Қоғам • 03 Шілде, 2020

Өндірісте арақашықтықты сақтау аса маңызды

394 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жер-жаһанға жайылған жұқпалы дерт Өскеменде де өршіп тұр. Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 11 шілдеге дейін карантин шаралары күшейтілген болатын. Алайда шаһарда инфекцияға шалдыққандар күн сайын анықталуда.

Өндірісте арақашықтықты  сақтау аса маңызды

Карантиннің күшейтілуіне 24 мау­сым күні вирус жұқтырғандар саны 25,4%-ға, ал апта көлемінде 16,6%-ға артқаны себеп болды. Қаулыға сәйкес, 27 маусымнан бастап көлік қозғалысы шектеліп, тұрғындар тек рұқсаттама арқылы көшеге шығуда. Қоғамдық көліктер жұмыс күндері 50%-ға қысқартылса, демалыс пен мереке күндерінде мүлде жүрмеуде. Бірақ бұл коронавирус кеселіне қан­шалықты тосқауыл бола алды? Өкінішке қарай, бойында қауіпті дерт табылып, ауруханаларға түсіп жатқан науқастар әлі де баршылық. Жұрттың көбі қоғамдық орындарда маска кимей, әлеуметтік қашықтықты сақтамай, респираторлық аурудың белгілері пайда болған кезде бірден медицина қызметкеріне хабарласпайды екен. Облыс бойынша COVID-19 жұқтырғандардың өсу қарқыны өткен аптада 8%-ға жеткен. Ал Өскеменде бұл көрсеткіш аймақтық деңгейден жоғары, яғни 9,9% құрап отыр.

Облыстың бас пульмонолог дәрігері Зағрипа Әбдиеваның айтуынша, қазіргі уақытта Өскемендегі Абай және Шә­кәрім даңғылдарында орналасқан стационарлар 80-90%-ға толып кеткен. Осыған орай, 29 маусымда қосымша 50 орындық госпиталь жұмысын бастады.

«Барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген сол медициналық мекемеде 50 науқасты қабылдай аламыз. Ешқандай симптом байқалмаған немесе жеңіл формада ауырған пациенттер үй карантиніне оқшаулануда. Ал орташа және ауыр деңгейдегі науқастар стационарларға жатқызылуда. Аймақ халқын сабыр сақтап, дүрбелеңге салынбауға шақырамын. Егер сізде жұқпалы дерттің қандай да бір бел­гілері байқалса, өз бетіңізбен емделу жолдарын іздемей, мекенжайыңыз бойын­ша отбасылық амбулаторияға хабарласыңыз. Әр амбулаторияда арнайы мамандар әзірленген. Олар үйіңізге келіп, сізден COVID-19-ға сынама алып, ұдайы бақылау жүргізеді. Егер вирус анықталып жатса, тиісті шаралар қабылданады», дейді ол.

Өндіріс орындарында санитарлық талаптардың қаншалықты сақталғанын білу үшін KAZ Minerals тобы корпо­ративтік департаментінің менеджері Ермек Дүзкеновке хабарласып көрген едік. Мыс өндіретін ірі компанияда бақылау-өткізу режімі барынша кү­шейтілген.

«Біз барлық алдын алу шараларын қабылдауға тырыстық. Бөгде адамдар кәсіпорын аумағына жіберілмейді, қыз­мет­керлердің дене қызуы өл­шеніп, маска кию режімі қатаң сақ­талуда. Іссапарлар қысқартылып, кәсіпорындарға аса бір қажеттіліксіз баруға тыйым салынған. Әр рейстен кейін қызметтік автокөліктер дезинфекцияланады», дейді компания өкілі.

Оның сөзінше, компания цехта­рының бірінде медициналық маскалар тігілуде. Жұмысшыларға түгелдей мас­калар және FFP2 өнеркәсіптік респираторлар берілген.

«Арнайы оқу-жаттығулар да өткі­зілуде. Нақты айтсақ, жұмысшылар арасында COVID-19 белгілері анықталған кездегі іс-әрекеттер пысықталуда. Әрбір кәсіпорында және кеңселерде инфекция жұқтырған қызметкерлер анықталса, уақытша орналастыруға арналған үй-жайлар белгіленді. Еңбекті қорғау қызметінің, денсаулық сақтау пункттерінің мамандары мен тікелей басшылар қажет болған жағдайда қалай әрекет ету керектігін біледі. Дема­лыстардан, іссапарлардан, ауруханадан оралған барлық жұмысшылар және компания аумағында жұмыс істейтін мердігерлер ПТР-тестілеуінен өт­кі­зіледі. Алматы, Нұр-Сұлтан жә­не Өскемен қалаларындағы кеңсе қыз­меткерлері қашықтан еңбек ету­де. Өндірістік кәсіпорындарда да үйден жұмыс істей алатындар осындай форматқа көшті. Ақтоғай мен Бозшакөл сияқты вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындарда қыз­меткерлердің денсаулығына қауіп төндірмес үшін ұзартылған вахталар енгізілді. Бұл кәсіпорындарға ауысыммен келетін қызметкерлер бірнеше жедел және ПТР-тест тапсырып, 7 күндік оқшаулаудан өтіп қана кен орындарының аумағына кіріп, жұмысқа кірісе алады», дейді Ермек Дүзкенов.

Қауіпті дертке шалдықпас үшін әлеуметтік қашықтықты сақтау қа­жет­тілігі жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Осы ретте «Өндіріс ошақ­тарында бұл талап қаншалықты сақталуда?» деген заңды сұрақ туады. Бұған департамент менеджері былай деп жауап берді:

«Әрине, өндірістік кәсіпорында әлеуметтік қашықтықты сақтау өте қиын. Дегенмен әріптестерімізге бұл сақтық шарасын жіті түсіндіріп, мүмкіндігінше бекітілген арақа­шық­тықты сақтау қа­жет­тігін айтудамыз. Тіпті компанияда қол алысып, амандасуды тоқтаттық. Жи­на­лыс­тардан, мәжілістерден түбегейлі бас тартылды. Барлық ғимараттар мен кеңселерде санитарлық өңдеуді бірнеше есе арттырдық. Адамдар көп­теп жиналатын орындарға бактерияларды жоятын шамдарды орнатып, антисептиктер қойдық. Жеке гигиена туралы да үнемі айтып келеміз» дейді.

 

ӨСКЕМЕН