Конституциялық құрылыстың қазақстандық тәжірибесін зерттеп жүрген саясаткерлердің жаңа буынына, тарихшы-ғалымдар мен заңгерлерге арналған бұл кітап Тұңғыш Президенттің мерейтойы мен Қазақстан Конституциясының 25 жылдығына орай әзірленіп отыр. Кітапта Елбасының Ата Заңды дайындау мен іске асырудағы, еліміздің қазіргі саяси-құқықтық жүйесін құрудағы басты рөлі туралы баяндалады.
Сондай-ақ бұл еңбекте Елбасының басшылығымен ел Конституциясын жазу, елімізде конституциялық құндылықтарды дамыту және одан әрі бекіту процесі жан-жақты сипатталған. Өз кезегінде, Елбасының серіктестері Тұңғыш Президенттің жетекшілігімен жаңа қазақстандық мемлекеттілікті нығайту жолындағы тарихи кезеңдер мен жетістіктер туралы ой бөлісіпті. Сонымен қатар кітапта Елбасының сөйлеген сөздері, конституциялық саясаттың негізгі бағыттары талқыланған мемлекеттік органдардың отырыстарынан және өзге де дискуссиялық алаңдардан жинақталған тәжірибелік материалдар да қамтылған.
Таныстырылымға Президент Әкімшілігінің, Жоғары сот кеңесінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Әділет министрлігінің, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының басшылары, Конституциялық Кеңестің құрамы, Парламент депутаттары, Nur Otan партиясының жауапты қызметкерлері, еліміздің беделді жоғары оқу орындарының ректорлары, танымал ғалымдар мен шетелдік сарапшылар қатысты.
Кітаптың онлайн-таныстырылымын ашқан Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми 1995 жылы жаңа Конституцияны әзірлеу туралы шешім қабылдау елдің Тұңғыш Президентінің батыл қадамдарының бірі болғанын атап өтті. Кейіннен 30 тамызда өткен референдумда Конституцияның мақұлдануы оған жоғары легитимділік берді.
– Алдымызда маңызы зор мерекелер келе жатыр. Биыл астана күні Тәуелсіз Қазақстанның және оның әсем елордасының негізін қалаушы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерейтойымен сәйкес келіп отыр. Сондай-ақ биыл Конституцияның 25 жылдығы. Елорда мен Ата Заңның дамуы бір-бірімен тығыз байланысты. Конституцияны жазу, оны жүзеге асыру, елорданы әлемнің көрікті қалаларының біріне айналдыру процестері Елбасының тікелей басшылығымен жүзеге асты. Осы оқиғаларға арнап Конституциялық Кеңес Тұңғыш Президенттің Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөлін жан-жақты сипаттайтын кітапты дайындады, – деді Қ.Мәми.
Таныстырылым барысында авторлық ұжымның өкілдері саналатын Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Конституциялық Кеңестің мүшесі Виктор Малиновский және Қазақ гуманитарлық-заң университеті (КАЗГЮУ) Құқықтық саясат және конституциялық заңнама ҒЗИ директоры Сергей Ударцев сөз сөйледі.
Өз сөзінде И.Рогов еліміздегі конституциялық құрылыстың жаңаша тарихы қазіргі Қазақстанның және оның саяси-құқықтық жүйесінің негізін қалаушысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тығыз байланысты екенін жеткізді. Оның айтуынша, шетелдік тәжірибені және озық құқықтық технологияларды пайдалана отырып, отандық заңгерлердің жетістіктеріне сүйенген Елбасы, бір жағынан, халықаралық стандарттарға жауап беретін, ал екінші жағынан, тәуелсіз, тиімді жұмыс істейтін нағыз қазақстандық құқықтық жүйені құрды.
– Менің ойымша, бұл кітапты шығару дұрыс әрі уақтылы шешім болды. Қазақстанның тарихы біздің көз алдымызда қалыптасты. Осы үрдіске қатысқан, ұлы шешімдер қабылдаған адамдардың пікірінің болуы өте маңызды. Авторлардың бірі ретінде кітаптың мазмұнын тілге тиек еткенім дұрыс болмас. Еліміздің заңнамалық тарихына қызыққан оқырман өзі-ақ оқып алады деген сенімдемін. Ал көршілес Ресей мемлекетінің заңгерлері болса, Қазақстанды құқықтық құрылыс саласында көшбасшы деп есептейді.Елімізде Президент жанынан құрылған Құқықтық саясат жөніндегі кеңес жұмыс істеп келеді. Елбасы барлық халықаралық стандарттарға сай келетін құқықтық жүйені құрды. Сондықтан Қазақстандағы құқықтық және Конституциялық жүйенің құрылуы Елбасының есімімен тығыз байланысты. Кітаптың тұсаукесері құтты болсын, оқырманы көп болсын, – деді И.Рогов.
Бұл кітап Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де қызығушылық танытып отыр. Мәселен, халықаралық сарапшы, Грузияның Конституциялық Сотының бұрынғы төрағасы, Әділет министрі Георгий Папуашвили кітапқа жоғары баға берді.
– Грузияның Конституциялық Сотының төрағасы, кейін Еуропа кеңесі венециялық комиссиясының мүшесі лауазымдарын атқарып жүрген кезімде қызмет бабына байланысты халықаралық конференциялар мен кездесулерге жиі қатысып тұрдым. 2017 жылы венециялық комиссиясының мүшесі ретінде Қазақстан Конституциясын реформалау жұмысына сарапшы ретінде қатысып, Үкімет пен Парламент Сенатына және Мәжіліске ауқымды құзырет беру, Сот билігін жетілдіру, Конституциялық Кеңестің рөлі мәселелері қаралған еді. Сол кезде венециялық комиссия Қазақстан Конституциясын реформалау жұмысына өте жоғары баға берді. Себебі реформа кезінде жасалған әр қадам, қабылданған әр шешім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің жемісі екені айқын аңғарылып тұрды, – деді Г.Папуашвили.
Таныстырылмда өз ойын Конституциялық кеңестің мүшесі Виктор Малиновский де білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан Конституцияның әзірленуі мен қолданысқа енуіндегі шешуші рөл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.
Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен көшбасшылық қасиетінінің арқасында Қазақстанда конституциялық үрдісті жүзеге асыра алатын жүйелі жұмыс қалыптасты. Республикалық референдумда Қазақстан Конституциясының қабылдануы арқылы Елбасы халқымызды түрлі келеңсіздіктен қорғай алатын тағдыршешті шешім жасады. Тұңғыш Президентіміз өзінің шешімдері мен бастамалары арқылы Қазақстаның Конституциясына деген адалдығы мен жанашырлығын танытып келеді, деді В.Малиновский.
Таныстырылымға қатысушылар Тұңғыш Президенттің қызметі қазақстандық конституционализмнің барлық құрамдас институттарында ерекше маңызға ие деген ортақ пікірге келді. Яғни Елбасының ұстанған Стратегиясы Қазақстанды демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде бекітуге бағытталған.
Көпшілік оқырман бұл еңбекпен еліміздің кітапханаларында, сондай-ақ Конституциялық Кеңес және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ресми сайттарында таныса алады.