Спорт • 26 Маусым, 2020

«Барысқа» жаңа шабуылшы келді

291 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» клубы швециялық шабуылшы Якоб Лильямен құрамын күшейтті. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

«Барысқа» жаңа шабуылшы келді

26 жастағы хоккейші 2018/19 жылғы Швеция чемпионатының «Юргорден» командасында өнер көрсетіп, үздік шабуылшы атанған. Ол 52 матчта мұзайдынға шығып, қарсылас қақпасын 12 мәрте дәл көздеп, әріптестеріне 25 рет нәтижелі пас асырған. Ал плей-офф кезеңінде тағы 8 шайба соғып, 5 шайбаның соғылуына мүмкіндік жасаған. Сол маусымда Лильяның командасы Швеция біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.

Осындай табысты өнерінен кейін Якоб Лилья Ұлттық хоккей лигасының «Коламбус» клубында ойнауға мүмкіндік алды. Бірақ әлемнің ең үздік лигасында оның ойыны жүрмеді. Бір жылдың ішінде ол 37 матч өткізіп, небәрі 5 ұпай жинаған. Өткен маусымда Лилья Швецияның ұлттық құрамасына шақырылып, Еуротурдың бірнеше матчына қатысты.

Айта кетейік, «Барыс» пен швециялық шабуыл­шы арасындағы келісімшарт бір жылға жоспар­ланған.