Аймақтар • 01 Шілде, 2020

Жоба шарапаты шағын ауылға да тисе...

258 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ауыл деген жалғыз ауыз сөз тіл ұшына оралғанда, өне бойыңды жып-жылы сезім кернеп кететіні бар. Биыл облыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын 35 жоба қолға алынып отыр.

Жоба шарапаты шағын ауылға да тисе...

Ел еңсесін тіктейтін осы жо­­балардың аясында ең алды­мен білім беру, денсаулық сақ­тау, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы салаларына күр­делі жөндеу жүргізу көзделген. Жалпақ жұрттың көкірегінде қуаныш лебін асқақтатып, жаңасы да салынып жатыр. Бәрі де керек, ел үшін қажет дүние. Әдетте тұрғындар тарапынан айтылатын арыз-шағымның көбірек орын алатын жері де осы. Соны­мен қатар ұзақ жылдан бері қара­жаттың кемдігінен қараусыз қал­ған ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу де қолға алынуда.

Негізінде, өңірдегі 590 елді мекеннің 289-ы болашағы бар ауылдар санатында. Қазір Алаштың ақ бесігі саналатын, жақсы мен жайсаңның  кіндік қаны тамған,  қайран да қайран алақандай ауылды болашағы бар және жоқ деп екіге бөлетін болдық қой. Аталған жоба аясында қамқорлықтың жылы лебі негізінен осындай ауылдарды қамтымақ. Ал сонда болашағы жоқ деген қарғыс таңбасы басылған шоқ жұлдыздай шағын ауылдардың шаруасы одан әрі шатқаяқтай түспей ме?

Жеті жоба білім саласына шұғы­ласын себезгілегелі тұр. Мә­­селен, Атбасар, Астрахан, Бу­ра­бай, Шортанды және Сан­дық­тау аудандарының мек­тептері күрделі жөндеуден өткі­зілуде. Жоба аясындағы жақ­сылық ауыз сумен қалтқысыз қам­тамасыз етіп, спорт және мәдениет ошақ­тарын орташа жөндеуден өткізіп, шарапатын тигізбек.

– Бір ұтымдысы, – дейді об­лыстық экономика және бюд­жет­тік жоспарлау басқарма­сы­ның басшысы Қанат Дүзелбаев, – қолға алынған жобаларды жүзеге асыру барысында 1900 жұмыс орны ашылады, оның 53-і тұрақты. Қамқорлыққа сусап отырған ауылдармен қатар тұрғындарға да тәп-тәуір тиімділігі бар. 

Жоба аясында Сандықтау ауданына республикалық жә­не жергілікті бюджеттен 1 млрд 333 млн теңге қаражат бөлін­ген. Көлік және әлеуметтік инфра­құрылымды дамыту барысында 7 жоба қарастырылса, 3 мектеп пен аудандық аурухана күрделі жөндеуден өткізілмек.

– Ауылдық мектептер мен аудандық аурухана сапалы жөн­деуден өткізілгеннен кейін жас мұғалімдер мен дәрігерлер тұрақ­тап қалып, ел игілігі үшін жұмыс істейді деп үміттенемін, – дейді Сандықтау ауданының әкімі Асқар­бек Үйсімбаев, – жергілікті жұртшылық тарапынан жол сапасы мәселесі жиі көтеріледі. Осы орайда халықтың қалауына орай, Балқашин және Сандықтау ауылдарының арасындағы жолға орташа жөндеу жұмысы басталып кетті.

Ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру ортасын қа­лып­тас­тыруды, әлеуметтік са­ла­ны да­мы­туды көздейтін жоба аясында ірі елді мекендерге баса назар аударылып отырғанын екпін түсіріп айта кетуіміз керек. Дегенмен, мол қаржының аздаған бөлігі алыстағы ауылға да жетіп жатса, шын мәнінде ғанибет болар еді. Сондықтан жобаларды қолға аларда ел тілегін ескерген жөн. Біз бұл пікіріміз арқылы қолға алынып жатқан шаруаларды жоққа шығарғымыз келіп отырған жоқ. Тек шағын ауылдардың үлкен мәселесі назардан тыс қалып қоймасын дегенді айтқымыз келеді. Тұтас аудан игілігін көретін жақсы жо­балардың бар екенін айта кеткен ләзім. Мәселен, аудандық аурухана 1972 жылы салынған. Сол уақыттан бері ғимаратқа бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыста­ры жүргізілмеген. Тұтас ауданға қыз­мет етіп отырған аурухана­ның жоба аясында жөнделуі аудан жұртшылығының ризашылы­ғын туғызуда. Нақтырақ айтатын болсақ, 4 бөлімше, зертхана, ғи­­мараттың алдыңғы беті, шатыры жөнделмек. Оның үстіне мо­дульдік қазандық орнатылып, лифт жабдықтары жаңғыртылады. Жөндеу барысында 53 жұмыс орны ашылған. Оның 20-ы осы уақытқа дейін екі қолға бір күрек таба алмай жүрген Балқашин ауы­лының тұрғындары.

