Бүгінде “Батыс Еуропа - Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің Сыр аумағынан өтетін бөлігінде жұмыс қарқынды жүргізілуде. Ғасырлық мәні бар орасан зор жоба облыс аумағының 811,7 шақырымын алады. Ұлы Жібек жолының ізімен тартылып, Батыстан бастау алып, Бейжіңге жол тартатын халықаралық транзиттік дәліз Атлант мұхиты мен Тынық мұхитының арасындағы елдерді басып өтеді. Шығыс пен Батысты, түстік пен теріскейді қосқан халықаралық автодәліз арқылы қазақ жері кәрі құрлықтың күретамырына, тоғыз жолдың торабына айналмақ.
Халықаралық жоба бойынша атқарылатын жұмыстар Шиелі мен Жаңақорған және Арал аудандарында басталып та кетті. Жолдың сан-салалы жұмыстарына 54 шетел азаматы, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 217 еңбеккер тартылып, 384 жергілікті тұрғындар қамтылды. Олардың басым көпшілігін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы жұмыссыздар есебінде тұрғандар құрайды. Жоспарланған құрылыс техникасының әзірге 462-і жұмылдырылды. Ал құрылыс материалдары бойынша жылдық жоспарда қиыршық тастың қажеттілігі 2265 мың текше метр болып белгіленсе, қазіргі таңда 17 пайызы дайындалды. Сондай-ақ, 492,8 мың тонна құм қоспасының 47 мың тоннасы, 1305 мың тонна қиыршық тас қоспасының 297,7 мың тоннасы, 49 мың текше метр темір-бетон бұйымдарының 8,5 мың текше метрі пайдаланылуда. Бұл жол-құрылыс материалдарын “Тодини” мен “Салини” компаниялары әзірледі. “Салини” компаниясы өз жұмысын жүргізуде “ДМСУ-22”, “КазДор-Строй” және “Дорстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен қосалқы мердігерлік келі-сім-шарт жасасып, “ВитаДор-Строй” және “ЖылыОйСервис” ЖШС арқылы келіссөздер жүргізуде. “Тодини” компаниясы “УАД”, “Казахдорстрой”, “СинаМидосСтрой” және “Казсевавтодор” серіктестіктерімен, “Импреза” компаниясы “Қуан” серіктестігімен бірлескен мердігерлік келісім-шартқа қол қойды. “Тодини” компаниясы Шиелі ауданында автомобиль жолдары басқармасы арқылы 3 шақырым жерге жол салудың алғашқы жұмыстарын бастады. Белгіленген аумаққа 20300 тонна топырақ түсіріліп, 6 бульдозер, 1 грейдер жерді тегістеуде. Қосалқы мердігері “Казсевавтодор” АҚ 28100 тонна қиыршық тасты қоспаны 5 шақырым жерді дайындауға құрылыс маңына жеткізіп, 5 бульдозер мен 1 грейдерді іске қосты. Дәл осындай жұмыс Жаңақорған ауданында да атқарылуда. “СинаМидосСтрой” ЖШС 3 бульдозер мен 1 грейдер арқылы 1,8 шақырым жолды тегістеуді бастады. “Салини” компаниясы Арал ауданында жол жүргізуді бастап 25 мың тонна қиыршық тас түсірді.
Ірі жобаның басталуы жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Өмірбек Шәменов былай дейді:
– Бұл жобамен қазір көпшілік қауым жақсы таныс. Күрежол Санкт-Петербург-Мәскеу-Нижний Новгород-Қазан-Орынбор-Ақтөбе-Қызылорда-Шымкент-Тараз-Қордай-Алматы-Қорғас бағытымен өтеді. Транзиттік дәліздің “Самара-Шымкент” автожолымен өтуі көп мүмкіндікке жол ашады. Бұл жолдың ұзындығы Қытай Халық Республикасы аумағы бойынша – 3425 шақырымды, Қазақстан Республикасында – 2787 шақырымды, Ресей Федерациясы бойынша 22330 шақырымды алады. Мұның ішінде Сыр елінің де үлесі бар. Халықаралық күрежол құрылысы елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге де ықпал етеді. Оған қажетті инертті материал-дардың өзімізде өндірілуі өңір өндірісін өркендетуге негіз болмақ.
Сонымен Сыр аймағында “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” күрежолының құрылысы бастау алып, сырбойылықтарды қуаныш құшағына кенелтіп отыр
Е.ӘБІЛ, Қызылорда.