Туризм • 03 Шілде, 2020

«Джип-сафари expedition»

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында өңірлік туризмді дамыту үшін бірқатар жобалар қолға алынуда. Әсіресе аймақтың тарихын таныту, киелі жерлерді насихаттау бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі болып отыр.

«Джип-сафари expedition»

Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылдық округіне қарасты Әбжапар елді мекеніндегі тау бөктерінде орналасқан «Тау қымыз» сауықтыру орталығында «Джип-сафари expedition» жобасының ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен қатар спорт саңлақтары, эстрада әншілері мен белгілі журналис­тер де қатысты.

Қазіргі кезде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан 5 тарихи нысан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген. Сонымен қатар ерекше қорғалатын 6 мемлекеттік аймақ пен 37 негізгі туристік нысан да өңірге саяхаттап келушілер үшін де қажет дүниелер. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев келушілерге Әулиеата аймағының бай тарихы, мазмұнды шежіресі туралы айта келіп, ішкі және сыртқы туризмді дамыту туралы өзінің ойын ортаға салды. «Джип-сафари expedition» жобасының мақсаты да келуші туристерді өңірдің тарихымен таныстыра отырып, отандық туризмді дамытуға үлес қосу болып отыр. Әулиеата аймағының туристік әлеуетін одан әрі дамытуды мақсат еткен жоба жоғары деңгейде өтті. Аңыз бойынша Домалақ ененің өрмек құрған жері деп саналатын Топағаштан басталған жол талғамайтын көліктердің жарысы Сұмқайтты жазығына дейін жалғасты. Сұмқайтты жазығының да Әбілхайыр хан есімімен байланысты жер екендігі, жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтың талай батырлары ерлік көрсеткен топырақ екендігі тарихи деректерде жиі айтылады. Сондай-ақ аталған жоба аясында Сұмқайтты даласының Арғынкөл жерінде ат спорты ойындары ұйымдастырылды. Аталған шара барысында карантин талаптары толығымен сақталып, қатысушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

 

Жамбыл облысы