Соңғы тәулікте ауыр дерттен 8 адам қайтыс болды. Енді не істемек керек? Анығында, карантин шараларын мықтап қолға алмаса, бейғам халық жапа шеккелі тұр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр қала тұрғындарына жолдаған мәлімдемесінде егжей-тегжейлі айтып берді.
Бүгінде үшінші мегаполисте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 2300-ден аса дерегі тіркелген. Ал пневмониямен ауырған науқастар – 2700. Бір күнде орташа есеппен 100 науқас өкпесі қабынып ауруханаға түсіп жатыр.
«Қалада бүгінгі таңда 100 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп тұр. 1 маусымға 1091 шақырту қоңырауы түскен. Он күнде жедел жәрдем шақыру 20 пайызға өссе, өткен тәулікте 1850-ге жеткен. Олардың дені жұқпалы ауруларға шалдыққан», деді Ербол Әбілхайырұлы.
Қала әкімінің бірінші орынбасары шаһарда провизорлық станционарлар күшейтілгенін де тілге тиек етті. Бұдан бөлек, індетке қарсы реабилитациялық 100 орын ұйымдастырылса, жатақханалардан 380 орынға провизорлық стационар әзірленген. Алдағы уақытта да ғимараттар мен емдеу мекемелерінен бос орындар ашылмақ. Ал пневмониямен ауырған науқастар арнайы алгоритм бойынша емделмек.
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «шаһарда дәрі-дәрмек тапшылығы байқалады. Ауруханаларда бос орын жоқ», деген сарындағы алыпқашпа әңгімелер таралған еді. Осыған байланысты қала әкімінің бірінші орынбасары жұртшылықты жел сөзге еріп кетпеуге шақырды.
«Аталған провизорлық стационарларда дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Қосымша демеушілер қаржысына 100 аппаратқа тапсырыс берілген. Жұқпалы аурулар ауруханасына бүгін 100 мың бетперде әкелінді», дейді Е.Садыр.
Ербол Әбілхайырұлы шаһардағы эпидемиялық ахуалдың өршуін тұрғындардың немқұрайлығымен байланыстырады. Инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында 24 маусымнан бастап қалада шектеу шаралары қайта күшейтілді. Демалыс күндерін қоспағанда барлық базардың жұмыс кестесі таңғы 06:00-ден 16:00-ге дейін қысқартылады. Ал көтерме сауда орындары таңғы 05:00-ден 13:00-ге дейін қызмет етеді. Қоғамдық тамақтану орындары 09:00-ден 21:00-ге дейін қысқартылса, спорт нысандарының (фитнес орталықтар, спорт кешендері, бассейндер) жұмысы тоқтатылады.
Ел ішінде жұртты әбігерге салған жалған ақпаратқа байланысты жергілікті әкімдік тарапынан ресми мәлімет берілді. Індеттің алдын алу мақсатында зарарсыздандыру шаралары да қатаң режімде жалғасын табуда.
Шымкентте жуырда пайдалануға берілген провизорлы стационарда төсек-орын мен дәрі-дәрмек жеткілікті.
Бүгінде Шымкент қаласында жедел жәрдемнің қызметі күшейіп, 100 бригада толықтай жұмыс істеуде. Нәтижесінде соңғы кездері шақырту бір тәулікте 2 мыңға жуықтаған. Бірақ аталған медициналық шақыртулардың басым бөлігі – ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) және пневмониямен ауырған науқастар. Бұл бойынша бір күнде 129 науқас қабылданған. Осы жағдайға байланысты қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының тікелей тапсырмасымен алдын ала карантиндік және провизорлы стационарлардың жұмысы күшейтілуде. Бүгінде қалада пневмониямен (өкпе қабынуы) ауырған науқастар саны 7,2 пайызға өскен. Мұны ауыздықтау үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын қала әкімінің бірінші орынбасары Е.Садыр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында тілге тиек етті. Оның айтуынша, қала әкімінің тапсырмасымен қосымша ғимараттар ашылады.
