Аймақтар • 30 Маусым, 2020

Батыс Қазақстан облысында 47 бағана құлап қалды

667 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы маусымның 29-ы күні болған күшті желдің салдарынан болған шығынды есептеуде деп хабарлайды Egemen Qazaqstan. Алдын ала болжамға қарағанда жалпы көлемі 1434 шаршыметр шатыр желмен ұшқан, электр желілері мен Билайн ұялы байланыс операторының 47 бағаны құлап, бірнеше елдімекен электр қуатынсыз қалған, - деп жазады Egemen.kz

Батыс Қазақстан облысында 47 бағана құлап қалды

Табиғаттың тосын құбылысы болатынын "Қазгидромет" мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы бір күн бұрын ескерткен еді. Яғни Батыс Қазақстан облысының кей жерінде найзағай ойнап, бұршақ жауатыны, солтүстік-шығыстан, шығыстан күші 15-20 м/с болатын жел соғатыны алдын ала ескертілген. Айтқандай-ақ, күшті жел мен нөсердің екпіні кей жерде секіндына 22 метрге дейін жетті.

Тасқала ауданына қарасты Оян ауылында күшті желдің әсерінен 1974 жылы салынған орта мектеп ғимараты 70 шаршыметр шатырын жел жұлып әкетті.

Дәл осы кезде Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе ауылдық округінде де жылдамдығы секундына 19 метрлік жел соғып, мектеп пен ауыл әкімдігі ғимараты, 12 тұрғын үй шатыры бүлінді. Бұл ауылда жел ұшырған шатырдың жалпы көлемі 216 шаршыметр екен.

Осындай жағдай Сырым ауданында да болды. "Түйені шайқайтындай" күшті жел аудан аумағындағы электр тарату желісінің 36 бағанасын құлатқан. Сөйтіп, табиғаттың тосын мінезінен Қособа ауылындағы 126 үй мен әлеуметтік 4 нысан, 26 үйлік Қарақұдық ауылы, 48 үйлік Көздіғара ауылы және 4 үйлік Жарқамыс бекеті уақытша жарықсыз қалды.

Дауылдан ең көп зардап шеккен – осы Сырым ауданы болды. Мәселен Бұлдырты ауылында әкімдік ғимараты, кітапхана, "Болашақ" дүкені және "Бәйтерек" кафесі ғимараттарының профлист шатырын жел жұлып тастады. 3 үйдің шатыры бүлінді. Қособа ауылында 21 үй, Жырақұдықта – 14, Шағырлыой ауылында – 20, Қосарал елдімекенінде 8 үйдің шатырын ауыл төңкеріп тастады. Аудан бойынша бүлінген шатырдың көлемі 1208 шаршыметрге жетті.

Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында биіктігі 15 метрлік байланыс мұнарасын дауыл жығып кетіпті. Сөйтіп, ауылдағы 178 абонент байланыссыз қалған.

"Табиғаттың тосын құбылысы бүгін байқалуда" деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті. Қазталов ауданынан жеткен хабарға қарағанда жылдамдығы секундына 22 метр дауыл соғып, электр тасымалдайтын 11 бағанды құлатып кеткен. Қазір оқиға орнына мамандар жіберіліп, келтірілген зардап көлемі анықталып жатыр.

 

Батыс Қазақстан