты жеке айдар ашатын болады. Айта кетейін, «ҚазАқпараттың» өзбекше нұсқасы мен «ӨзА»-ның қазақ редакциясы бұл – 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкентке сапары аясында жүзеге асқан жоба. Жалпы, «ҚазАқпарат» Қиыр Шығыстан Оңтүстік Америкаға дейінгі аралықтағы 47 халықаралық серіктесімен жұмыс істейді. Біздің ынтымақтастығымыздың басты критериі – сенімді ақпарат. Биыл жылдың соңына дейін біз осы серіктестерімізге фейк жаңалықтарды ажыратып отыратын «ҚазАқпарат» жасаған жүйені ұсынғымыз келеді.
– Биыл – «ҚазАқпарат» агенттігіне 100 жыл. Қазақстанның тұңғыш ақпарат агенттігінің ғасырлық мерейтойын қалай тойлайсыздар?
– Біз бұл датаны тойлаймыз емес, атап өтеміз деген орындырақ болады. Той тойламай-ақ, нақты істер атқарғымыз келеді. Бұл ретте ең бірінші міндет техниканы жаңарту мен қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту болған еді. Осыған қатысты ең алдымен агенттікті модернизациялауға қатысты көптеген мәселені қолдағаны үшін біздің министрлікке ризашылық білдіргім келеді. Жоспарға келсек, жасанды интеллект базасында болашақта ақпараттар фабрикасын құру ойда бар. Ғасырлық мерейтойға байланысты агенттіктің шетелдік әріптестерімен бірлесе жасаған ақпарат алмасудың виртуал жүйесі іске қосылады. Қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға келсек, тағы да сол Ақпарат министрлігінің қолдауымен «ҚазАқпарат» жаңа заманауи кеңсеге қоныстанды. 100 жылдық аясында жас журналистерге жетекші шетелдік ақпарат агенттіктерінің өкілдерімен шеберлік сыныптарын өткізуді онлайн-форматта жүзеге асыру туралы ойластырып жатырмыз. Түріктің Anadolu және Әзербайжанның AzerTAC бізбен түйдей құрдас – 2020 жылы 100 жыл толып отыр, олармен ортақ жоба жоспарлап жатырмыз. Мерейтойға байланысты басқа да жобалар болатыны анық. Әйтсе де олардың бәрі шығынды талап етпейтін, прагматикалық іс-шаралар болуы керек, бүгінгі уақыт талабы да – осы. Бұған қоса мерейтойлық дәстүрлі атрибуттар: естелік белгілер, шетелдік БАҚ-та жарияланымдар, фотоальбом, «ҚазАқпарат» Ардагерлер кеңесін құру және басқа да шаралар жоспарымызда бар.
Айта кетейін, 2020 жылы baq.kz ақпарат агенттігінің құрылғанына 10 жыл толады. Қазақ тілінде жаңалық тарататын бірегей ақпарат құралы, өзінің орнықты аудиториясы қалыптасқан агенттік.
– Тарих демекші, саяси қуғын-сүргін жылдарында қазақ зиялылары баспасөз төңірегіне топтасқаны, баспасөз өкілдерінің қудалауға ұшырап, жапа шеккені белгілі. Бір кездегі ҚазТАГ, бүгінгі «ҚазАқпарат» тарихында ақтаңдақ оқиғалар орын алған ба?
– Қасіретті жылдардағы баспасөз өкілдерінің тағдырын терең зерттеу керек деп есептейміз. Өйткені оларға жабылған жала, жағылған күйе қазақ зиялылары басындағы қасіреттен кем емес еді. Мысалы, 1959 жылы Хрущевтың сөзін толық бермегені үшін сол кездегі ҚазТАГ басшысы да, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы да бірдей жазаланған. Сол секілді ҚазТАГ-тың алғашқы басшыларының бірі Вятич-Кириллов Аркадий Иванович 1938 жылы «үштіктің» үкімімен қазан айында Алматы маңында атылып кетті.
Қазақтың талантты аудармашысы, көрнекті журналист, ұзақ жылдар бойы ҚазТАГ-та қызмет істеген, агенттіктің аударма бөлімін басқарған қаламгер Хасен Өзденбаев та талай қуғынға түсті. Оған 1937 жылы өзі басқаратын газетте кеткен қате үшін «халық жауы» деген күйе жағылды, кейіннен 1938-1941 жылдары осы жаламен сотталып, түрмеге отырып шықты. 1955 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы ҚазТАГ-та аудармашы болып істеді. Ал бертіндегі Желтоқсан оқиғасына қатысты сот отырысынан әлемге ақпарат таратып, фотосын жариялағаны үшін ҚазТАГ-тың бас директоры Жұмағали Ысмағұлов та жапа шекті. Қайрат Рысқұлбеков бастаған бес қазақ жігітінің сот залында қасқайып тұрғаны бейнеленген фотоның авторы Юрий Беккер де, директор Жұмағали Ысмағұлов та, сосын ҚазТАГ-тың осы фотосы мен ақпаратын басқан газет басшылары да жазаланды. Мінеки, осының бәрін талдап, архивті ақтара берсе, әлі де біраз дүние ашылатын еді.
– Дегенмен 100 жыл – бұл мерейлі меже. Мұндағы негізгі миссия қандай?
– Тағы да қайталағым келіп тұр – біз тойламаймыз, атап өтеміз. Агенттік алғаш рет 1920 жылы Орынбор қаласында РОСТА бөлімшесі, Кеңес өкіметінің ақпарат органы ретінде құрылды. Кеңестік цензура аясында жаңалықтар таратты. Дегенмен мұның өзі – тарих, 1920 жылға дейін Қазақстанның аумағында ешқандай да ақпарат агенттігі болған емес, «ҚазАқпарат» отандық ақпарат тарату дәстүрінің бірден-бір мұрагері. Сондықтан да, осы датаны атап өте отырып, біздің агенттіктің нағыз даму кезеңі Тәуелсіз Қазақстан тұсында болғанын еш ұмытпауымыз керек. Шынтуайтына келгенде, ұйымның нағыз даму кезеңі ғана емес, нағыз тарихы да тәуелсіздіктен басталады. Өйткені кез келген басқа сала сияқты ҚазТАГ біртұтас метрополиялық жүйенің дербес ақпарат саясатын жүргізуге қауқарсыз аймақтық бөлігі ғана болғанын ұмытпауымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қадағалауымен жүзеге асырылған түбегейлі саяси реформа тұсында бұл мекеменің үйреншікті ҚазТАГ атауы «ҚазАқпарат» (Kazinform) деп өзгертілді. Атымен бірге жұмыс стилі, принципі, мақсат-мазмұны өзгерді. Қазір де ол тәуелсіз ел мүддесін көздейтін салиқалы ақпарат құралы.
Агенттік тарихы өте бай. Мысалы, КСРО мен АҚШ арасындағы ең бірінші радиомост ҚазТАГ («ҚазАқпарат») арқылы жүзеге асты. Осы радиомост жұмысына әйгілі америкалық әнші Пол Робсон араласқан. Қазақ тіліндегі ақпараттық журналистика да «ҚазАқпараттан» бастау алды. Бастапқыда аударма болғанымен, кейіннен қазақ тіліндегі төл ақпараттар таралды. Кәкімжан Қазыбаев директор болған кезде ҚазТАГ сатып алған техникалар тіпті Мәскеудегі кейбір редакциялар үшін арман болған екен.
Америкалық саясаттануда «Горбачев дилеммасы» деген анықтама бар. Юджин Метвин енгізген. Осы кеңестік басшылықтың дилеммасы ТАСС-тың ҚазТАГ-қа сілтеме жасай отырып 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы туралы хабар таратуынан басталды. Бұл шын мәнінде кеңестік ақпарат агенттігінің жаппай бұқаралық қарсылық туралы хабар таратқан ең алғашқы оқиғасы еді. Осыдан барып «Горбачев дилеммасы» пайда болды: тіпті шартты түрдегі ашықтықтың өзі коммунистерді шатқаяқтатып тастады.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялағаны туралы ақпаратты да ең бірінші болып ҚазТАГ («ҚазАқпарат») тілшілері таратты. Қазақстанда ресми емес латын графикасындағы ақпараттар алғаш рет «ҚазАқпарат» арқылы берілді. Еліміздегі «төте жазу» нұсқасы да ең алғаш «ҚазАқпарат» қабырғасында ашылды. Тәуелсіздік жылдары агенттік қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер үшін де сенімді ақпарат алатын қайнар көзге айналды. Қазірдің өзінде де біздің агенттік шетелдегі қазақ диаспорасы үшін рухани байланысты жалғастыратын бірден-бір ақпарат көзі болып келе жатыр.
