Абай • 02 Шілде, 2020

Қазақ әдебиеті сынының атасы

1901 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бұрын да, кеңес дәуірі кезінде де барша сыншылардың бірінші ұстазы орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский саналып келді. Белинский сындарын оқымаған, одан үлгі алмаған сыншы болған жоқ. Ал қазақ әдебиетінде сын атасы, бірінші сыншы кім? Сынымыз қай кезден нақты, кімнен бас­тау алады? М.Қаратаевты «Қа­зақтың Белинскийі» санап, ұстаз тұттық. Олай болса, қазақ әдебиеті сы­нының атасы Қаратаев болғаны ма? Әрине, жоқ.

Қазақ әдебиеті сынының атасы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

­­Осы сұраққа жауап іздей келе, бұл орынға, яғни «қазақ әдебиеті сынының атасы» деген атақ-таққа отыруға тек Абай ғана лайық екеніне оның шығармашылығын зерделей отырып көз жеткіздім.

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау! – деген жалғыз ауыз жыр шумағының өзі мұның нағыз сыншы қаламынан туғанын көрсетіп тұр. «Абайды қайта оқыған сайын жаңа оқығандай боласың» деген сөз әбден дұрыс айтылған. Зерделеп оқығанда, Абайды әдебиет сыншысы қырынан анық тани бастайсың.

Рас, Абай ұлы ақынымыз, қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп білеміз. Бірақ Бұхар жырау ұлылығы да Абайдан кем соғып жатқан жоқ. Оны «Жыраулар атасы» деп танимыз. Бұхар жырау деген жалғыз атының өзі асқар таудай. Сол Бұхар жырау жырларына Абай ауыр сын айтады. Және сол сынына Дулат пен Шортанбайды да қосақтап жібереді.

Әдебиет сыны жазба әдебиетке тән. Халықтың ауыз әдебиетінде нағыз сын болмаған, тек оның элементтері ғана болған. Айтыс ақындары айтыс үстінде бір-бірін сынағанда жеке бастарының немесе ауыл мен рудың белгілі адамдары­ның кемшіліктерін көрсеткен. Балта ақын Шөжемен айтысында оны қу соқыр дей беріпті. Сонда ыза болған Шөже Алшынбайдың парақорлығын, Құнан­байдың соқырлығын айтып салған. Ал «сенің өлеңің нашар, ұйқасуы олақ, көркемдігі кем» деп қарсыласының жырына тиісіп, сын айтып, мін тағу сирек ұшырасады. Арғы-бергі ақындардың өлеңдеріне сын айтуды Абайдан көреміз. Оның, әсіресе, Бұхар жырауға айтқан сыны өте қатал, тым ащы, артықтау екен дейсің. Қабылдағың келмейді. Бірақ Абай кімге айтса да бейне сот үкімін оқып тұрғандай қатал айтады.

Отыз жетінші қара сөзінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың» деп алдымен өзімшілдерді өлтіре сынап алады да, келесі кезекте сын садағын барша жұртқа кезеп жебесін аямай-ақ тартып жібереді. «Сократқа у ішкізген, Жанна Д-Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал», дейді ашынып. Осы өткір сын, осы аяусыз айыптаудан қылдай қиянат таба аласыз ба? Жоқ, бас-аяғы бірер сөйлемдегі жойқын ой логикасына, сөз жүйесіне, тіл құдіретіне, сын дәлелдемесіне еріксіз таңғалып, таңдай қағасыз. Сократқа у ішкізіп, Ғайсаны тақтайға керіп шегелеп өлтірген көптің атына қандай сын айтса да сыяды емес пе. Көпке сондай сын айтқан Абайдың, Бұхар жыраудың жырларын қатты сынағанына түсіністікпен қарай бастайсың.

Ұлы сыншы Белинский патшалы Ресейдегі крепостниктік правоны қалай сынап, оны жоюға шақырса, Абай да сұрқия би-болыстар мен қиянатшыл сараң байларды, қоғамдағы әділетсіздіктерді, қазақ қанындағы кесапатты қылықтарды, зиянды әдеттерді аяусыз сынап өтті.

Жалпы, нағыз әдебиет сыншысы, аза­мат сыншы – қоғам мен қоғамдағы кесел­дердің де сыншысы. Оған ұлы орыс сыншылары Белинский мен Чернышевскийдің және Добролюбовтың күрескерлік өмір­лері, сыншылық шығармалары дәлел.

Абай да солар сияқты тумысынан сыншы, қоғам қайраткері болып жаратылған жан. Нағыз азамат сыншыға қойылар талапты терең түсініп, сыншылық міндетіне адал болып өткен адам. Абай сыны – күйініп отырып сын жазудың ерен үлгісі. Қазақты Абайдан сөз асырып сынаған ешкім бол­маған. «Қырық бірінші» сөзінде: «Қазақты иә қорқытпай, иә параламай ақыл­менен, не жерлеп, не сырлап айтқан­менен ешнәрсеге көндіру мүмкін емес»,  деп жазған ғой.