Бұл ретте өкпені жасанды желдету аппараты жөнінде айта кеткеніміз дұрыс. Яғни, қалада инфекциялық аурулардың көбеюіне байланысты жергілікті бюджеттен 25 өкпенің жасанды желдету аппараты алынған. Бүгінде жалпы 301 аппарат бар. Сонымен қатар жатақханаларда демеушілердің көмегімен осындай 6 аппарат қойылған және демеушілердің есебінен кислородпен демалатын 100 боброва аппараты алынуда. Ал провизорлы стационарларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
Айта кетсек, бүгінге дейін Шымкент қаласында коронавирус инфекциясымен ауырған 1404 азамат тіркелген. Жалпы, қалада қауіпті індеттен 13 адам қайтыс болып, 624 адам жазылып шыққан. Қалада науқастар үшін қосымша 1500 орын дайындалуда. Инфекциялық аурулардың көбеюіне байланысты қала әкімінің тапсырмасымен бүгінге дейін 650 жұқпалы және 1240 провизорлы төсек-орын ашылған. Бұдан бөлек, тағы 1500 төсек-орын дайындалуда. Инфекциялық стационарды жабдықпен қамтамасыз ету үшін 502 млн теңгеге 21 аппарат сатып алынды. Қосымша тағы 40 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізіледі. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау басқармасы тұмау мен суық тию белгілері байқалса, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет екенін ескертеді.
Дезинфекция жұмыстары қарқынды
Қазіргі таңда әлемді еркін шарлап жүрген індеттің емі табыла қойған жоқ. Дегенмен, оның салдарын болдырмау үшін алдын алу шаралары қолға алынуда. Соның бірі – қоршаған ортаны дезинфекциялау. Бұл мақсатта Шымкенттегі төрт аудан әкімдігі тұрғындары жиі шоғырланатын орындарда дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде. Атап айтар болсақ, Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловтың тапсырмасымен аудан аумағындағы 416 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары мен кіреберістері, аяқжолдар, 274 аялдама, 6 саябақ пен аллея және басқа да қоғамдық орындарға 35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілері дезинфекциялау жұмыстарын жүргізген.
Сонымен қатар «Public Protection» ЖШС аудан аумағындағы 24 шағынаудан мен тұрғын алаптардағы 1 039 ішкіорамдық көшелерді кестеге сәйкес күнделікті 10 арнайы техникамен дезинфекциялауда.
«Қаратау ауданы бойынша барлығы 167 КВИ ошақтарында санитарлық індетке қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларға байланысты дезинфекциялау жұмыстары «Verum QZ» ЖШС және «ЛТД Тұрмыс» ЖШС тарапынан атқарылуда. Бәйдібек би, Назарбаев даңғылы мен Алматы, Төлеметов, Жібек жолы, Әл-Фараби, Ю.Саремий, Ибрагим ата көшелерінде орналасқан 778 коммерциялық нысанның іргелес аумақтары және аудандағы ірі сауда орындары (Метро, Шахан, Жаңалық, Сайман) мен базарлардың (Ынтық ата, Нұрсайрам) аумақтарында дезинфекциялау жұмыстары тұрақты жүргізілуде», деді аудан әкімі.
Қаратау ауданында қазіргі уақытта 4 жерде арнайы орындар ашылып, әлеуметтік пакеттер таратылды. Жалпы, 4 055 әлеуметтік пакет тағайындалып, мұқтаж отбасыларға үлестірілген. Демеушілердің есебінен ауданда аз қамтылған 1 627 отбасы азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Карантин кезінде Қаратау ауданы санитарлық қызметкерлерімен бірлесе 47 нысан иесіне ҚР ӘҚБК 476-бабының 3-тармақшасына сәйкес хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданған.
Еріктілер зарарсыздандыруға қатысты
Қала аумағы үлкен болғандықтан кейде санитарлық талапты сақтауға жұмылдырылған мамандар тапшылығы байқалып жатады. Тұрғындар өздері тұрып жатқан мекенжайларда дезинфекция жүргізілмегенін айтып шағымданады. Осы мәселеден хабардар болған еріктілер зарарсыздандыру жұмыстарына үлес қоса бастады.
Дезинфекция жұмыстарын күшейткен қала әкімдігі еріктілер мен әскерилердің күшімен ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық орындарды зарарсыздандырып, ауыр жүк көліктерімен көшелерді санитарлық тұрғыдан тазалауда. Мегаполистегі барлық көшеге 20 бағыт бойынша 20-дан астам техника жұмылдырылған. Бұл тізімге аялдамаларды зарарсыздандыру да енгізілген.
