Коронавирус • 02 Шілде, 2020

Солтүстікте симптомсыз сырқат көбеюде

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен тәулікте елімізде 1406 адамның бо­йы­нан жаман індет табылған болса, соның 417-сі Солтүстік Қазақстан өңірінен болып отыр. Бұл өңір үшін өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені бір кезде індеттің тара­лымы ең аз болып, індетті құрықтадық деген облыста қазір республикалық көр­сеткіштің үштен бірге жуығы тиесілі.

Солтүстікте симптомсыз сырқат көбеюде

Өңірдегі соңғы тәуліктегі өсім 5,5 пайызға жетті. Көрсеткіш көршілес Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарынан да асты. Нақты айтсақ, Қостанай облысындағы өсім – 4,4 Ақмола облысында – 4,0 ал Павлодарда 1,2 пайыз болған.

Егер жаман індетке қарсы басқа да мәлімет­терді айта кететін болсақ, облыста тәуір болған­дардың жалпы саны – 386 адам. Індет бастал­ғаннан бері қайтыс болғандар 13 адамға жетті.

Облыс халқы тәртіпке біршама мойын­сұнғанымен, жағдайдың осылай күрделеніп бара жатқаны ерекше сақтандыру шараларын қабылдауды қажет етеді. Қазір шекаралық бекеттерден өтушілерді қатаң бақылауға алу қолға алынды. Өткен сенбі-жексенбі күндері облыстың бас санитарлық дәрігері Серікбай Қасмақасов Петропавл қаласы бойынша карантин жариялап, барлық қоғамдық орындар, оның ішінде гипермаркеттер мен супермаркеттер, базарлар, көңіл көтеретін қоғамдық орындар, спорт алаңдары түгел жабылды. Қоғамдық көліктердің жүруіне тыйым салынды. Барлық дәмханалар мен мейрамханалардың жұмысына шектеу қойылды. Алайда осы шараның нәтижесі туралы облыстық денсаулық сақтау орындары ешқандай деректер айтпай отыр. Өйткені енді КВИ-ге байланысты барлық ақпараттар орталықтандырылып, ресми түрде Денсаулық сақтау министрлігінен Орталық коммуникациялар қызметі арқылы таратылады. Барлық аймақтық брифингтер тоқтатылды. Бәлкім, осының өзі дұрыс шығар. Өйткені ешкім ештеңе білмесе де сан-саққа жүгіртіп, білгендерін айта берушілер көбейіп кетті. Халық кімге сенерін де білмей қалды. Ал бір орталықтан ресми ақпарат тарап отырса – білгісі келетін тұрғындар оны арнаулы coronavirus2020.kz арқылы ала алады. Сондықтан жаман індеттің барысы, ерекшеліктері туралы қазір өз пікірлерін айтудан мамандар ат-тонын ала қашып отыр.

Солтүстікте анықталған барлық дертті адамдардың жартысына жуығында сыртқы белгілері жоқ, яғни симптомсыз. Егер барлық дертті адамдар саны 783 болса соның 356-сы симптомсыз болып отыр.  Бұл аты жаман індет белгілері көрінбей, тек өздері тасымалдаушы болып табылатын науқастар арқылы таралып жатқанын көрсетеді. 2020 жылы 29 маусымдағы республикадағы жағдай бойынша, науқастардың бір тәуліктегі өсімі 1003 болса соның ішінде солтүстік өңірдің үлесіндегілер 99 болған. Көршілес Қостанайда – 15, Павлодарда 7 сырқат қана болғанда, Солтүстік Қазақстандағы санның айрықша сипат алуы ойлантады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы