Келіссөздер барысында қатысушылар COVID-19 індетіне қарсы күрес жөніндегі өзара іс-қимылға жоғары баға берді, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде халықаралық және өңірлік құрылымдар (БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК) аясындағы ықпалдастықты нығайтуға келісті.
"Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясатын "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасымен одан әрі байланыстыру, саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру, екі ел арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мүмкіндігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар ағымдағы жылы бірлескен комиссиялар мен ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің кіші комитеттерінің кезекті отырыстарын онлайн режимінде өткізуге келісті.
Келіссөздер нәтижесінде дипломаттар ҚР мен ҚХР арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін тағы да растады.