– Тұңғыш Президентіміз бас­тамашысы болған бағдарлама дер кезінде қолға алынып отыр. Түпкі мақсат та айқын. Ауылдың ажарын жақсартып, тұрмысқа қолайлы жағдай туғызу, – дейді аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаев.

Иә, соңғы жылдары ауылға көрсетіліп жатқан көмек қомақты. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде 22 млрд теңге қаражат бөлініп, ел еңсесін тіктеуге бағытталған. Бөлінген қаржының 47 пайызы ауыз сумен қамтуға жұмсалған. Білім саласына бөлінген қаражат та аз емес. Целиноград ауданының Қызылсуат, Қаражар, Сандықтау ауданындағы Балқашин, Біржан сал ауданындағы Невское ауылдарына 4 білім ошағы салынды. Денсаулық сақтау саласына 2,4 млрд теңге қаражат бөлініп, 10 нысан тұрғызылды. Бұл дегеніңіз ауыл адамдарының денсаулығына жасалып отырған қамқорлық.

Ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жергілікті атқарушы органдардың қаражатына да жасалып жатыр. Мәселен, 2019 жылы болашағы бар деп танылған Астраханка, Зеренді және Аршалы елді мекен­дерінде жалпы құны 3 млрд тең­гені құрайтын 29 жоба жүзеге асырылды. Осы орайда, 384 жұмыс орны ашылып, жұмыссыз жүргендерге нәпақа болып қалды. Биыл өңірдегі өзекті мәселенің бірі – ауыз сумен қамту орайын­да жоба шарапатын Бұланды ауданындағы Капитоновка, Зе­ренді ауданындағы Викто­ров­ка ауылдары көрмек. Алғаш­қы­сына су құбырлары желісін жаңғыртуға 616,1 млн теңге жұм­­салса, екіншісіне 377,6 млн тең­ге қарастырылып отыр. Осы қа­ра­жатқа 33 шақырым су құбыры жөнделіп, 2 мыңнан астам ауыл тұрғыны таза су ішетін болады.

Жоба аясында ауыл спорты­ның да тамырына қан жүгіреді. Мәселен, бұл орайдағы үш жоба­ның бірі – Аршалы ауданындағы денешынықтыру-сауықтыру ке­шенінің құрылысы. Жоба құны 832,7 млн теңгені құрайды. Це­ли­ноград ауданында 1124,7 млн теңге игерілмек, ал Шор­тан­ды кентіндегі стандионды жөндеуге 120 млн теңге бағыт­тал­ған. Бұл шын мәнінде ел ішін­дегі бұқа­ралық спортқа деген жа­нашырлық емес пе.

Ел ішіндегі қолайсыздықтың бірі – тозығы жеткен жол. Тірші­ліктің күретамыры көптен бері қараусыз қалып еді. Енді міне, шарапаты мол жоба аясында толайым жөндеуге қол жетпесе де, ішінара ілгерілеушілік бар екенін айта кеткеніміз жөн. 11 елді мекенді байланыстыратын жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 17 жоба қолға алы­­нып отыр. Әуел баста жеті жыл­ға көзделген жоба барысында облыстың 300 мыңнан астам тұр­ғыны инфрақұрылымдар жөн­деліп, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар қалтқысыз қызмет ете­тін деңгейге жеткен соң жанға жайлы тұрмыс кешетін болады. Мұның барлығы – мемлекет тарапынан қолға алынып отырған қомақты шаруа.

Сөз соңында жоғарыда біз өкінішпен айтқан болашағы жоқ деген үкімі бар ауылдардың үмі­ті кесілмесе екен деген тілек бар. Оның арғы жағында шоқ жұл­дыздай шағын ауылдың тағ­дыры тұр. Ендігі бір үміт сол ауыл­дың перзенттерінде екендігі даусыз. Шағын ауылдардан шыққан үлкен бизнестің басында жүрген азаматтар баршылық. Мемлекет тарапынан созылған көмек қолы­ның жетпей жатқан тұсына ел азаматтарының өзі перзенттік пе­йіл­­дерімен көмектесіп, туған же­рінің тұғырын биіктетуге титім­дей болса да үлестерін қосса екен дейміз. Бәлкім сонда жанары жәудіреп қалған шалғайдағы ша­ғын ауылдың жалынан жел есер.

 

Ақмола облысы