09 Сәуір, 2010

ҚАУІПСІЗДІК ТЕТІГІН НЫҒАЙТУ ЖОЛЫНДА

619 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Сәрсенбі күні Санкт-Петербургте ТМД-ға мүше мемлекеттер және Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Парламентаралық Ассамблеялары, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы ұйымдастырған іс-шараларға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған делегация қатысты. Бұл күнгі маңызды шаралар ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының 34-ші пленарлық отырысы жұмы­сы­мен басталды. Жиын барысында Достастық елдеріне ортақ мүддені көздеген өзекті мәселелер қаралды. Мәселен, Ұлы Отан соғысына қа­тыс­қан ардагерлер мен тыл еңбек­керлерін әлеуметтік-құқықтық жа­ғынан қорғау, “ТМД мемлекет­теріндегі интеллектуалды меншік туралы” кодекс пен “Электронды мем­лекеттік қызмет туралы” заң жобасы, жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі аймақтық ұйымдарға ортақ қағидаттарды белгілеу се­кіл­ді мәселелер көптің қызығушы­лы­ғын туғызды. Бір айта кетерлігі – аталған жиын барысында Орал Мұхамед­жанов Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың 2009 жылдың 4 желтоқсанындағы Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қыз­меті, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ТМД-ға қаты­су­шы елдер Парламентаралық Ас­сам­блеясы Кеңесінің Бас хатшысы Михаил Кротовты екінші дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады. Отырыс соңында бір топ Пар­ла­мент Мәжі­лісі депутаттары мен Парламент Мәжілісінің өкілдері ТМД-ға мүше мемлекеттер Парла­мент­аралық Ассам­блеясының “Дос­тастық” орденімен, Еуразия­лық экономи­ка­лық қоғамдастығы Парламентара­лық Ассамблеясының және ТМД елдері Парламент­ара­лық Ассамблея­сы Кеңесінің Құр­мет грамота­ларымен марапатталды. Бұл күні Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге қолдау-кө­мек көрсету, Жеңістің 65 жыл­ды­ғын жоғары деңгейде өткізу, ал ең бастысы – келер ұрпақ үшін май­дан­герлердің ерен ерлігін есте сақтау секілді көкейкесті мәселелер 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан со­ғысы мен Жеңістің 65 жыл­дығына арналған халықаралық пар­ламенттік конференция кезінде кеңінен әңгімеленді. Аталған конференцияны ашқан Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы Фе­де­ра­ция Кеңе­сі­нің төрағасы Сер­гей Миро­нов Ресей Пре­зи­денті Дми­трий Мед­ве­девтің жиын­ға қатысу­шыларға жолдаған құт­тықтау хатын оқып берді. Конференция барысында сөз ал­ған Кеңес Одағының Батыры, Санкт-Петербург қаласы мен Ле­нин­град облысындағы аймақаралық қоғамдық бірлестігі кеңесінің құрметті төрағасы Иван Клочков күрделі кезеңге шолу жасады. “Кеңес өкіметі азаматы өзінің па­рызын толығымен орындап шықты. Сондықтан мұндай жанқиярлық ерлік көптің есінде мәңгі қалуы тиіс”, деді ол. Украина Жоғарғы Радасының төрағасы Владимир Литвин: “Тұтас бір халыққа, оның дамуына әсер ететін тарихи оқиғалар болады. Олар өз маңыздылығымен және өзіне тән қағидаттарымен өлше­не­ді. Мұны Ұлы Отан соғысына қа­рата айтуға болады”, деді кон­фе­ренцияда сөйлеген сөзінде. Қазақстан Парламенті Мәжі­лі­сінің Төрағасы Орал Мұхамед­жа­нов Ұлы Отан соғысының пост­ке­ңестік елдерді тұтастай қамтыға­нын, сол арқылы жалпы адамзат та­рихында айрықша орын алған­дығын атап өтті. “Кеңес Одағы со­ғыстан ең көп зардап шекті. Орыс халқының иығына батпандай күш түсті. Алайда, оның