Айтпақшы, былтыр «Отандастар қоры» АҚ мен бірлесіп алғаш рет шетелде қазақ тілінде ақпарат тарататын БАҚ өкілдерін астанаға шақырып, шетелдегі қазақ журналистерінің кездесуін өткіздік. Нәтижесінде «ҚазАқпарат» ХАА мен «Отандастар қоры» АҚ бірлесіп шетелде шығатын қазақтілді БАҚ қауымдастығын құруды жоспарлады.
– Сіз «ҚазАқпаратқа» басшылыққа келгелі үш жылдан асыпты. Осы уақытта не өзгерді? Қандай істер атқарылды?
– Агенттік жұмысына бағаны мен емес, аудитория беруі керек. Мен тек өз тарапымнан «ҚазАқпарат» жұмысының бір минут та тоқтамайтынын айта аламын. Бізде мереке де, демалыс күн деген де жоқ, тәулік бойы жұмыс істейміз.
Қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекеттік контенттің сапасын заман талабынан шығатын сапаға көтеру туралы бірқатар міндет жүктеді. Ресурстардың бірінен мемлекеттік бағдарламаларды талдап, түсіндіретін портал құрылады. Шетелдік тілшілер желісін кеңейту бойынша да жоспар бар, стрингерлер тартуымыз мүмкін. Тақырыптық ресурстарға келсек, олар да өзгереді. Алдын ала ештеңе айтқым келмейді, уақыты келгенде жасап, көрсетеміз.
«ҚазАқпарат» атты үлкен отбасының тынымсыз жұмысына бағаны тарих берер. Өйткені 100 жыл – бұл алдағы үлкен даңғыл жолдың бастауы ғана.
Әңгімелескен
Уәлихан ҚосАНбай,
«Egemen Qazaqstan»
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қайырымды да батыл отандастарымызды марапаттады
Аймақтар • Бүгін, 20:50
Қазақстан тарихы: 7 томдық академиялық еңбек әзірленеді
Қоғам • Бүгін, 20:32
Жамбыл мұрасы – ұлт руханиятының айнасы
Аймақтар • Бүгін, 20:10
Корабльдерді күзету мен қорғау бойынша оқу-жаттығу өтті
Аймақтар • Бүгін, 20:05
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы тағайындалды
Аймақтар • Бүгін, 19:36
ШҚО-да алты мекеме қару сақтау тәртібін бұзған
Аймақтар • Бүгін, 19:25
Петропавлда ұландықтар өртенген үйден үш адамды алып шықты
Оқиға • Бүгін, 18:57
Бас прокуратура әлеуметтік желілерде митингке шақыруға байланысты үндеу жариялады
Қоғам • Бүгін, 18:41
Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы басталды
Фотогалерея • Бүгін, 18:35
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
Президент • Бүгін, 18:33
Алматыда Терісбұлақ өзені кәріз суларынан тазартылды
Аймақтар • Бүгін, 18:27
Ауа райына байланысты бірнеше облыста ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 18:24
Мемлекет басшысының Жарлықтарымен бірқатар лауазым өкілі тағайындалды
Президент • Бүгін, 18:21
Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалығы бірқатар елге гуманитарлық көмек берді
Қазақстан • Бүгін, 18:10
Ақмола облысында 3 мың адамға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар
Медицина • Бүгін, 18:03
Қызылордада карантин талаптарын сақтамаған түнгі клуб анықталды
Аймақтар • Бүгін, 17:56
Атырауда полицияға 840 әйелден шағым түскен
Аймақтар • Бүгін, 17:46
Тарбағатай ауданында кен байыту комбинаты салынады
Аймақтар • Бүгін, 17:40
Елордада жексенбіде СОО-лардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді
Қоғам • Бүгін, 17:29
Нұр-Сұлтанда «Тәуелсіздіктің төл құрдастары» жобасы іске қосылды
Елорда • Бүгін, 17:25
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қымбатшылықтың себебін түсіндірді
Экономика • Бүгін, 17:21
Грек-рим күресінен ел біріншілігі аяқталды
Күрес • Бүгін, 17:20
Илон Маск бір тәулікте біраз байлығынан айырылды
Әлем • Бүгін, 17:20
Жандарбек Бекшин алматылықтарға үндеу жолдады
Аймақтар • Бүгін, 17:17
Футзал: Беларуське қарсы ойнаймыз
Спорт • Бүгін, 17:03
Биыл 8 мың алматылықты баспанамен қамту жоспарлануда
