Әлем • 01 Шілде, 2020

Польшаның келесі президенті кім болады?

182 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Польшада президенттік сайлау өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша қазіргі ел басшысы Анджей Дуда мен Варшава әкімі Рафал Тшасковский тиісті 50 пайыздық межеден аса алған жоқ. Осыған байланысты сайлаудың екінші кезеңі 12 шілдеге жоспарланып отыр.

Польшаның келесі президенті кім болады?

Қазірге дейін Дуда – 43,7 па­йыз, Тшасковский 30,3 пайыз дауыс жинаған. Айта кету ке­рек, Польша орталық сайлау комис­сиясы бюллетеньдердің 99,78 па­йызын санап шықты. Сайлау­дың нәтижесі алдағы уақытта нақты белгілі болады. Алайда қазірдің өзінде прези­дент­ті анықтау екінші кезеңге қал­дырылғаны айтпаса да түсінікті.

Мемлекет басшысы қыз­ме­тінен 11 кандидат үміткер бол­ды. Елде 27 мыңнан астам сай­лау учаскесі жұмыс істеді. Пре­зи­дент сайлауының бірінші туры ма­мыр айында өтуі тиіс еді. Бірақ ко­ронавирус пандемиясына бай­ланысты сайлау кейінге шегерілді.

Exit poll жүргізген сауал­на­маға сүйенсек, Анджей Ду­даны қолдайтындар саны 42  па­йыз­ды құраған. Ал оның басты қар­сыласы – Варшаваның мэрі Рафал Тшасковскийге халықтың 30 пайызы дауыс бергенін айтқан. Үшінші орын тәуелсіз үміткер Шимон Холовняға бұйырды. Ол 14 пайыз дауыс жинаған.

А.Дуда exit-poll-дың нәтижесі шыққаннан кейін халыққа жолдау жасап, қолдайтындар саны арт­қа­нын мәлімдеді. Осыдан бес жыл бұрын бірінші кезеңде да­уыс бергендер саны қазіргіден әл­деқайда аз болатын. «Бес жыл бойы саясатта жүріп, көптеген сынға қалып, шабуыл жасалып, қиын шешім қабылдадым. Соның арқасында осы нәтижеге қол жеткізіп отырмын», деді ол.

Ал Тшасковский өз сөзінде басқа үміткерлерге дауыс берген тұр­ғындарды өзін қолдауға шақы­рып, Дудаға қарсы шығуға үгіт­теді. «Бұл нәтиже маңызды мә­се­лені көрсетті. Қоғамның 58 пайыздан астамы өзгерісті қа­лайды. Сол азаматтарға сіздердің үміткерлеріңіз екенімді, өзгерістің үміткері екенімді айтқым келеді», деп мәлімдеді.

«Бұл ән бұрынғы әннен өз­герек» демекші, бұл жолғы сайлаудың өзгешелігі көп болып тұр. Мәселен, 2015 жылғы дауыс беру кезінде электораттың 49 пайызы ғана қатысқан. Биыл бұл көрсеткіш 63 пайызды құрады.

Екінші кезеңнің басты фаво­риті – Анджей Дуда екеніне қарамастан, Тшасковскийдің де мүмкіндігі мол. Біріншіден, қазіргі президентті қолдайтындардың басым бөлігі орта жастан асқандар. Оның үстіне, таяуда Дуда мырза гейлерге қатысты пікір білдіріп, елдегі құқық қорғаушылар мен шетелдіктердің сынына қалған еді. Енді оған Польшада қырын қарайтындар табылуы мүмкін.

Екіншіден, Ipsos компа­ниясы жүргізген exit-poll-дың нәтижесіне сүйенсек, Тшасковс­кийді көбіне жастар жағы қол­дайды. Ал Дудаға дауыс берген 18-29 жас аралығындағылар не­бәрі 19 пайыз ғана. Яғни, екінші кезеңде басқа үміткерлерді қол­даған жастардың Тшасковскийдің жақ­тасына айналуы әбден ық­тимал.

Үшіншіден, биылғы сайлау науқаны кезінде үміткерлер түр­лі тәсілді қолданды. Әсіресе ха­лық­­аралық жобаларды да пай­дала­нуды көздеген-ді. Мәселен, пре­зи­денттіктен үміткерлер енді Вис­лин мүйісіне канал қазу жобасын саяси науқанның бір бөлігіне айналдырды.

Естеріңізде болса, Польша­дағы Вислин мүйісіне канал са­лу туралы әңгіме қозғалып, ше­шім қабылданған-ды. Құрылыс аяқ­талғанда 100 шақырымға дейінгі су жолы қысқартылып, Балтық теңізіне тікелей шығуға мүмкіндік жасалмақ. Жоба туралы талайдан бері айтылып келе жатқанымен, оның құрылысы 2019 жылы бас­талған-ды. Польша пре­зиденті Анджей Дуданың ай­туынша, канал салу арқылы Поль­ша Ре­сей­дің ықпалынан құтылып, тәуел­сіздігін нығайта түспек. Ел прези­дентінің пайымдауынша, мұндай жобалар қосымша жұмыс орнын ашады.

Польшада бұл жобаға қар­сы­лар жетерлік. Әсіресе елдегі оп­по­зи­ция өкілдері жобаның өзін ақ­та­­майтынын алға тартады. «Аза­мат­тық алаң» оппозициялық блок та­ра­пынан сайлауға түсіп жатқан Ра­фал Тшасковский жеңіске жет­се, құ­рылысты тоқтатуға уәде берді.

Бір қызығы, екінші кезеңнің нәтижесі бірінші турда үшінші орын алған Шимон Холовняға байланысты болмақ. Оның 14 па­йыз дауыс жинағанын жоғарыда айттық. Gazeta Wyborcza басы­лы­мының хабарлауынша, Ш.Хо­ловня алдағы уақытта екі үміт­керге қатысты ұстанымын мәлім­демек. Яғни, Шимонның жақтас­тары екінші кезеңде кімге дауыс беретіні оның бір ауыз сөзіне байланып тұр.