Әлем • 29 Маусым, 2020

Қытай неге Кирибатиден елшілік ашты?

708 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тынық мұхитының былайғы жұрт аяқ баса бермейтін түкпірінде Кирибати деген республика бар. Таяуда осы бір алақандай елде Қытайдың елшілігі ашылды. Шартарап коронавирустан қауіптеніп отырғанда Бейжіңнің мұндай қадамға баруының геосаяси астары үлкен.

Қытай неге Кирибатиден елшілік ашты?

Кирибати – 33 атолл, яғни сақина секілді дөңгелене біткен маржан рифі аралдарынан құ­ралған шағын мемлекет. Жер көлемі 812 шаршы шақырым. Салыс­тырмалы түрде бұл – Алматы қаласының аумағына ша­малас. Осы бір алақандай елде небәрі 116 мың адам мекендейді. Оның өзінде, тұрғындар 13 атолл­ға ғана қоныстанған. Қалған 20 аралда тірі жан жоқ.

Бұл елдің жаңа тарихы 1979 жылдан басталды. Сол кезеңде Кирибати Ұлыбританиядан тәуел­сіздігін алып, дербес мемле­кет ретінде байрағын көтерді. Кейі­ні­рек Тынық мұхитының де-фак­то қожайынына айналған АҚШ-пен келісімге келіп, бір­қатар аралды меншігіне қос­ты. Әйтсе де, Кирибати БҰҰ құра­мы­на 1999 жылы ғана енді.

Осындай ерекшелігіне қара­мас­тан, Кирибати геосаяси тұр­ғы­дан ерекше маңызға ие. Өткен ғасыр­да Ұлыбритания мен АҚШ Мол­ден және Киритимати арал­дарында сутегі бомбасын сынақ­тан өткізгені белгілі. Екінші дү­ние­­жүзі­лік соғыс кезінде жапон­дар мен америкалықтар алма-кезек арал­дарды басып алып отырған-ды.

Міне, осындай шағын мемлекет енді Қытайдың қызығу­шылығын туғызып отыр. Елең-алаң уақытта алыстағы аралдан ел­шілік ашуы Бейжің би­лі­гі­нің астыртын жоспары барын аңғартады. Қазір­ге дейін мұнда үш-ақ мем­­­ле­кет­тің – Аустралия, Жаңа Зе­­лан­­­дия және Кубаның елшілігі бар. Яғни олар Кирибатимен ауы­лы ара­лас, қойы қоралас жатқан ел­­дер. Оның үстіне, Аустралия мен Жаңа Зеландияның Тынық мұ­­­­хи­­­тындағы көптеген шағын мем­­­­­лекетке арқасүйер аға болып жүр­гені белгілі. Сондай-ақ ала­­­қандай арал елдерге баратын ту­рис­­тердің басым бөлігі де «жасыл құр­­лық­тан» ағылады. Ен­деше, олар­дың ел­шілік ашуының себебі түсінікті.

Ал Қытайдың мұндай қада­мы­на кейінгі кездегі бірнеше жағ­дай әсер етті. Біріншіден, былтыр Кирибатиде президенттік сайлау өткен. Дауыс беру кезінде Танети Маамау қара үзіп шығып, ел тіз­гінін қолына алды. Ол прези­денттік лауазымға отыра сала, мемлекеттің сыртқы саясатына өзгеріс енгізді. Маамаудың Бей­жіңге бір бүйрегі бұрып тұра­ты­ны белгілі. Сондықтан ол Тайваньға қатысты Кирибатидің ұстанымын өзгертіп, Қытайды жақтап шыға келді. Ал биылғы қаңтарда Маамау мырза Қытай президенті Си Цзинпиньмен кез­десті. Бұған дейін АҚШ, Аустра­лияның әріптесі саналып келген Кирибати осылайша бірте-бірте Қытайға бет бұра бастады.

Екіншіден, Бейжің билігінің алыстағы аралдан елшілік ашуы Тынық мұхитындағы ықпалын арттыруға бағытталған қадам. Естеріңізде болса, кейінгі кезде Қытай мен ең үлкен мұхиттағы басты мемлекет Аустралия саяси тұрғыда шекісуге сәл қалған. Мәселен, коронавирус пандемиясы шартарапты шарлап, жер-жаһанның аяғын бір етікке тыққанда, Канберра билігі ең ал­ғаш вирустың шығу тегі тура­лы сөз қозғады. Сәуірде Ауст­ра­лияның сыртқы істер ми­нистрі Марис Пэйн COVID-19-дың қайдан пайда болғанын Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бөлек те зерттеу қажеттігін алға тартқан.

Оның алдында, 2018 жылы Аустралия Huawei компаниясына елдегі 5G қызметімен айна­лысу­ға рұқ­сат берген жоқ. Ал 2016 жылы ұлттық қауіпсіздік мәсе­лесі­не байланысты қытайлық екі ком­па­нияның электр энергиясын же­ткізу жұмысын жүргізуге ты­йым салды.

Жақында Канберра билігі Қытайдың Гонконгқа қатысты ұстанымын айыптаған. Бұдан кейін жунголар «жасыл құрлық­тан» келетін бірқатар тауарға са­лық­ты арттырып жіберді. Мәсе­лен, Қытай арпаға салынатын тарифті 80 пайызға өсірді. Сон­дай-ақ осы елдегі ең үлкен төрт қа­сапханада сойылған етті кір­гізуге тыйым салды. Бұған қоса, «жасыл құрлықтан» жеткізілетін көмірден бас тартуы мүмкін екенін айтып, сес көрсетті.

Аустралиямен осылай «ай­қасқан» Қытайдың Тынық мұ­хиты жоспары мынадан да бай­қалады. 2006 жылы Бейжің билігі Тынық мұхиты аралдарына шамамен 424 миллион доллар инвестиция салатынын мәлімдеген. Содан бері бұл сома артпаса, кеміген жоқ. Қазіргі таңда Қытай Тынық мұхиты аралдарының Аустралиядан кейінгі негізгі донорына айналған. Бүгінде «жасыл құрлықтың» жоспарланған инвестициясы 5,87 миллиард дол­ларды құраса, Бейжіңнің құя­тын қаржысы 5,7 миллиард дол­ларға жетіп отыр. Бір айта кетер­­лігі, Аустралия Тынық мұ­хи­ты аралдарына артығымен инвестиция салып, оның көлемін 6,25 миллиард долларға дейін көбейтті. Ал Қытай уәде еткен ақшасын толық беруге асығар емес. Қазірге дейін 1,21 мил­лиард доллар ғана қаржы құйған.

Қысқасы, Бейжің билігі алыс­тағы Кирибатиден елшілік ашуы арқылы жер-жаһанның түк­пір-түкпіріндегі ықпалын арт­тыруғын жалғастыра бермек. Коронавирус пандемиясы Қытай­дың Тынық мұхитындағы жоспарына кедергі келтірген жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар