Спорт • 02 Шілде, 2020

«Qazsport» отандық футболды көрсетеді

301 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) және «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионатының барлық ойынын «Qazsport» телеарнасында көрсетуге уағдаласты.

«Qazsport» отандық футболды көрсетеді

Осылайша телеарнаның тікелей эфирінде әр турдың бірнеше ойынын көрсету жоспарланған. Ал тікелей эфирге шықпаған кездесулерді live режімінде qazsporttv.kz сайтын­да және Qazaqstan.tv мобильді қосым­шасы арқылы көруге болады, кейін бұл ойындар телеарна эфирінде қай­та­­ланады.

Бұдан бөлек, жанкүйерлер «Qazsport» телеарнасында Чемпио­нат­­тың әр туры аяқталғаннан кейін тіке­лей эфирде қазақстандық футбол туралы сараптамалық ток-шоу кө­ре алады.

«Qazsport» телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков отандық футболды көрсетудің алдағы жос­пар­ларын айтты:

– «Qazsport» арнасының туған күні қарсаңында OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпио­на­тының барлық ойындары біздің телеарнаның тікелей эфирінде көрсетілетінін хабарлау – біз үшін қуаныш. Бұл біріншіден, еліміздегі көптеген футбол жанкүйерлерінің сұранысы, тілегі негізінде қолға алын­са, екін­шіден әлемдік пандемия кезінде стадиондарға барып қол­­дау көрсете алмайтын барша спорт­сүйер қауымға үлкен сый деп бі­леміз. Егер турдағы кездесулер бір уақытта өтіп немесе ойындар кезінде тікелей эфирде үлкен халықаралық іс-шара көрсетіліп жатса, футбол ойындарының көрсетілімі ресми интернет-сайтта жүргізілетін болады. Сонымен қатар біз алдағы турдан бастап, барлық ойындар аяқ­талғаннан кейін тікелей эфирде футболсүйер қауым назарына са­раптамалық бағдарлама ұсынамыз. Спорт жанкүйерлерін алдағы уақыт­та сапалы және сұранысқа сай контентпен қуантамыз деген ойдамын, – дейді ол.

 

Соңғы жаңалықтар