Осыдан бірер ай бұрын коронавирус пандемиясына байланысты аталған турнир өтпей қалуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Алайда ұйымның ресми сайты күні кеше күз мезгілінде ұйымдастырылатын доп додасының күнтізбесін бекітті. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан бәсекеде Қазақстан құрамасы «С» дивизионының төртінші тобында сынға түседі. Өткен маусымда ең төменгі «D» дивизионында ойнап, топта екінші орын алған-ды.
Биылғы жарыста Михал Билек шәкірттері Албания, Беларусь және Литва құрамаларымен бір топта бақ сынайды. Қазақстан құрамасы турнирді 5 қыркүйекте сырт алаңдағы Литваға қарсы матчпен бастайды. Араға екі күн салып өз елімізде Беларусь, 11 қазанда Албания құрамасын қабылдаймыз. Ал 15 қазанда Беларусьте, 15 қарашада Албанияда ойнаймыз. Топтық кезеңдегі соңғы матч 18 қарашада Қазақстанда өтеді. Қарсыласымыз – Литва.
Алғашқы маусымның финалында Португалия құрамасы Нидерландты 1:0 есебімен жеңіп, турнирдің тұңғыш чемпионы атанған еді.