Басылым нұсқасы бойынша Головкин мен Альварестің бәсекелестігі рейтингтің 91-орнына орналасқан. Орта салмақтағы екі үздік боксшының текетіресі ұзақ уақыт жарнамаланып, 2017 жылдың қыркүйегінде басталды. Бірінші айқасқа дейін отандасымыз кәсіпқой шаршы алаңда 37 жекпе-жек өткізіп, оның 33-ін нокаутпен аяқтаған еді. Ал «Канело» Флойд Мейвезерден жеңілгеніне қарамастан, сол кезде спортта енді жұлдызы жана бастаған-ды.
Екі боксшының бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан текетіресіне алғашқы екі жекпе-жек себеп болды деп айта аламыз. 2017 жылы ұйымдастырылған бірінші кездесуде Головкин мексикалық қарсыласынан 12 раундтың 10-ында басым түскенімен, төрешілердің шешімімен айқас тең аяқталды. Бір жылдан кейін матч-реванш болып, бұл жолы Альварес жеңіске жетті. Жекпе-жектің әділ өтпегеніне наразы болған жанкүйерлер екі боксшының үшінші рет жұдырықтасқанын қалайды. Қазіргі таңда тараптар үшінші жекпе-жектің қашан өтетінін талқылап жатыр.