23 маусымда ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен BIZ BIRGEMIZ жалпыұлттық онлайн форумына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әлемнің барлық елі, оның ішінде Қазақстанның да коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқанын айтты. Осыған орай, мемлекет тарапынан аса маңызды шаралар қолға алынды.
Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Парламенттің қос палатасы депутаттарының бірлескен отырысында Үкіметтің 2019 жылғы жұмысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. Үкімет басшысы мұнайға әлемдік бағаның төмендеуіне және сыртқы экономикалық конъюнктураның нашарлауына қарамастан, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының соңғы 6 жылдағы ең жоғары өсімі – 4,5%-ға қол жеткізілгенін атап өтті.
26 маусымда А.Мамин "Nur Otan" партиясы фракциясының кеңейтілген жиынына қатысып, "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері туралы есеп берді.
Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында бизнес ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар және жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Үкімет басшысы барлық өңірдің кәсіпкерлерімен мәселені талқылау қорытындысы бойынша бизнесті қолдау жөніндегі 43 қосымша шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары әзірленгенін атап өтіп, мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге барлық жоспарланған іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Екінші сұрақты қарау кезінде Асқар Мамин өңірлердің әкімдіктеріне алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық шараларын күшейтуді, барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау және әлеуметтік саланың барлық нысанының жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бейсенбі күні Асқар Мамин Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған министр Алексей Цойды Денсаулық сақтау министрлігінің ұжымына таныстырды. Премьер-Министр коронавирус пандемиясымен күрес жағдайында халық денсаулығын сақтау бойынша денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған міндеттерді шешудің маңыздылығын атап өтті.
Сәрсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңес отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, елді мекендерді газдандыру және «таза» көлікті дамыту арқылы ауаның ластануын төмендету мәселелерін қарады.
Сол күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бір ай мерзімде Индустрия 4.0 элементтерін дамыту және "Модельді цифрлық фабрикалар" жобасын кеңейту бойынша реттеуші және ынталандырушы шаралар кешені бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.