Бейнеклипте елімізге танымал өнерпаздар Жетісудың әсем жерлерінде Нұрғиса Тілендиевтің күйін нақышына келтіре орындаған. Айта кетерлігі, ұйымдастырушылар бейнебаян түсіруге еліміздегі танымал күйші-сазгерлерді шақырыпты.
Мәселен, күйші, "Ұлытау" тобының экс-солисі - Ержан Есіркепұлы, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік Филармониясының солисі, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Нұркен Әшіров, Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы, күйші, сазгер - Рүстем Наурызов, әнші, сазгер - Ұшқын Жамалбекті де бейнебаяннан байқауға болады.
"Аталмыш жоба төл өнерімізді насихаттаудағы бірегей бастама. Жетісу жерінің дарабозы, атақты күйші Нұрғиса Тілендиевтің рухына тағзым, ұлтымыздың ұлттық аспабы - қасиетті домбыраға деген тағзым", - дейді Алматы облысы жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Қаратас.