Президент • 30 Маусым, 2020

Қ.Тоқаев: Ведомствоаралық комиссия міндетін атқара алмады (Арнайы жиын өткізген Президент Үкіметке шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды)

273 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індеті­нің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қ.Тоқаев: Ведомствоаралық комиссия міндетін атқара алмады (Арнайы жиын өткізген Президент Үкіметке шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды)

Бейнебайланыс режімі арқылы өткізілген жиынға Үкімет мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шара­лары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік берге­нін атап өтті. Өкінішке қарай Төтенше жағ­дай режімі тоқтатылғаннан кейін бар­лық карантин шаралары босаңсып кетті.

– Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орта­лық және жергілікті органдары Төтен­ше жағдай режімі тоқтағаннан кейін­гі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын бол­­мағанын атап өту қажет. Ведо­мст­во­­­аралық комиссия өзіне жүктел­ген мін­детті атқаруға шамасы жетпеді. Мұ­ны ашық мойындау керек. Денсау­лық сақ­тау министрлігі орталық және жер­гілік­ті билік органдарының жұмысын үйлес­тіре алмады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар дер кезінде атқарылмай, тиімділігі аз шаралардың қабылдануы салдарынан еңбек ұжым­дарын­да, ірі өндіріс орындарында жап­пай вирус жұқтыру ошақтары пайда болды. Атырау облысындағы Теңіз кен орны індет жұқтырудың орта­лы­­ғы­на айналды. Онда дертке шал­дық­­­қан 1222 адам тіркелді. Алматы қала­сын­да тұрғындардың ғана емес, медицина қыз­меткерлерінің арасын­да да нау­қас­­танғандар өте көп. Елорда­дағы көп­те­­ген мекеме карантин жағ­дайы­ның өзін­де санитарлық талаптарды сақта­­­м­а­ған. Өңірлердегі ауруханаларда науқас­­­тар жататын орынға, медицина кадр­лары­­на, дәрі-дәрмекке, медициналық құрал-жаб­дықтарға тапшылық қатты байқалады.

– Жұмысына салғырт қарағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көл­­гіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағын­таевқа ескерту жасаймын. Шым­кент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан об­­лыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуа­л­ды реттеу қажеттігін ескертемін. Атал­­ған мәселе барлық облыстың бас­шы­­лары­на да қатысты. Тиімді ақпа­рат­тық жұ­мыстың өз деңгейінде жүргі­зіл­меуі де жағдайды ушықтыра түсуде. Біз­­­дің халықпен арадағы диалогіміз өз дең­­­ге­­йінде нәтиже бермеді. Ақпа­раттар легі те­ріс пікірлердің ық­палында кетіп, дәрі­­­гер­­­­лердің ерлікке пара-пар еңбектері көрін­бей қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке цифрландыру саласындағы жұмыстарға салғырт қарағаны үшін ескерту берілді.

Мемлекет басшысы Ведомствоаралық комиссияның шұғыл әрі қатаң үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етуге, оның орындалуына мониторинг жүргізуге және бақылауға қауқарсыз болып отыр­ғанын айтты.

– Пандемиямен күрес жөніндегі барлық шешімді, оның әлеуметтік және экономикалық теріс әсерлерін жоюды Премьер-Министр басшылық ететін тиісті Мемлекеттік комиссия аясында пысықтауды тапсырамын.

Мем­ле­кеттік комиссия ең маңызды деген ресурс­тардың таралуын бір орталықтан бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі эпидемиялық ахуалды тұрақ­тандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режімін енгізу мәселесі бойынша маған ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев лабораториялық зерттеулердің тиімді­лігін арттыруды, реагенттер мен жұм­салатын материалдардың үздіксіз жет­кізілуін шешуді, ПТР-лаборато­риялар­дың саны мен қуаттылығын арттыруды тапсырды.

1

– Тұрғындардың лабораториялар маңындағы кезектің көптігіне, сани­тарлық нормалардың сақталмауына қатыс­ты шағымдануы әділетті. Мұ­ның бәрі тікелей ауру жұқтыру қау­пін күшейтеді. Сондықтан вирус жұқты­рудың алдын алу және бір орталықтан таратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ есепке қою мақсатында ПТР сынамаларын тапсыруды онлайн жазылу немесе Call-орталық арқылы жүргізу қажет. Індет ошақтарындағы жұмыстар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде мобильді лабораторияларды ұйымдастыру және мобильді қызметті одан әрі дамыту үшін қаржы бөлу аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, емдеудің маңыздылығын атап өтті. Осы ретте проблемаларды шешу үшін Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне барлық қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстарды жұмылдыру тапсырылды.

– Пандемияның екінші толқынын ескере отырып, шілденің соңына дейін жұқп­алы дертке шалдыққандарға арнал­ған төсек-орындарын 50 пайызға арттыру­ды тапсырамын. Бұл үшін өңірлер барлық резервті, соның ішінде, жеке және ведом­ст­во­лық медицина орталықтарын пайда­лан­уы керек. Үкіметке дәрі-дәрмек­тер­­мен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орган­дардың коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жүргізіп жатқан ақпараттық жұмыстарының маңыздылығын айрық­ша атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс бас­тап­қы кезеңде жақсы ұйым­дастырылды. Бірақ мем­лекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жібергендей әсер қалдырады.

– Әкімдер мен министрлер қара­пайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда. Өкілетті қызмет орындарынан дұрыс жауап ала алмаған тұрғындардан шағымдар көп түсіп жатыр. www.coronavirus2020.kz сайтына қы­рық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазір­гі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәти­жесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Жауапты тұлғалар өткізетін тұрақты брифингтерді жолға қойып, індет жұқтырған кездегі іс-әрекеттердің алгоритмі жөнінде халықты нақты әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

– Телеарналарда тікелей эфир арқы­лы дәрігерлерден кеңес алып, тұрғын­дардың сұрақтарына нақты жауап бере­тін бағдарламалар ұйымдастыруға не кедер­гі? Азаматтарға емделудің протоко­лы мен алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнін­де түсіндіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарау және конференция, дөңгелек үс­тел, салтанатты шаралар, консалтингтік және PR-қызмет секілді қажетсіз шығын­дар­­дан бас тарту жөнінде тапсырма беріл­ді. Бұл қаржының барлығы эпидемиямен нақт­ы күреске бағытталуы керек. Соны­мен қатар Мемлекет басшысы бағаны тұрақ­тан­дыруға, азаматтарды қажетті азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз етуге, экономикалық белсенділікті арттыруға және цифрлы технологияны дамытуға қол­дау көрсету қажеттігін атап өтті. Эконо­ми­­ка­лық өсімді қайта қалпына келтіру жө­нін­дегі кешенді жоспар жүйелі әрі толық­қанды орындалуы тиіс. Бұл мәселе әрбір әкімнің ерекше бақылауында болуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті шұ­ғыл шаралар қабылдаумен қатар, коронавирус пандемиясының ұзаққа созылуына дайын болуға шақырды. Осыған байланысты орта мерзімді перспективаға арналған қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі ұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

– Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрей­ге бой алдырмау керек. Сондай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режімді бұзуға жол берілмейді. Ал науқастанып қалғандар сарыуайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл күйі оның құлантаза айы­ғып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақ­тау министрлігі және санитарлық дәрі­герлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұ­ның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіз­дердің, Қазақстан Республикасы аза­мат­тары­ның өмірі мен денсаулығын қорғау­ға арналған, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі.