ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сәрсенбіде елімізге ресми сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Бұл кездесу Астанада ауа райының күрт бұзылуынан Бас хатшының ұшағы Қарағанды қаласына қонуына байланысты бір күнге кешіктірілгенін айта кетейік.
Қанат Саудабаев 1991 жылдың 29 тамызында Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигонының жабылуы ядролық қарусыз әлем ұстанымына жол салғандығын атап көрсетті. Осы ретте Қ.Саудабаев БҰҰ Бас хатшысының әлем халқын бейбітшілікке шақырған үндеуі, “ядросыз бейбіт өмірге балама жоқ” деген пайымы оның Бас хатшы ретіндегі ядролық қаруды таратпау және оның қаупін сейілту жөніндегі нық ұстанымын көрсететінін ерекше атады. “Сіздің барлық қадамдарыңыз Президент Н.Назарбаевтың іс-әрекеттерімен және ұстанымымен астасып жатқаны біздер, қазақстандықтар үшін өте жағымды”, деді Қанат Бекмырзаұлы. Және де бүгінгі таңда БҰҰ Қазақстанның көптеген бастамаларына қолдау білдіріп келе жатқанын айтты. Семей полигонының жабылған 1991 жылғы 29 тамызы ядролық сынаққа қарсы күрес күні болып қабылдануы да Пан Ги Мун есімімен тікелей байланысты екені аталды.
Өз кезегінде мәртебелі мейман дәстүрі мен тарихы тереңде жатқан Қазақстанға, әсіресе, Семей өңіріне жасаған сапарынан алған мол әсеріне ризашылығын білдірді. Бұл сапар Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуылдау қаруларын (СШҚ) жою туралы бұрын қол қойылған келісімнің заңды жалғасы болып табылатын жаңа келісімге қол қою рәсімінің алдында өтуде. Оның үстіне, келесі аптада Нью-Йорк қаласында Президент Н.Назарбаев қатысады деп күтілген ядролық қарусыздануға байланысты жоғары деңгейдегі үлкен саммит өтпекші.
БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан мен оның басшысының әлемді ядролық қауіптен ада ету бастамаларына қосқан сүбелі үлестеріне ерекше тоқталды. Бұдан кейінгі әңгіме БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты арттыру жайында жалғасын тапты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.