маңына өзге де ұлттар ұйысып, шоғырланды. Сол себепті, бұл біздің ортақ тарихы­мыз, ортақ қасіретіміз, ортақ мақ­танышымыз және ортақ жеңісіміз. Сол үшін де мұны есте сақтап, сол бірлігіміз бен тұтастығымызды ке­лер ұрпаққа аманаттап жеткізуіміз қажет”, деді Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы. Конференция кезіндегі сөзінде Орал Мұхамеджанов сондай-ақ Парламентаралық Ассамблея құры­лымының нығая түскендігін, бұл ТМД елдеріндегі күрмеулі түйінді тарқатуға сеп болатындығын жет­кізді. Оның айтуынша, кез келген қиындыққа күш біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болады. “Сіздер биылғы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету миссия­сы­на кіріскенін білесіздер. Біз өз мис­сиямызды атқару кезінде аймақтық және ғаламдық қауіпсіздіктің тиімді тетігін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлетін боламыз. Біздің бұл бастамаларымыз халықаралық қоғамдастық тарапынан да қолдау табады деген ойдамыз”, деді Орал Байғонысұлы. Жеңістің 65 жылдығына ар­нал­ған халықаралық парламенттік конференция Таврия сарайында орналасқан көрмемен толықты­рылды. Қазақстандық делегация өкілдері сондай-ақ сапар аясында қазақтың біртуар тұлғасы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне аялдап, гүл шоқтарын қойды. Бұл күнгі маңызды шаралардың бірі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының тұсауке­се­ріне қатысты болды. “Алғашқы рет посткеңестік кеңістікте орна­ласқан ел 56 мемлекеттің басын біріктіретін, Ванкувер мен Вла­ди­восток арасындағы ұлан-асыр аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін басты тетікке айналдырған беделді халықаралық Ұйымға төрағалық етуде. Қазіргі таңда біз елеулі өз­ге­рістердің қуәгері болып отырмыз. Әлем қалай, қай жаққа қарай өзгереді, бұл өзгерістердің қарқыны қай деңгейде болады деген сауал­дармен де бетпе-бет келудеміз”, деді еліміз Парламенті Мәжілісінің Төр­ағасы тұсаукесерде сөйлеген сө­зінде. Ол сондай-ақ Ұйымға төр­ағалық ету кезінде Қазақстанның 4 қағидатты негізге алғандығын, бұл қағидаттар ЕҚЫҰ аясындағы ең ма­ңызды мәселелерді оңтайлан­ды­руға сеп­тесуі тиістігін атап көрсетті. “Біздің көзқарасымыз бойынша, Ұйым саммиті ЕҚЫҰ-ның 35 жыл­дығы мен жаңа Еуропа үшін Париж Хар­тиясының қабылданға­ны­на 20 жыл толуына, сондай-ақ, екінші дүние­жүзілік соғыстың аяқталуының 65 жылдығына орай ұйымдастырылса, өзінің тиімді­лі­гі­мен ерекшеленетіні даусыз. Биыл­ғы жылдың қазан айында Ха­лық­аралық Парламенттік Ассамблея­ның қолдауымен Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына байланыс­ты Санкт-Петербург қа­ласында халықаралық парламенттік кон­ференция ұйымдастырылатын болды”, деді О. Мұхамеджанов. Осы күні кешкісін Қазақстан Пар­ламенті Мәжілісінің Төрағасы Украина Жоғарғы Радасының төр­ағасы Владимир Литвинмен кез­де­сіп, екіжақты ынтымақтастық мә­се­лелері, оның ішінде парламент­ара­лық байланысты нығайту жөнінде ой бөлісті. Кеше ТМД-ға мүше мемлекет­тер Парламентаралық Ассамблея­сының өкілдері “Пискарев” мемориал­ды бейіт кешеніне барды. Онда 1941-1945 жылдары өз Ота­нын жаудан азат ету­де жанқиярлық ерлік көрсеткен 460 мыңға тарта Кеңес Одағының әске­рилері мен азаматтары жерленген. Де­легация өкілдері шейіт болғандардың құрметіне 1 минөт үнсіздік жария­лап, гүл шоқтарын қойды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ – Санкт-Петербургтен.