"Қадірменді журналистер қауымы! Құрметті әріптестер!
Кез келген қоғамның дамуы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі сол қоғамның ішкі тұрақтылығына, береке-бірлігіне, ұлттық құндылықтарының сақталуына, мемлекеттік мықты идеологиясына байланысты. Ал мұны қалыптастыратын, ең бірінші, ғалымдар мен зиялылар, ақын-жазушылар мен журналистер.
Журналистер – қоғамның жанашыры! Қоғам тіршілігіндегі қылт еткен қиындыққа бірінші боп үн қатып, тығырықтан шығар жол іздейтін де журналистер қауымы!
Оралхан Бөкеев ағамыз кезінде: “Ақиқат сөздің бәйгесі - мылтықсыз майдан. Жабысы қалып жарымда, сәйгүлік озған!” деген екен.
Бүгін, міне, сол ақпарат майданында “қаруым - қалам, өрісім - қағаз” деп, ақиқаттың арда жүгін арқалап жүрген журналистер қауымының кәсіби мерекесі!
Ендеше, Өзімнің және Министрлік ұжымының атынан барша әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймын!", деді Аида Балаева.
Сондай-ақ министр журналистерге алғыс айтты.
"Расында да, журналистика - шығармашылық өрісті ғана емес, кәсіби өршілдік пен аса терең мәдениеттілікті, жан-жақты білімділік пен ішкі тәрбиелілікті қатар талап ететін кірпияз мамандық. Өйткені, ғұлама ғалыммен де, біртуар дарынмен де, қарапайым қауыммен де тең сөйлесіп, тамырын табу - екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиет. Асқақ абырой.
Өз басым осындай қасиет пен абыройды отандық журналистикамызды бүгінгідей тамаша биікке көтерген майталман аға буыннан бастап осы күні ақпарат ағынымен алысқан әрбір тілшінің бойынан көремін. Көріп қана қоймай, Сіздерде бар ерекше талғампаздықты сеземін.
Сондықтан да, осындай талғамды қоғамда қалыптастырып, айналамызға адал ақпарат жеткізуге атсалысқан ауыр да абыройлы еңбектеріңіз үшін риясыз алғысымды жеткіземін!
Қаламымдарыңыздан қасиет кетпесін! Ел игілігін ту еткен еңбегімізде табыстарға бірге жетейік!
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен береке тілеймін!", деді Аида Балаева.