...Өзім жалғыз надан көп,

Ұқтырасың сен не деп,

Әулекі арсыз елге енді?

 

...Адам деген даңқым бар,

Адам қылмас халқым бар.

Өтірік пен өсекке,

Бәйге атындай аңқылдар...

 

Атымды адам қойған соң,

Қайтып надан болайын?

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын.

Осынау келтірілген үзінді шумақтардан Абайдың өз елін, туған халқын қалай күйініп, көкірегі қалай қарс айырылып, өкініштен өзегі өртеніп отырып сынап жазғаны аңғарылады.

Абайдың халықты сынауы – қоғамды сы­науы. Өйткені қай халықтың да басын­дағы трагедиялар мен кеселді қасиет­тер, жағымсыз қылықтар өз-өзінен емес, қоғам­дық құрылыстың кесапатты кемші­лік­терінің зардаптары салдарынан пайда болады.

Енді Абайдың қоғамдық саяси сынынан әдебиет сыншылығына оралсақ, Абай айналасында бүтіндей бір ақындар мен әдебиетшілер мектебі болғаны белгілі. Өзі­нің ақын балалары Ақылбай мен Ма­ғауия, немере інісі Шәкәрім мен үзең­гілес серігі әрі досы Көкбай, Әріп Тәңір­бергенов, олардан басқа да ақындар, әң­гі­мешілер, ертекшілер, әншілер, жыршылар Абай мектебінен өткен. Абай оларға үнемі ұстаздық етіп, ақындық қабілет таланттарын ұштап, тәрбиелеп өлең жаздырып, жырлауға тақырыптар беріп талаптандырып отырған. Жазған, шығарған өлең-жырларының тиісті бағасын беріп, жақсысын мадақтап, нашарын сынап, нұсқа жол көрсеткен. Жақсы өлеңнің қандай болатынын, оның қадір-қасиетін, адам өмірінде өлеңнің алар орны мен атқарар рөлін жан-жақты ашып берген.

Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өзіндік асыл ойларын, қояр талап-концепциясын жайып салатын жырлары осы ұстаздық жылдары жазылғаны айқын. Мысалы:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, –

деген жыр жолдары ұстаз Абайдың мақ­сатын айқын танытып тұр. Ұлы ақын өлең сүйетін ізбасар шәкірттерімен, талапкер жас ақындармен сабақ мәслихаттарында өзі айтқандай сөз патшасы – өлең туралы ұлағатты ақыл-кеңестер айтып, дә­ріс берген. Онда өзіне дейінгі ақындар мен жыраулардың поэзиясына талдау жасап, кемшіліктерін ашып көрсетіп отырғаны анық. Дулат, Шортанбай, Бұ­хар жырау жырларына сын айтатыны да осы кезде болса керек. Абай дә­рісті қара сөзбен де, өлеңмен де айтқан. Бізге жеткен жоғарыдағы жырлар – сол өлеңмен айтылған дәрістер екені хақ. Ал қара сөзбен айтқан дәрістерін қағазға түсірмеген.

Абайдың өзіміз жаттап өскен «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты әйгілі өлеңі ақын туралы, өлең туралы тың­даушы оқырман туралы, өлең мен ақынға қойылар биік талап туралы жазылған аса маңызды сыни еңбек. Бұл жырдан біз Абайдың поэзияға деген биік эстетикалық көзқарасын көреміз, оған қояр қатал талабын танимыз.

«Өлең – сөздің патшасы» деп анықтама беруінің өзі Белинскийдің «Поэзия – искусствоның жоғарғы тегі» деген сөзімен үндесіп, тең түсіп, тіпті асып түсіп жатыр. Өлеңге «Сөздің патшасы» дегеннен артық анықтама да, баға да табу мүмкін емес.

Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы!

Міне, өлеңге қояр сыншы Абайдың талабы. Өлең оқығанда тіл күрмелмейтіндей жатық, жүрекке, жанға самал желдей жайлы да жылы тиіп, ұйқастары жұмыр тастай болсын дейді. Сонда ғана ол нағыз өлең болмақ.

...Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бейшарасы!

Бұл енді аса қатал сыншының ғана айта алар сөзі. Абай өлеңдегі бөтен сөз өлеңнің құнын кемітеді деп бүгінгі сыншылардай сыпайылап жатпайды, «былғайды» дейді және «ол – ақынның білімсіз бейшарасы» деп, аса қатал үкім айтады. Абайдың бөтен сөз деп отырғаны – қазіргі ақындардың да өлеңдерінде, тіпті, өте көп кездесетін логикалық қисынсыз ой, жүйесіз сөз бен ұйқас, бірді айтып, бірге лағып кету, түсініксіз тіркестер.

Белинский әйгілі «Гогольге хатында»: «Сізге тіл тигізетініме өкінбеймін. Бұл арада сіздің, ия менің қара басымыз ғана сөз болып отырған жоқ» деп жазған ғой. Белинский сияқты Абай да бөтен сөзбен өлең былғаған ақынға қырандай шүйлігіп, тіпті арына тиіп, тіл тигізіп айтады. Өйт­кені әңгіме сөз патшасы – өлең туралы болып отыр. Сол өлеңді Абай шыр-пыры шығып, қызғыштай қориды.

Абайдың «Шоқпардай кекілі бар қа­мыс құлақ» деп басталатын өлеңін «Ат­тың сыны» деп жүрміз. Бірақ Абайдың өлең туралы әйгілі осы өлеңін «Өлең сыны» деу еске келмей жүр, солай деп оқытылмай жүр. Шынында да, бұл – өлең­мен жазылған өлең сыны.

Өлеңге әркімнің де бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы!

Жадымызда жатталып қалған осы шумақ­қа жақсы жазылған жыр деп қана қарап келдік. Ал, шынында, Абай бұл жерде «шығарған сөз емес, қай әңгіме үшін» деп өзі жазғандай, өлең тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін көркем сөзді болумен бірге, сыртқы сұлулығына ішкі мазмұны сай, яғни айтар салмақты ойы, сары алтындай маңызы болсын деп отыр. Және сондай өлеңді ақынның ақыны, ақылды туған ер данасы ғана қиыннан қиыстыра алады дейді.

 Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» жырын мен өлең сыны ғана емес, өлеңнің теориясы да дер едім. Абайдың «іші алтын» деп отырғаны, бүгінгі біз айтып сабақ беріп жүрген, әдебиет теориясындағы теңеу, эпитет, балау сияқты көркемдік кестелері. «Сырты күмісі» дегені - ұйқастары. Міне, соларды ол өлеңде бірер сөзбен тұжырымдап, қалғанын қара сөзбен айтып түсіндіріп отырғаны анық.

Абай осы өлең сынында өлеңді түсін­бейтін көкірегі көр адамдарға да шүйлігіп ашулы тіл қатады.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Осынау жолдар бұдан бір ғасыр бұ­рын айтылған, бірақ қазіргі ахуалды да дәл айтып тұр. Қазір өлеңді түсінбек тұрмақ оқымайтындар көп. Газеттер мен журналдарға өлең қардай жауып жатады. Кезінде тәртіп қатал болды, солардың әрқай­сысына жауап жазып шаршап мұр­нымыздан шаншылатынбыз. Бүгінде редакциялар жауап беруден құтылды. Абай сөз танымас деп, қара сөзді емес, өлең түсінбейтіндерді меңзеп отыр. Бүгінде де сол өлең түсінбейтіндер өлең жазып, біразы ақын атанып жүргенін көруге болады.

Бас-аяғы он бес шумақ «Өлең сынында» Абай ақындарды, көр-жерді өлең қылған нашар жырлары үшін ғана сынап қоймайды, өлеңді қасиетті өнер деп құндап, төбесіне көтеріп жүру орнына оны мал табу құралына айналдырып жүргендері үшін де ауыр айыптайды.

Сыншы Абайдың поэзия жөніндегі эстетикалық терең ойлары, талғам-талап­тары, асыл армандары, көзқарастары, міне, осындай. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп Абай ғұмыр бойы ту­ған халқының көзі ашылып, оянып, өлең қадірін, сөз қадірін білетін, түсі­нетін дәрежеге жетуін аңсап, армандап өтті. Қорытып айтқанда, Абайдың сыншыл­дығы негізінен үш салада көрінеді. Бірінші – әлеумет өміріне, заманға, қо­ғамға байланысты айтылған сындары. Екінші – әдебиетке, өнерге және ғылымға қатысты сыни пікірлері.

Үшіншісі – жеке адамдардың мінез құлқындағы сан түрлі жағымсыз, тіпті, кесапатты қылықтарды қатал сынап әшкерелеуі.

Бұлардың ішінде бізге көбірек қатыс­тысы Абайдың әдебиет пен өнер туралы айтқан сыни пікірлері. Абай өлең өнерінен кейін саз-әуез өнеріне, яғни әнге айрықша мән беріп, ол туралы да бірнеше өлеңмен пікір айтып кеткен. «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген өлеңінде:

...Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйлер,

Тыңдағанда көңілдің өсері бар... –

деп әннің адам жанына, оның көңіл күйіне тигізер әсерін, бірде мұңға батырса, бірде қуаныш шаттыққа бөлер құдіретін жырлап паш етеді. Екінші бір өлеңінде:

Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, –

деп толғайды. Абайдың ән өнері жайын­­дағы сыни пікірлері де бүгінде өзек­тілі­гін жойған жоқ. Даңғыра-дұңғыра кү­шейт­кіш аппараттардың қолдауымен тың­дау­шының құлақ құрышын қандырмақ тү­гіл, дабыл жарғағын жарып жіберердей тым көбейіп кеткен қазіргі есер әндер еске түседі. Абай оларға «құлақ кесер әндер» деп анықтама беріп кеткен.

Түйіндей келгенде, Абай – бұрынғы да, қазіргі де қазақ әдебиеті сынының атасы! Солай деп тұжырымдап, әдебиет сын­шы­лығы қырынан қайта танып, қазақ әдебиеті сыны тарихына енгізетін уақыт жетті.

 

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі