Спорт • 26 Маусым, 2020

23 дүркін Олимпиада жеңімпазы Майкл Фелпс 35 жасқа толады

383 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 35 жыл бұрын, яғни 1985 жылдың 30 маусымында АҚШ-тың Балтимор қаласында Майкл Фелпс дүниеге келді. Жеті жасынан жүзумен айналысқан жас өрен уақыт оза төрткүл дүниенің теңдессіз спортшысына айналды. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіп алған жүлделерінің саны мен сапасы жағынан жер жаһандағы бірде-бір саңлақ дәп осы Фелпстің алдына түсе алмайды.

23 дүркін Олимпиада жеңімпазы Майкл Фелпс 35 жасқа толады

15 жасында АҚШ-тың ұлттық құрама командасына қабылданған Майкл Фелпс Сидней Олимпиадасына қатысты. Баттерфляй тәсілімен 200 метрге жүзу сайысында сынға түскен ол бесінші орынға табан тіреді. Өзінен әлдеқайда ересек, тәжірибелі әрі атақ­т­ы спортшылармен терезесі тең өнер көрсеткен бозабалаға қырағы маман­дардың назары бірден түсті. Дәл сол тұста бірқатар бұқаралық ақпарат құралы өкілдерінің «Марк Спитцтің ізбасары өсіп келе жатыр» деп жер жаһанға жар салғаны да есімізде.

Иә, Марк Спицтің ерлігі ел есінде. АҚШ-тың Калифорния штаты тумасының 9 дүркін Олимпиада чемпионы деген дардай атағы бар. Оның екеуін ол 1968 жылы Мехикода жеңіп алса, жетеуіне 1972 жылы Мюн­хенде қол жеткізді. Үлкен аре­­наға Майкл Фелпс шыққанға дейін жоғарыдағы межеден асқан адам баласы болмаған. Егер өткен тарихқа зер салсақ, Олимпия ойындарында 9 рет топ жаруға тек төрт спортшының ғана қарым-қабілеті мен күш-жігері жеткенін аңғарамыз. Олар – Финляндияның жеңіл атлеті Пааво Науми, КСРО-ның гимнасы Лариса Латы­нина және АҚШ жүзушісі Марк Спитц пен америкалық жеңіл атлет Карл Льюис. Басқаларына ондай бақ бұйырған жоқ.

2004 жылы Афина Олимпиадасына Фелпс басты фавориттердің бірі ретінде аттанды. Себебі соның алдындағы екі бірдей әлем чемпионатында ол жасындай жарқырады. 2001 жылы Фукуокада бас жүлдені олжаласа, 2003 жылы Барселонада 4 алтын және 2 күміс медальды қоржынға салды. Пиреней түбегінде АҚШ спортшысы дүниежүзілік рекордты бес рет жаңартты.

Ежелгі Эллада елінде өткен Олим­пия ойындарының алғашқы күні 400 метрге кешенді жүзуде Майкл әлемдік рекорд орнатты. Жанкүйерлер «бір» деп бас бармақтарын бүкті. Бірақ келесі күні еркін тәсіл бо­йынша 4X100 эстафеталық бәсекеде кілең жұлдыз америкалықтар мәре сызығын небәрі үшінші болып қиып өтті. Енді Спитцтің рекордын бұзу мүмкін емес­тей көрінді. Фелпс бұл сәтсіздікке аса қайғыра қойған жоқ. БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында «Мен еш­уа­қыт­та Марк Спитцтің рекордын жаңартуды мақсат тұтқан емеспін. Он­дай әңгімені таратып жүрген жур­налис­­тер. Афинада мен жалғыз алтын ал­сам да місе тұтар едім», деп арық сөйледі.

Көпіре сөйлегеннен гөрі, көп іс тындырғанды жөн көретін жүзуші көп кешікпей Афинадағы жеңіп алған алтындарының санын беске жеткізді. Енді небәрі екі рет жеңіс тұғырына көтерілсе, атақты Спитцпен теңеседі. Миллиондаған жанкүйер сол тарихи сәтті көруге құлшынды. Өзге біреу болса, тарихта қалуға тырысып, жанын салар еді-ау. Бірақ Фелпс ойда-жоқта маңызды сайыстардың бірінде өз орнын әріптесі Иан Крокерге босатты. Жанкүйер біткеннің барлығы аң-таң, мамандар оның бұл әрекетін түсіне алмай әлек. Ал Майклдың өзі «Өкінішке қарай, Крокердің еншісінде бірде-бір алтын жоқ. Ал мен бас бәйгенің бесеуін алдым. Сондықтан да досыма өз орнымды ұсынып, жо­ғарыдағы олқылықтың орнын тол­тыруға мүмкіндік бердім. Қанша дегенмен, біз бәріміз бір командамыз ғой», деп қысқа жауап қайырды. Келесі күні 19 жастағы Майкл Фелпс ал­тыншы мәрте алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, Марк Спитцтің рекорды бұзылмаған күйі қалды.

Алайда рекордтық көрсеткіш көп күттірген жоқ. 2008 жылы Бейжіңде 23 жастағы Майкл Фелпс Олимпия ойындарында тағы 8 алтын медаль жеңіп алып, 14 дүркін Олимпиада чем­пионы атанды. Осылайша, ол Спицтің рекордын бұзып қана қоймай, әлемдік спорт тарихындағы теңдессіз нәтижеге қол жеткізді.

«Балтимор оғы» және «Ұшатын балық» деген бүркеншік есімдерді иеленген айтулы спортшы одан кейін де жасындай жарқырап, талай рет төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырды. 2012 жылы Лондонда 4 алтын және 2 күміс алса, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода 5 алтын және 1 күмісті иеленді. Нәтижесінде 31 жас­тағы Майкл 23 дүркін Олимпиада чемпионы (13 рет жеке сайыста+10 рет эстафетада) атанғаннан кейін үл­кен спорттан қол үзу жайында тү­бе­гейлі шешім қабылдады. Кү­міс пен қола медальды есептегенде, ол Олим­пиадада барлығы 28 рет жеңіс тұ­ғырына көтерілген екен. Енді аме­ри­калық жүзушінің бұл рекор­дының қа­шан бұзылатыны бір Аллаға ғана аян!

Майкл Фелпс тек Олимпия ойын­дарында ғана емес, басқа да аса жауапты жарыстарда адам нан­ғысыз көрсеткіштерге қол жет­кізді. Мәселен, 2001-2011 жылдар ара­лығында алты мәрте жалауы желбіреген әлем чемпионаттарында АҚШ-тың жұлдызы 26 рет алдына жан салмады. Одан бөлек, 6 күміс пен 1 қоласы тағы бар. Барлығы – 33 жүлде!

Әлемдік рекордтарды жаңарту жағынан да біздің бүгінгі кейіпкеріміз Марк Спицтен озды. ХХ ғасырдың жұлдызы 33 рет (26 рет жеке сайыс­та+7 рет эстафетада) рекорд орнатса, ХХІ ғасырдың саңлағына бұл белес 37 мәрте (29 рет жеке сайыста+8 рет эстафетада) бағынды.

АҚШ жүзушісінің өзге табыстары жайында айтар болсақ, Фелпс 50 рет АҚШ чемпионы атанып, сансыз рекордтар орнатты. 8 рет әлемнің ең үздік жүзушісіне тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. 9 мәрте өз елінде теңдессіз деп танылды. 16 рет Тынық мұхит чемпионатында топ жарды. Сол жүлделерінің денін ол баттер­фляй, еркін тәсіл және кешенді жүзу сайыстарында жеңіп алды.