Аймақтар • Бүгін, 16:59
Нұр-Сұлтанда жастарды жұмыспен қамтуға арналған меморандум жасалды
Қоғам • Бүгін, 16:56
«Астана» велокомандасы Франциядағы жарысқа қатысатын спортшылар тізімін бекітті
Спорт • Бүгін, 16:52
Түркістанда «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бастау алды
Аймақтар • Бүгін, 16:51
Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы «Grand Slam» турниріне қатысады
Спорт • Бүгін, 16:15
Қарағанды облысында құлағы үсіген ер адам ауруханаға түсті
Қоғам • Бүгін, 16:14
Шымкенттегі медицина қызметкерлерінің еңбекақысы өсті
Аймақтар • Бүгін, 16:14
Қазақстандықтардың несиесі 7,6 трлн теңгеге жетті
Қаржы • Бүгін, 16:13
Атырауда қоршаған ортаға 1 млрд теңгенің залалы келгені анықталды
Аймақтар • Бүгін, 15:57
Түркістанда құдалық өткізгендер жауапқа тартылды
Аймақтар • Бүгін, 15:52
Шымкенттен шалғай орналасқан ауруханаға КТ аппараты орнатылды
Аймақтар • Бүгін, 15:50
Алматыда қосымша жұмыс орындары ашылады
Аймақтар • Бүгін, 15:44
Әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 91%-ы цифрландырылды
Қоғам • Бүгін, 15:36
Жаттықтырушылардың кәсіби мерекесі 7 сәуірде атап өтілуі мүмкін
Спорт • Бүгін, 15:30
«Теңізшевройлдан» экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл өндірілді
Аймақтар • Бүгін, 15:23
Бір тәулік ішінде қар құрсауында қалған 132 адам құтқарылды
Қоғам • Бүгін, 15:18
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету үшін арнайы орталықтар ашылады
Қоғам • Бүгін, 15:08
Қазақстанда көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді
Қоғам • Бүгін, 15:01
Шымкентте 1 сәуірден бастап оқушылар мен студенттер үшін қолма-қол төлем 100 теңге болады
Аймақтар • Бүгін, 15:01
Аймақтар • Бүгін, 14:56
Вакцинациядан кейінгі иммунитет, электронды паспорт жайлы не білеміз?
Аймақтар • Бүгін, 14:56
Аймақтар • Бүгін, 14:52
Алматылық студенттің ғылыми жобасы халықаралық байқауда бағаланды
Аймақтар • Бүгін, 14:41
Алматыда халықаралық форум өтті
Аймақтар • Бүгін, 14:27
Азаматтарға арналған үкімет өзінің кадрлар резервін жасақтайды
Аймақтар • Бүгін, 14:25
Сенат Үкімет сағатының қорытындысы бойынша 20-дан астам ұсыныс дайындады
Қазақстан • Бүгін, 14:09
Мемлекеттік хатшы Жамбыл ескерткішіне гүл шоғын қойды
Фотогалерея • Бүгін, 14:05
Батыс Қазақстанда жол апатынан 4 адам қаза тапты
Аймақтар • Бүгін, 14:00
Екі қазақстандық дзюдошы әлемнің үздік ондығына енді
Спорт • Бүгін, 13:40
ШҚО ауыл шарушылығы бойынша алдыңғы қатарда
Аймақтар • Бүгін, 13:21
Шығыс Қазақстанда 2100 орындық 3 мектеп салынып жатыр
Білім • Бүгін, 12:58
Экология вице-министрі жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды
Экология • Бүгін, 12:49
Сайын Мұратбетковтың әңгімелері ағылшын тіліне аударылды
Әдебиет • Бүгін, 12:41
Сенаторлар көлік қауіпсіздігі деңгейін төмен деп санайды
Парламент • Бүгін, 12:40
Елорда әкімі оңалту орталықтарын кеңейту туралы айтты
Қоғам • Бүгін, 12:28
2020 жылы 13 мың этникалық қазақ көшіп келді
Қоғам • Бүгін, 12:24
«Antiparacraft-2021»: Студенттер жемқорлыққа қарсы квест өткізді
Аймақтар • Бүгін, 12:14
Алматыда армиялық қоян-қолтық ұрысынан Қарулы Күштердің чемпионаты аяқталды
Спорт • Бүгін, 12:04
Алматыдағы NIS Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті
Аймақтар • Бүгін, 11:57
Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады
Қазақстан • Бүгін, 11:56
Ш.Қалдаяқовтың өмірі жайлы мюзиклдің премьерасы өтеді
Театр • Бүгін, 11:54
Түркия туристер үшін ПТР-анықтама талабын ұзартты
Әлем • Бүгін, 11:53
Ұқсас жаңалықтар