Онлайн-режім оңтайлы
Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы карантинге жабылды. Қазір мұндағы қызметтер көктемдегі төтенше жағдай кезіндегідей онлайн ұсынылады.
Орталық директорының орынбасары Ақмарал Жулаеваның айтуынша, Қаратау ауданының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен Жұмыспен қамту орталығы 16 маусымнан бастап 14 күнге карантинге жабылды. Осы уақыт аралығында қызметтердің барлығы онлайн көрсетілетін болады. Осы тұста айта кетейік, орталықтың онлайн қызмет көрсетуде тәжірибесі бар. Елде төтенше жағдай жарияланып, карантин басталғанда орталық та 26 наурыздан бастап қашықтан қызмет көрсетуге көшкен болатын.
«Көктемде екі айдан астам уақыт қашықтан жұмыс істеп келдік. Сондықтан келушілерді түсіністік танытуға, орталықтың алдына көптеп жиналмауға, карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырамын», дейді Ақмарал Пернебекқызы.
Жасыратыны жоқ, әлі де болса мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды меңгермегендер, білмейтіндер көп. Орталық жетекшілері бұл мәселені де ойластырып қойғандарын айтады.
«Наурыз айында қашықтан жұмыс істеуге көшкенде, бізді осы сұрақ мазалағаны рас. Қарап отырмадық. Дереу іске кірістік. Әріптестерімізбен ақылдаса келе E-gov порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмекті, атаулы әлеуметтік көмек алатыны жөнінде анықтаманы онлайн түрде қалай алуға болады, электронды цифрлы қолтаңбаны (электронды кілт) алу үшін не істеу керек, жұмыссыз ретінде қалай тіркелуге болады деген негізгі мәселелерге арнап, бейнероликтер әзірледік. Олар орталықтың facebook және instagram парақшаларында жарияланды. Қазір де қаламыздың кез келген тұрғыны орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп, осы бейнероликтермен танысып, үйреніп алуына толық мүмкіндігі бар. Одан бөлек, әлеуметтік желіге, жергілікті басылымдарға қала аумағындағы бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды да орналастырып отырдық. Онда байланыс телефондары көрсетілген. Соның нәтижесінде орталықтың жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек мәселелеріне жауапты мамандардың байланыс нөмірлеріне хабарласып, кеңес сұрағандар көп болды. Қысқасы, аталған жұмыс өз нәтижесін берді деп сеніммен айтуға болады», дейді орталық директорының орынбасары.
Үшінші мегаполисте жуырда «Бастау Бизнес» бағдарламасына жолдама беру, мемлекеттік грантқа құжат қабылдау басталып кетті. Бұл жолдаманы да Жұмыспен қамту орталығы беретін. Карантинге жабылғанына қарамастан, бұл жұмыстар тоқтап қалмайды, деп сендіреді орталық өкілдері. Айтуларынша, оқыту бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңнің оқытулары 10 маусымнан басталғаны белгілі. Ал әр кезеңнің мерзімі 21 күнді құрайтын оқу онлайн жүретіні о баста нақтыланып қойылған екен.
«Курстан өткісі келетін әр адам жеке басын куәландыратын құжатты және орталықтың берген жолдамасын atameken.co/kk/course-bastau сілтемесіне жүктейді. Тіркелу барысында түсінікті болу үшін бейненұсқаулық та дайындалған. Ол shymkent.atameken инстаграм парақшасы және «Бастау Бизнес-2020» telegram-каналына жүктелген, – деп түсіндіреді Ақмарал Пернебекқызы.
Жалпы, биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1850 адамды оқыту жоспарланса, қазір 4 мыңға жуық адамға жолдама берілді. Осы тұста айтып өтетіні, мемлекеттік грантқа құжат қабылдау 6 шілдеден, «Бастау Бизнестің» екінші кезеңіне 10 шілдеден бастап жолдама беру жалғасады.
Қазіргі таңда орталықта санитарлық, эпидемиялық талаптар қатаң сақталған. Мұнда дезинфекциялық жұмыстар көктемнен бері бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп тұрады. Маска режімі енгізіліп, ғимараттың кіреберісінде дезинфекциялық өткел жұмыс істеп тұр. Қызметкерлер мен келушілерге арналған антисептиктер де қойылған. Оған қоса орталық ғимаратының ішіне кіретін әр азамат тепловизормен тексеріледі.
Тәртіпке бағынбағандар жазаланады
Бүгінде індеттің таралу аймағының ұлғая түсуінің бір себебі жеке кәсіпкерлік нысандардың төтенше жағдай талаптарын сақтамауы болып отыр. Мемлекеттік деңгейде қабылданған кәсіпкерлікке тексерісті азайту қағидасын ұстанған олар қаланың бас санитары шығарған қаулыға құлақ аспауда. Салдарынан қалада тұмау тұрғындарды баудай түсіруде.
Жуырда қала әкімінің тапсырмасымен шаһарға қарасты кәсіпкерлік нысандарға қатаң рейдтік шаралар қолға алынды. Осылайша шұғыл қабылданған шешім оң нәтижесін беріп, Еңбекші ауданында карантин режімін сақтамаған 42 нысанға ескерту берілді. Еңбекші ауданы әкімі аппараты, жергілікті полиция және аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлерімен бірге бекітілген мобильдік топ кезекті рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізді.
23 маусым күні жүргізілген іс-шара аясында, карантин талаптарын қатаң сақтау жөнінде 42 коммерциялық құрылымға тиісті ескерту берілді. Ал карантин режімін бұзған 3 сауда орнына хаттама толтырылып, сот органдарына жолдауға құжаттар жинақталуда.
«Кәсіпкерлік нысандары санитарлық режімді қатаң сақтап, үнемі бетперде мен бір реттік қолғап киген жағдайда ғана қызмет көрсетуі тиіс. Келушілерден де санитарлық талапты сақтауды талап ету керек. Олай болмаған жағдайда жауапкершілікке тартылатын болады», дейді сала жауаптылары.
Сондай-ақ қаланың орталығындағы Әл-фараби ауданындағы 7 кәсіпкерлік нысан уақытша жабылады.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Әбдіманап Төлебаевтың қаулысының орындалуы бойынша Әл-Фараби ауданынан құрылған мониторингтік топ аудандағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Құзырлы мекемелердің қатысуымен жүргізілген түсіндіру жұмыстары барысында 7 кәсіпкерлік нысанды жабуға ұсыныс берілді. Өйткені олар карантин режімін сақтамай, тұтынушыларға қызмет көрсеткен. Санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтамаған тағы 13 кәсіпкерлік нысанға хаттама толтырылды.
Еске сала кетейік, қоғамдық орындардағы санитарлық талаптың сақталуын әр ауданнан бекітілген мониторингтік топ күнделікті бақылап, тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Ал талапқа сай еңбек етпегендерге заң арқылы шара қолданылады.
Шаһар аумағында орналасқан «Көктем» базарындағы дүңгіршектер де уақытша жабылды. Шымкент қаласы бас санитарының қаулысына сәйкес, кәсіпкерлік нысандар санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Сақталмаған жағдайда сауда орны жұмысын тоқтатады. Осы қаулыға немқұрайлы қараған кәсіпкерлер әлі де кездесуде. Мәселен, «Көктем» базарына рейд жүргізу барысында мамандар бірнеше кемшілікті анықтады. Олқылықтарды жойғанға дейін бірнеше дүңгіршек жұмысын тоқтата тұруына тура келді.
Тіпті карантин режімін бұзған 4 көлік жуу орнына хаттама толтырылды. Карантин уақытында дүкендер мен кафе, мейрамханалардың түнгі мезгілде уақтылы жабылуын қадағалау бойынша Абай ауданы аумағында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Олар Рысқұлов, Ерімбетов, Бәйтереков көшесіндегі қоғамдық тамақтану орындарының уақтылы жабылуын қадағалады. Нәтижесінде бірнеше дәмханаға ескерту беріліп, Дулати көшесіндегі 4 көлік жуу орнына қатысты хаттама толтырылды.
Айта кетерлігі, Шымкент қаласы бас санитарының қаулысына сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары таңғы сағат 10:00-ден түнгі сағат 23:00 аралығында жұмыс істеуі шарт. Келушілердің жалпы саны 50 адамнан аспауы тиіс және оларды отырғызу талаптары қатаң сақталуы керек.
Осылайша қазақтың батыр перзенті Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмас» ұстанымын берік ұстанған шымкенттік сақшылар аты жаман індеттің алдын алу үшін шаһарда қатаң тәртіп орнатуға көшкен.